«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРДА ДА, ҚЫРМАНДА ДА ҚЫЗДЫ НАУҚАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл-Қостанай тас жолының бойында, Чириковка ауылының қарсы жақ бетіндегі егін алқабында “қыр кемелері” еңбек көрігін қыздырып-ақ жатыр. Бұл ауа райының қолайлы сәттерін ұтымды пайдаланып қалу үшін қолда бар техникалардың барлығын маңдай термен өнген өнімді ысырапсыз жинап алуға жұмылдырып жатқан Есіл ауданындағы Серік Жәнапинов басқаратын “Заречный” ЖШС екен. Серіктестіктің бас агрономы Дулат Зәкірияновты осы жерде жолықтырдық.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Қыркүйек басталғалы күн ашық болып тұр. Осындай сәтті бос жібермеуге күш салып жатырмыз. Өнген астықты дестелеуде 3 тіркемелі “Донмар” жаткасы мен кеңалымды жаткасы бар 3 комбайн жүр. “Вектор-410”, “Дон-1500”, “Енисей” сияқты 10 комбайн астық бастыруға жұмылдырылған. 3 “КамАЗ” және “МТЗ-82” тракторы тіркемелі қораппен астық тасымалдайды. Әзірше қырманмен арақашықтық 3-4 шақырымнан аспайды. Сондықтан тасымалдайтын көлік жеткілікті деп есептейміз. Бүгін шық қалың түсті, соған орай комбайндар астық бастыруға кештеу кірісті, – дейді Дулат Еркінұлы. Бас агрономның айтуына қарағанда, серіктестік соңғы жылдары машина-трактор паркін канадалық 2 “Бюллер” себу кешенімен, “Вектор-410”, “Дон-1500” сияқты заманауи комбайндармен және кеңалымды жаткалармен толықтырған. Агроқұрылым 9 мың гектардай егістік алқапқа иелік етеді. Соның 7150 гектарына өңірімізде аудандастырылып, тиімділігімен жақсы бағаланатын бидайдың “Омбы-35”, “Омбы-36”, “Астана” сұрыптарын, 750 гектарға арпаның “Кедр”, “Ақмола” сұрыптарын егіпті. Сұлы алқабы 100 гектарды құрайды. Оны ысырапсыз жинап алыпты.  

– Мына алқапқа бидайды ерте еккен едік. Ылғал кеш түсті. Сондықтан гектар берекелілігі бұл күндері 11-12 центнерді ғана құрауда. Өнімді алқаптарымыз әлі алда. Бір жарым мың гектар парға егілген бидайға да әлі шалғы сала қойған жоқпыз. Шамамен егістік алқаптарымыздан орта есеппен 15-16 центнерден өнім аламыз ба деген жоспарымыз бар. Ол ауа райына байланысты. Екі ауысымда жұмыс істеу, техникалардың тұрып қалуын болдырмау, механизаторлардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасау сияқты шаралар өз қолымыздан келеді, – дейді Дулат Зәкіриянов.

Айтса айтқандай, Ерлан Аманқұлов, Берік Сүндетов, Мұқтар Зәбенов, Виктор Шитов сынды тәжірибелі механизаторлар орақ науқаны басталғалы 200-250 тоннадан астық бастырып үлгеріпті. Соған орай еңбеккерлер табысы да еселене түспек. Геннадий Муравьев, Иван Мурзин, Алексей Осипов сынды жүргізушілер комбайндардың кідіріссіз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасауда.

Агроқұрылымның механикалық қырманы ауылға кіреберістегі оң қапталда орналасқан. Онда астық тазалайтын 3 “ЗАВ-40” қондырғысы орналасқан. Төрт астық қоймасы 6 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік береді.

– Биыл жоспар бойынша 1400 тоннадай тұқымдық астық құйып алуға тиіспіз. Ол негізінен парға егілген алқаптардан алынады. Өзімізді қажетті тұқыммен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз толығымен жетеді. Қырманда 20 адам екі ауысыммен жұмыс істейді. Техника мен адам күші жеткілікті, – дейді механикалық қырманның меңгерушісі Бектемір Құрымбаев.

Кеңшар кезінде балабақша болған ғимараттың екінші қабатында серіктестіктің әкімшілік кеңсесі орналасқан екен. Асхана да осында. Көктемгі-күзгі дала жұмыстары кезінде серіктестіктің 80 жұмысшысын сапалы да құнарлы тамақпен қамтамасыз ету үшін дәмхана қажетті құрал-саймандармен жабдықталған, Еуропа үлгісінде күрделі жөндеуден өткізілген. Аталмыш асхананы етпен қамтамасыз ету үшін шаруашылық мал да ұстайтын көрінеді.

– Серіктестік басшысы техникаларымызға қажетті қосалқы бөлшектер әкелу үшін облыс орталығына кетті. Егістік алқабымыз жеткілікті. Алдағы уақытта Елбасының егіншілікті әртараптандыру туралы тапсырмасына орай майлы дақылдар егуді қолға алмақпыз. Ал бүгінгі күнгі басты мақсат – егістік алқаптардағы астықты шашпай-төкпей жинап алу, – дейді серіктестіктің бас агрономы.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Б. Құрымбаев пен Д. Зәкіриянов.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp