Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды. Өңір басшысы мұнда күзгі орақ науқаны барысымен танысып, егін, жол жөндеу жұмыстарына назар аударды.
Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,
журналист.
“Родина” шаруа қожалығы биыл бір жарым мың гектар алқапқа дән сепкен. Күзгі орақ науқанына тамыздың 26-сында кіріскен диқандар бүгінгі күні астықтың жартысынан астамын жинап үлгеріпті.
“Барлық көктемгі жұмыстар уақтылы жүргізілгендіктен, егініміз биыл бітік шықты. Гектар берекелігі 14 центнерден айналуда. Бүгінгі күнге дейін барлық алқабымыздың 60 пайызы бастырылды. Ауа райы оң қабақ танытса, орақ науқанын алдағы аптада аяқтаймыз, деді “Родина” ШҚ директоры Михаил Юрков.
Облыс әкімі Становое – Новомихайловка және Меңгесер бағытына қатынайтын облыстық маңызға ие жолда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Жалпы ұзындығы 54 шақырым жолдың биыл 4,5 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілмек. Бұл мақсатқа 231 миллион теңге қарастырылған. Бөлінген қаражаттың 70 пайызы игеріліпті. Яғни 2 шақырымнан астамы бүгінде халық игілігіне тапсырылды. Қазір мұнда “Петропавл Жолдары” және “Ашық аспан” серіктестіктері жұмыс істеуде. Алайда тас жолдың жиегіндегі жұмыстарға Самат Сапарбекұлының көңілі толмады.
Бұдан соң өңір жетекшісі Новомихайловка ЖШС-нің астық қабылдау қоймасында болды. Биыл шаруашылық басшысы астық сақтайтын арнайы қаптамалар сатып алған. Олардың әрқайсысы 200 тонна астықты сақтауға қауқарлы. Ал “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі 2012 жылы Америкадан бірнеше бас ірі қара әкелген. Бүгінгі күні олардан төл алып, мал басын 467-ге жеткізіпті. Шаруашылық қысқа жемазық дайындап қойған. “Бизнестің жол картасы – 2020″ мемлекеттік бағдарламасы арқылы фермаға су тартқан. Ал серіктестіктің астық сақтау қоймасы күніне 1,5 мың тонна “сары алтын” қабылдайды. Арнайы екі кептіргіші бар. Жалпы сыйымдылығы – 5 мың тонна. Ал танап басында орақ науқанының нағыз қызған шағы.
Жалпы облыста бүгінгі күні егін алқабының 30 пайызға жуығы бастырылса, Мамлют ауданында бұл көрсеткіш 40 пайызға жеткен. Осылайша аудан орақ науқаны бойынша көш басында келеді. Орташа гектар берекелігі – 13,5 центнер.
Жұмыс сапарының соңында Самат Ескендіров мамлюттік егіншілерге күзгі дала жұмыстарын алдағы 15-20 күнде аяқтауды тапсырды.