«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӨБЕРЕ СҮЙГЕН ӘЖЕЙ енді шөпшек сүйсем дейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шолпан Қасенова (суретте) – 10 баланың анасы. 20 немере, 4 шөбере сүйіп отырған ардақты ана 2010 жылы “Алтын алқамен” марапатталды. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазіргі Аққайың ауданының тумасы Шолпан Ерденбайқызының облыс орталығына көшіп келгеніне бірер жылдың жүзі болды. Қала сыртындағы Заречная көшесінде тұратын оны үйінің алдында көршісімен әңгіме-дүкен құрып отырған кезінде кездестірдік. Бұрынғы өткен уақытты еске алып отыр екен. Жұбайы Орынбасар Қасенов екеуі бұрынғы Совет ауданының Үлгі ауылында өмір сүріп, сондағы кеңшарда қызмет еткен. Өмірлік серігі саналы өмірінде тракторшы болып, көктемде дән егіп, күзде оны орып, өңірдің ауыл шаруашылық саласына өмірінің 43 жылын арнаған. Шолпан әже де кеңшарда өзге ауылдастары сыңайлы күні-түні жұмыс істеген. “Қазіргідей ол кезде декреттік демалыс деген жоқ. Нәрестемізге 5-6 ай тола салысымен, жұмысқа шығатынбыз”, – десті көрші әжелер. “Жұмыстың ауыр не жеңілі болмайды. Қара суық кездерде қара жұмыс істеп жүрген кездеріміз болды”, деп өткенді бір еске алды олар.  

1939 жылы дүниеге келген ардақты ана Ұлы Отан соғысының зардабын тартып, жоқшылық пен таршылықты көріп өсті. Әке-шешесінің тұңғышы болды. Одан кейін туған 9 баланың барлығы да шетінеп кеткен екен. Бала кезінен жалғыз өскен ол бойжеткен шағында шаңырақ көтеріп, үйін балаға толтыруды армандады. Шолпан Ерденбайқызының арманы орындалды. Шөбере сүю бақытына бөленген әжейдің ендігі арманы – шөпшек сүю.  

Ержетіп, өз отбасыларын құрған балалары әртүрлі қызметте істейді. Қыздары тұрмысқа шығып, өз балаларын мәпелеп отыр. Бала тәрбиесіне келгенде Шолпан әжейдің ақыл-кеңесі алтынға бергісіз. Келіндерін өз қызындай көретін ол немерелерін өсіруде де еңбегін сіңірді. Ең үлкен немересі биыл 28 жасқа толып, Санкт-Петербургтегі әскери академияға оқуға қабылданды. Мемлекетін ар-ожданымен қорғауға ант қабылдаған немересінің әр қадамына қуанып отыратын әжей бүгінгі тәй-тәй басқан 4 бірдей шөбересінің де болашағы баянды болатындығына сенімді.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp