«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақ тілін конституциялық мәртебесіне жеткізу – азаматтық парызымыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кемел ОСПАНОВ,

облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы.

Адамзат тарихының ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей, қоғам мен мемлекет құрылымындағы күрделі құбылыс тіл мәселесі болып табылады. Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақта-луында шешуші рөл атқарады, оның рухани мәдениетінің бір бөлігі, сондықтан да тіл өзіне деген құрметті талап етеді.

“Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры” деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені, ана тілі мәселесі – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі 21 жыл ішінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тіл саясаты негізінде Солтүстік Қазақстан өңірінде жүйелі жұмыс жүргізілуде. “Өткенді білмей, болашақты болжай алмайсың”, демекші, өткенге көз жүгіртіп, саралайтын болсақ, талай іс атқарылғанына көзіміз жетеді. Оның нәтижесі біз бен сіздердің ортақ еңбегіміздің бағасы саналады.

Ел Президенті “Мемлекеттік тілді ең алдымен біздің балаларымыз білулері қажет”, – деген болатын. Елбасымыздың үміт етіп, сенім артқан балалары, тәуелсіз елдің ертеңі – жастар.

Сондықтан елімізде мемлекеттік тілді балабақшадан үйрету үрдісі басты жолға қойылып отыр. Бұл – көпұлтты Қазақстан Республикасында қазақ тілін жаппай қолданыс тіліне айналдырып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерудің қайнар көзі.

Біздің облысымызда қазақтілді оқу-тәрбие мекемелерінің саны жыл санап көбеюде, егер 2012 оқу жылы балабақшалар саны – 61, мектеп жанындағы шағын орталықтар саны – 477 болса, 2013 жылы – 63 балабақша, 488 шағын орталық жұмыс істейді.

1990-1991 оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ балаларының небары 30 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған болса, 2012-2013 оқу жылында бұл көрсеткіш 65,6 %-ға жетті.

Бүгінгі күні жалпы облыс бойынша 585 мектептің 146-сы – таза қазақ мектебі, 306-сы – орыс және 133-і аралас мектепті құрайды.

Облыс әкімдігінің 2011 жылғы №72 қаулысымен мектептерде қазақ тілінде оқытатын дайындық топтары мен бастауыш сыныптар санын көбейту жөнінде тапсырма берілген болатын.

Соның нәтижесінде 5-еуі аралас мектеп таза қазақ мектебіне ауысты және 13 орыс мектебінде қазақ сыныптары ашылды.

2015 жылға дейін 34 мектепте қазақ сыныптарын ашу жоспарланған.

Мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшыныс өңірімізді мекендеген өзге ұлттар өкілдерінің арасында да жылдан-жылға артып келеді. 2011-2012 оқу жылында қазақ мектептерінде қазақ тілінде білім алғандардың саны – 327 болса, 2012-2013 оқу жылы бұл көрсеткіш 344-ке жетті.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің негізінде қазақ, сондай-ақ орыс және ағылшын тілдерінің оқытушыларын даярлайтын Тіл және әдебиет институтының құрылуы – осы бағыттағы келесі бір маңызды қадам. Алғашқы жылы қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне өзге ұлттың 10 студенті оқуға түсті. Осы уақытқа дейін аяқтағаны – 22 өзге ұлт өкілі. Олардың қатарындағы Юлия Маркова, Ольга Лизун, Ирина Эрнст, Зоя Золотарева, Елена Косенкова және тағы басқалары облыстың әртүрлі әлеуметтік салаларында қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында қызмет атқаруда.

Қазіргі уақытта институт негізінде 2 студент оқуын жалғастырып жүр.

Елбасы 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу қажеттігін атап көрсетті. Мемлекеттік мәні зор маңызды мәселені шешуде басқарма жүйелі жұмыстар атқаруда. Нәтижесінде бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 45 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі көңілге қуаныш ұялатады.

Қазақ халқының ана тілі – қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде басымдылық берілетінін негіздеген Ата Заңымыз бен “Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы” және “Тілдерді қолдану мен дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаларға” сай қазақ тілі еліміздің бүкіл өңірінде, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі болуы тиіс.

Елбасымыздың Үкіметке берген тікелей тапсырмасына сәйкес жасалған 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған мемлекеттік бағдарламасындағы тапсырмалар мен міндеттерді орындау – әрбір мемлекеттік қызметшінің ғана емес, барша қазақстандықтардың да абзал парызы. 2005 жылы жалпы облыс бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі – 40%-ды, кіріс құжаттарының үлесі – 22%-ды құраса, ал 2013 жылдың І жартыжылдығында облыс бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттар үлесі – 97%-ды, кіріс құжаттар 74%-ды құрады.

Оның ішінде облыстық атқарушы органдарда құжат жүргізудің арасалмағы шығыс – 96%-ды, кіріс құжаттар 81 %-ды құрады.

Басқармада мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері туралы мәліметтер базасы тоқсан сайын толықтырылып, жаңартылып отырылады.

Облыстық Мемлекеттік тілді оқыту орталығының тарихы кеңейіп, уақыт санап жұмысы өрістей түсуде. Орталық арқылы 2011 жылы 68 топта – 1028 тыңдаушы, 2012 жылы 69 топта – 1065 тыңдаушы оқыса, 2013 жылы 124 топта – 2505 мемлекеттік қызметші және облыс тұрғындары мемлекеттік тілді оқыды. Оның ішінде 120 қазақ тобы және екі жыл қатарымен 3 топта – ағылшын, 1 топта – орыс тілдері.

Екі жылдық көрсеткішті салыстырғанда топ саны 55-ке көбейіп, қосымша 1440 тыңдаушыға мемлекеттік тілді тегін оқытуға мүмкіндік туды.

Қазақ тілін оқытудың талаптарын анықтайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарына сәйкес “Қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарлама” әзірленді. Осы бағдарлама негізінде біздің облыстың ерекшелігін ескере отыра, 128 сағатқа бейімделіп қарапайым А1, базалық А2, орта В1 деңгейімен күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар әзірленіп, сабақтар осы жоспарлар негізінде өтуде.

Орталықта 26 орынға арналған 2 мультимедиалық кабинет жабдықталған. Штат кестесіне сәйкес құрылым қызметкерлерінің саны – 24, оның ішінде әр аудан бойынша әдіскер – 12 бірлік.

Сонымен қатар, орталықта келісімшартпен 50 оқытушы жұмыс істейді. Олардың 1-і – филология ғылымының кандидаты, 6-уы – филология факультетінің магистранты, қалғандары – жоғары және бірінші санатты оқытушылар. Бүгінгі күні оқыту сапасын арттыру басты талапқа айналып отыр. Сондықтан әдіскерлер Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығына республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, біліктіліктерін шыңдап жүр.

Қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарламаның А1 қарапайым деңгейіне сәйкестендіріліп орталық оқытушылары Р.Әзімбаева мен Г.Темірбаеваның “Қарапайым қазақ тілі” оқулығы 250 данамен басылып шығарылды.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2011 жылғы 17 наурыздағы №72 қаулысында “Қазтест” негізінде білім деңгейін бақылаудың жыл сайынғы жүйесін енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру тапсырмасы берілді.

Екі жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері мемлекеттік тілді оқыту орталығы арқылы оқытылып жатқан тыңдаушыларын және Айыртау, Тайынша, Мамлют, Қызылжар, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның мемлекеттік қызметшілеріне “Қазтест” сынағын өткізді. Тестке 2142 адам қатысты және 117 тыңдаушы В1 сертификатына ие болды. 2013 жылы 6 мыңнан астам адам “Қазтест” сынағынан өтті.

Мемлекеттік тілді насихаттауда БАҚ рөлі айрықша. Жергілікті баспасөз беттерінде осы мақсатта жарық көрген мақалаларға ай сайын мониторинг жүргізіледі. Бүгінде көшті Ғ. Мүсірепов атындағы, М. Жұмабаев және Уәлиханов аудандары бастап келеді. Сондай-ақ жыл сайын үздік шығармашылық туындылардың байқауы ұйымдастырылады.

Үстіміздегі жылы басқарма мамандары “Қазақстан” Ұлттық телеарнасының “Тағылым” бағдарламасында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері Людмила Милютина, Денис Ершов, Екатерина Жукованың қатысуымен бірқатар хабар түсіруге көмек көрсетті.

Бүгінгі күні облыс орталығында 22 этномәдени бірлестік, аудандарда 80 этномәдени бірлестіктер құрылған. Облыста өзге ұлт өкілдерінің 860 баласы ана тілдерін үйренуде. Поляк, неміс ұлтының өкілдері шоғырланып тұратын елді мекендердегі 17 мектепте поляк, неміс тілдері ана тілі ретінде оқытылады. Ал Петропавл қаласының №17 Ұлттық жаңару мектеп-кешенінде 213 тыңдаушыға 9 сынып жабдықталып, облыс орталығындағы ұлттардың балалары ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін оқып-үйренуде.

Биыл солтүстікқазақстандық Қазақстан халқы ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды. Ондағы негізгі бағыттардың бірі – біздің басқармамен бірлесе отырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және оның қоғамдық мағынасын арттыру, сондай-ақ қазақстандық этностардың тілдерін одан әрі дамыту. Бекітілген жоспарға сәйкес мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту мақсатында биыл “Тілдер орталығы” ашылмақ.

Қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін үйрену үшін әдістемелік қолдау көрсету мақсатында Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы “Мөлдір” қазақ мәдени орталығына 150 кітап, Түмен және Қорған облыстары қазақтарының ұлттық-мәдени автономияларына 60-тан астам кітап тапсырылды.

Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін насихаттау бағытындағы іс-шараларға жергілікті бюджеттен арнайы қаражат бөлініп тұрады. 2013 жылы жоспар бойынша 25 шара ұйымдастырылды. Аудандар арасында іс-тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл ауданында Қожаберген жыраудың 350 жылдығына орай көркемсөз оқу шеберлері, Мамлют ауданында Қазақстан Республикасы Рәміздері күніне орай “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте” облыстық байқаулары өткізілді.

Жыл сайын республикалық байқауларға облысымыздың намысын қорғау үшін үкілеп аттандырған үміткерлеріміздің біразы сенімімізді ақтады. Соның ішінде биылғы жылы жерлесіміз, ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында өткен II республикалық Мағжан өнер фестивалінде Теңдік Құлмағанбетова II орынды иеленді.

Үстіміздегі жылғы мамыр айында Талдықорған қаласында өткен “Поэзия, менімен егіз бе едің?” республикалық жазба ақындар байқауында мамлюттік Нұргүл Оқашева бас жүлдені жеңіп алды.

Сонымен бірге, Қожаберген жыраудың 350 жылдығына орай өткізілген республикалық шараның біздің өңірде өтуі солтүстік халқы үшін зор мақтаныш, үлкен абырой болды.

Облыс әкімінің қолдауымен үш жыл бойы тұралап қалған “Мағжан” журналын қайта жарыққа шығару мүмкіндігі туды. Жуырда алғашқы нөмірі жарық көріп, оқырмандардың қолына тиді.

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” жаңа Заң үстіміздегі жылдың сәуірінде өз күшіне енді. 2010 жылы Елбасының тапсырмасына орай жарияланған ономастикаға байланысты мораторий тоқтатылып, бүгінгі күні осы сала бойынша жұмыс қайта жандануда. Облысымыздағы мекемелер мен көшелерге қазақтың біртуар тұлғалары Ж. Тәшеновтің, С. Шаймерденовтің, Б. Мұстафиннің, Ф. Кәрібжановтың атын беру туралы түскен ұсыныстар бойынша құжаттар ономастика комиссиясының отырысына әзірленуде. Сонымен қатар, елді мекендердің тарихи атауын қайтару, жаңадан атау жұмыстары қолға алынуда.

Осы бағытта үш жыл қатарынан “Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің” тақырыбында облыстық шығармалар байқауы ұйымдастырылды. Шығармалар байқауы жеңімпаздарының жұмыстары бөлек кітапша ретінде басылып шықты.

“Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясы “Жас Отан” жастар қанатының қатысуымен “Қазақша сөйлесейік!”, “Қала келбеті – көрнекі ақпарат” акцияларын өткізу дәстүрге айналды. Акцияға қатысушы жастардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар.

Көрнекі ақпарат мәселесіне байланысты биылғы жылы 500-ден астам сауда, халыққа қызмет көрсету орындарында және қала көшелерінде жолаушылар тасымалдайтын көліктерде рейд жүргізілді. Нәтижелері туралы облыстық газеттерде мақалалар жарияланып, телевидение арқылы сұхбаттар берілді. Қателіктерді түзетуде “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетіндегі “Фотоайыптау” айдарының орны ерекше. Газетте жарияланған сынды бейжай қалдырмай, тез арада түзетеміз.

Жалпы басқармамен “Артсити”, “Архстрой”, “Полиарт”, “Фабрика реклам” және тағы басқа жарнама агенттіктері тікелей байланыста жұмыс істейді. Жыл басынан бері 300-ден астам эскиздің үлгісі бекітілді.

Түйіндей айтсақ, ана тіліміздің қоғамның барлық салаларында өз мәртебесіне лайық орын алуы – мемлекеттік мәні бар өте маңызды мәселе.

“Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті… Біздің жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болсын”, – деген Ахмет Жұбанов ағамыздың сөзі бүгінгі жастарға қарата айтылғандай. Қазақ тілін конституциялық мәртебесіне жеткізіп, егемен елдің жастары жаппай өз ана тілінде білім алар күнге ұмтылу жолында бірігіп еңбек ету – азаматтық парызымыз.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp