«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ 2 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде көпбалалы отбасылар күн санап көбейіп келеді. Биылғы жылдың қыркүйек айына дейінгі мәлімет бойынша өңірімізде 4 және одан да көп балалары бар отбасылар саны 2 мыңнан асып отыр.

Бұдан бірнеше жыл бұрын 5 баласы бар отбасы көпбалалы болып саналды. Заман өзгерді. Отбасында екі немесе бір баладан тәрбиелеп отырған ата-аналар жетерлік. Десе де, перзенттерінің көп болуын қалайтын ата-аналар да жоқ емес. Қазіргі таңда отбасында 4 бала тәрбиеленіп отырса, көпбалалы деп айтылады. “Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы” РМҚК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының берген мәліметінше, өңірімізде 4 перзент сүйіп отырған көпбалалы отбасылар саны 1848-ді құраса, 5 баласы барлар – 254, ал 6 бала 44 отбасында тәрбиеленіп отыр екен. Облыс бойынша 3 отбасында 7 перзенттен болса, 8 және одан да көп балалары бар шаңырақ иелері – екеу.

Алтын құрсақ аналар өңірімізде 5 мыңнан астам. 10 немесе одан да көп бала тәрбиелеп өсіріп, алтыннан алқа тағынған аналар саны бүгінгі таңда 1855 адамды құрап отыр. “Күміс алқа” иегерлері одан да көп. Олардың саны 2675-ке жетті. Ал 1 және 2 дәрежелі “Ана даңқы” орденінің иегерлері 658 болса, “Ардақты ана” атанғандар 536 адамды құрайды.

Қалалық Әділет басқармасының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің берген мәліметіне сүйенер болсақ, биылғы жылы 700-ден астам жас жұбайлар некелерін қиған екен. “Үйлену оңай, үй болу қиын” демекші, үбірлі-шүбірлі болам деп ниет еткендерден гөрі шаңырағы шайқалған отбасылар тізімі әлдеқайда көп болып шықты. Соңғы дерек бойынша облысымызда ажырасқан отбасылар саны 1620-ны құрап отыр.

(Өз тілшімізден).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp