«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОТБАСЫ – ӨМІР САБАҚТАСТЫҒЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні Мағжан Жұмабаев ауданының Мәдениет үйінде аудан әкімі Қайрат Пішенбаевтың қатысуымен Отбасы күні салтанатты түрде атап өтілді. “Отбасы – өмір сабақтастығы” атты ток-шоу форматында ұйымдастырылған бұл шараға ауданымыздың кеше ғана шаңырақ көтерген жас отау иелерінен бастап, өмірдің ащы-тұщысын алпыс жыл бойы бір шаңырақ астында бірге бөлісіп келе жатқан үлгілі де өнегелі отбасылар шақырылып, бай өмір тәжірибелерімен бөлісті. 

Шараның салтанатты ашылуында сөз алған Қайрат Сәкенұлы мағжандықтарды Отбасы күнімен құттықтай отыра, әр адам баласы үшін отбасының мәні мен маңызын атап өтті. Ол Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ мерзімдік “Қазақстан – 2050” Cтратегиясында ана мен баланы қорғау біздің мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аудан әкімі ауданда осы бағытта атқарылып отырған игі істерге тоқтала келе, болашақта да аудан әкімдігі тарапынан көмекке мұқтаж отбасылар мен жас отауларға қолдан келген көмек барынша көрсетілетінін жеткізді. Қайрат Пішенбаев осы мереке күндері дүние есігін ашқан сәбидің ата-анасы Нина және Павел Цыплаковтарды сәбилі болу қуанышымен құттықтап, балаларының бауының берік болуын тіледі.

Одан әрі жүргізушілер Назгүл Тұрғынбаева мен Оксана Гречко шараны бастап та кетті. Олар алдымен сахнаға жас отбасы Данияр мен Теңдік Шайкеновтарды шақырып, оларды шаңырақ көтерулерімен құттықтай отыра, “Үйлену оңай, үй болу қиын” деп қазақ айтқандай, бұл шешімге қалай келгендері мен болашаққа қойған жоспарлары, арман-мақсаттарымен бөлісе отыруларын сұрады. Кейін сахна төріне көтерілген Геннадий мен Наталья Дубовиктердің отбасы – бір шаңырақ астында өмірдің ащы-тұщысын алпыс жыл бойы бірге бөлісіп, немере, шөбере сүйіп отырған өнегелі отбасы. Отағасы Геннадий Федорович көп жылдар бойы ауданның білім бөлімін басқарса, зайыбы Наталья Васильевна – денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген жан. Олар әңгіме барысында көп жылдық отбасы бақытының сыры – ер мен әйел арасындағы өзара түсіністік, сыйластық пен бірінің-біріне деген сенімінің зор болуында екенін айтып, жас отбасыларға осы ұстанымдарға берік болуларын тіледі. Гауһар тойын тойлап отырған бұл отбасы құрметіне осыдан алпыс жыл бұрын орындалмаған Мендельсон маршы орындалды.  

Екі сағатқа жуық созылған шара барысында Мәдениет үйі сахнасына көтерілгендердің қатарында “бақытты отбасылар біріне-бірі ұқсас” дегендей, бірі көп бала өсіріп, тәрбиелеп отырса, бірі ауданнның әлеуметтік және мәдени дамуына үлкен үлес қосып отырғандар болды. Бұл күні өздерінің отбасы бақытымен бөліскендердің бірі – Чистовское ауылынан келген Амангелді мен Шәрипа Құсановтар. Амангелді Темірғалиұлы мен Шәрипа Әбілдәқызы жеті бала тәрбиелеп өсірген. Отағасы талай жылдары жауапты қызметтерді атқарса, зайыбы – жоғары білімі бола тұра, жас күніндегі агроном-ғалым болу туралы арманын көпбалалы ана болу бақытына айырбастаған “Алтын алқалы” асыл ана. Қазіргі күні осы өнегелі отбасыдан түлеп ұшқан балалардың үлкендері жоғары білім алып, еліміздің дамуы мен гүлденуі жолында жауапты қызметтер атқарып жүрсе, кішілері – мектеп оқушылары. Совет ауылынан келген төрт ұл және төрт қыз тәрбиелеп отырған мұғалімдер – Михаил және Валентина Деминдер, Сарытомар ауылының тұрғындары, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар, алты қыздың ата-анасы Қайрат пен Баян Жанбаевтар, жеті бала тәрбиелеп отырған Ерлан және Алмагүл Нөкебаевтардың отбасылары да кезекпен сахна төрінен көрінді.

Бұл күні өз отбасылары жайлы сырласқандардың қатарында майбалықтық ерлі-зайыпты мұғалімдер Олеся және Юрий Гаманколар, полиция қызметкерлері Станислав және Светлана Циттер, жас дәрігерлер мереке қарсаңында екінші рет ата-ана болу бақытына бөленіп отырған Нина және Павел Цыплаковтар, қарақоғалық теміржолшылар Александр және Наталья Райлелер, кәсіпкерлер Алена және Виктор Гульдер, ауыл шаруашылығымен айналысушылар Галина және Николай Савельевтер, мұғалімдер Татьяна және Денис Олоновтар болды.

Адам өмірінде кездесетін кейбір келеңсіздіктің бірі – толық емес отбасылар. Осындай қиындыққа мойымай, баласына қолынан келген бар жақсылықты жасап отырған жанның бірі – Виталий Ковяров. Виталий Владимирович – үш баланың әкесі. Үлкен екі ұлы үйлі-баранды, Астана қаласында еңбек етіп, өмір сүруде. Кіші ұлы мектеп жасында, жалғызбасты әке баласына анасының жоқтығын білдірмей, өмірін баласына саналы тәрбие беру жолына арнауда. Бұл мереке күні оған да құрмет көрсетілді.

Шара барысында өздерінің отбасы бақытымен бөліскен барлық отбасыларға аудан әкімі атынан бағалы сыйлықтар табыс етіліп, әсем ән мен күміс күйден шашу шашылды.

Медет БЕКІШЕВ,

қоғамдық тілші.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp