«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ҒАСЫРДЫҢ БЕЛЕСТЕРІ – айтарлықтай оқиғалардың арқауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Қазақстанда футбол ойынының ту көтергеніне – бір ғасыр. “Миллиондардың ойыны” аталған бұл спорттың алдына түсетін еш сайыс жоқтығына футболдың дүниежүзінің бес құрлығына бірдей тарауы дәлел. Оның отаны ағылшын елі саналғанымен, кейін Оңтүстік Америка, соның ішінде Бразилия мен Аргентина көш басынан орын тепсе, “Кәрі құрлықта” Германия мен Италия топ жарды.

Зейноллла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Біздің елімізде футбол тарихы 1913 жылдан басталады. Бұл оқиға 1912 жылы Семей қаласына мәскеулік Николай Куприянов деген футбол жанашырының келуіне байланысты. Ол Семейде жергілікті Плещеев деген көпестің қызметшісі болып істеп, қала тұрғындарының, әсіресе, балалар мен жастардың футболға қызығушылығын оятқан. Ойын өткізу мақсатымен Николай Николаевич Мәскеуден арнайы доп алдырып тұрған.

Футбол ойнаумен әуестенушілердің қатары көбейіп, айналасы жарты жылдың ішінде Семейде ССК, “Олимп”, “Ласточка”, “Орлята”, “Ярыш” сияқты командалар құрылады. Ойынның кең және тез қанат жаюына Семейде ашылған ағылшын сауда ұйымдарының, банктерінің қызметкерлері мен көпестері де көп ықпал еткен.

Аталған қалада футболдың пайда болып, өркендеуінің тарихын қағазға түсірген осы ойынның шежірешісі Евгений Юдиннің жазбаларына қарағанда, жоғарыда аталған командалардың үздігі көптеген ойыншылары татарлар болған “Ярыш” екен (атауы айтып тұрғандай, “Жарыс” десе де болады. – З.Ә.).

Е. Юдиннің дерегі бойынша, осы командада Ахметсәлім Кәрімов (капитан), Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Курманов, Гусман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин деген жастар ойнаған. Командада кейін ұлттық әдебиетіміздің саңлағы, Лениндік сыйлықтың лауреаты, әлем таныған қаламгер атанған Мұхтар Әуезов жартылай қорғаушы болып алаңға шыққан.

Бір атап айтарлығы, “Ярыш” – ұлттық футболдың тарихында халықаралық жарыс өткізген тұңғыш командамыз. 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда тұтқынға түсіп, осы қалаға жер аударылған немістерден құрылған ойыншылармен кездесулер өтіпті.

Келесі жылдары “Ярыш” ойыншылары Ресейдің көрші губернияларының командаларымен жасыл алаңға шығады. Семейліктерден үлгі алған Павлодар қаласында 1915-1916 жылдары “Ястреб”, “Звездочка” атты командалар ұйымдастырылады.

Ал 1921 жылы Жамбыл (бүгінгі Тараз) қаласында алғашқы футбол алаңы ашылады.

Біздің қаламызда шеберлер командасы 1968 жылы құрылды. Оған дейін Қызылжарда облыс орталығындағы кәсіпорындарының әуесқой командалары қалалық жарыстарды өткізіп жүрді. Мәселен, мен елуінші жылдардың соңы мен алпысыншы жылдардың басында қалада “Пищевик”, “Локомотив”, “Авангард”, “Динамо” сияқты ведомстволық командалардың турнирлері өткізілетінін, бала да болсам, білетінмін. Бүгінгі Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанында, экономикалық-техникалық білім беру кешенінің дәл қарсы бетінде “Динамо” стадионы болатын. Жарыстар көбіне осында және “Локомотив” стадионында өтетін. Біз, балалар, қала командаларының осы жарыстарын құр жібермей, әрбір сенбі және жексенбі күндері екі стадионның бірінен табылатынбыз.

Содан кейін Ленин атындағы зауыттың “Металлист” командасы құрылып, осы аттас стадион пайдалануға берілді. Бұл команданың құрылуы – жетпісінші жылдардың тұсы.

Аталған командалардың ішінен Бүкілодақтық аренаға шыққаны – “Авангард” клубы. Ол 1955 жылы Куйбышев атындағы зауыттың жанынан құрылған. “Авангард” өзгелерден үздік шығып, келесі жылдың өзінде-ақ облыс чемпионы атағын жеңіп алды.

Ал 1960 жылы “Авангард” Қазақ КСР кубогын қанжығаға байлады. Осыдан бастап, бұл команда Қазақстан чемпионатына қатысып, 1963 жылы үшінші жүлде иеленсе, келесі жылы екінші орын алды.

Сол жылдары КСРО-да “Миллиондар кубогы” деген жарысқа ел чемпионатының төменгі лигасы – “Б” тобында ойнайтын командалар қатысатын. Осы кубоктың ақтық бәсекелеріне жеткен “Авангард” Әзірбайжанның Сумгаит қаласында өткен жекпе-жектерде жартылай финалда ақыр-соңында кубокты иеленген Львовтың “Соколынан” 0:2 есебімен ұтылып, қола алқаны еншіледі. Біздің қақпашымыз Виктор Малинко “Ең шебер қақпашы” жүлдесін иеленіп қайтты.

Жетпісінші жылдары “Авангард” КСРО чемпионатының “Б” тобында өнер көрсетті. Ол кезде Алматыда студентпіз. Қарағандының “Шахтері” (ол Алматының “Қайратынан” кейін, республикамыздың екінші командасы саналды. Екінші топта ойнайтын) жоғары топқа өту үшін Киевтің СКА-сымен болған ойындағы даудамайдың қырсығынан ілгері лигаға шыға алмай қалған еді. “Б” тобында “Авангардпен” бірге Павлодардың “Тракторы”, Жамбылдың “Химигі”, Целиноградтың “Целиннигі”, Теміртаудың “Болаты” топ басынан орын алатын. Республикамыздың беткеұстары Алматының “Қайраты” болды да, өзге төмендеу командалардың сапындағы көзге түсетін ойыншыларды ол өзінің құрамына қосып алатын. 1969 жылы “Қайрат” жоғары лиганың соңындағы үш команданың бірі болып, Куйбышевтің “Крылья Советов” және Ярославльдің “Шинник” командаларымен жоғары топта қалу үшін бәсекеге түсті. Ол ойындарды сол жылдың күзінде Алматыдағы Орталық стадионда көріп, “Қайраттың” жеңілісіне қынжылғанымды ұмыта алмаймын.

1970 жылы “Қайрат” жаңадан құрылған бірінші топта ойнады. Сол жылы команда тізгінін Кеңес футболының мықты бапкерлерінің бірі Александр Севидов қолға алып, оған “Қайратты” қайткен күнде де қайтадан жоғары топқа қосу міндеті жүктелді.

А. Севидов бұл мақсатқа жету үшін команда құрамын мүлде жаңартты. Ол шабуыл шебіне Мәскеудің “Спартагында” ойнап жүрген баласы Юрийді, осы командадан Сергей Рожковты, Қарағандыдан жартылай қорғаушы Владимир Асылбаевты, Павлодардан шебер шабуылшы Владимир Чеботаревті, Фрунзенің “Алғасынан” осы шепте өнер көрсету үшін Михаил Тягусовты, Жамбылдың “Химигінен” шабуылдың шебері Сейітжан Байшақовты, оның туған інісі, кейін қазақ футболының атақты қорғаушысы болған Сейілда Байшақовты және төменгі топ командаларының бірінен артынан Кеңес футболының үздіктерінің қатарына қосылған жап-жас жартылай қорғаушы Олег Долматовты “Қайратқа” алдырды.

“Қайратта” алпысыншы жылдардың басындағы атақты қорғаушы Вадим Степановтан кейін үздіксіз капитан болған Тимур Сегізбаев пен ең мерген шабуылшының бірі Сергей Квочкиннің (КСРО чемпионаттарында, жоғары топта ойнаған кезде 69 доп соққан), Виктор Абгольцтің ойын өрнегін тамашалау бақытына ие болдым. Бұларға дейін “Қайраттың” құрамында Диас Омаров пен Сайлаубек Есімбеков ойнаған екен, олардың ойындарын көре алған жоқпын. Өйткені, бұл ойыншылар 1969 жылға дейін футболмен қоштасыпты.

Бір жыл төменгі топта ойнаған “Қайрат” 1971 жылы Львовтың “Карпаты” командасымен бірге жоғары топқа қайта қосылды.

Сол, 1970 жылы бұл екі команда топ басында оқтын-оқтын орын ауыстырып отырды. Львовтықтардың құрамында жартылай қорғаушы Игорь Кульчицкий және шабуылшы Янош Габовда ойнап, соңғысы бірінші топтың ең мерген футболшысына тағайындалған жүлде үшін Юрий Севидовпен бәске түскенді. Жүлдені қайраттық жеңіп алды.

Жоғары топта “Қайрат” Кеңес футболының үздіктерімен үзеңгі қағыстырды. Ол Алматыда ең мықты командалардың өздерінің жүгін аударып тастаған кездесулер болды. Киев пен Тбилисидің, Мәскеудің “Динамолары”, Ереванның “Арараты”, Мәскеудің “Спартагы”, Бакудің “Нефтчиі”, Ташкенттің “Пахтакоры” “Қайраттан” опық жеген күндер ұмытылмайды. Бұл командаларда ойнаған Олег Блохин, Евгений Рудаков, Виктор Колотов, Владимир Мунтян, Валерий Паркуян, Иосиф Сабо, Леонид Буряк (Киев); Анзор Кавазашвили, Гиви Нодия, Давид Кипиани, Манучар Мачаидзе, Владимир Гуцаев, Виталий Дараселия, Александр Чивадзе (Тбилиси); Лев Яшин, Владимир Эштреков, Геннадий Еврюжихин, Владимир Пильгуй (“Динамо” Мәскеу); Николай Осянин, Галимзян Хусаинов, Георгий Ярцев, Юрий Гаврилов (“Спартак”), Анатолий Банишевский, Сергей Крамаренко, Эдуард Маркаров (Баку) еліміз түгіл, одан сыртқары жерлерде аты шыққан тарландар еді ғой. Мен “Қайраттың” арқасында осылардың ойындарын тамашалағанымды бөле-жара айтқым келеді.

Әсіресе, көрші елдің “Пахтакорымен” ойын адам айтқысыз айқас сынды өтетін. Біз “Қайраттың” капитаны Тимур Сегізбаевты мақтан тұтсақ, өзбектер Берадор Абдураимовты дәріптейтін. Біз Сергей Квочкинге үміт артсақ, олар Геннадий Красницкийді арқа тұтатын. Екі команда кездескен сайын Алматыны қойып, Ташкентке де тартып кетеміз.

“Қайраттың” құрамында ол жоғары топтан қайта түсіп қалғанша басқа да мықты ойыншылар өнер көрсетті. Мысалы, Шымкенттен келген қақпашы Құралбек Ордабаев пен жамбылдық Сейілда Байшақов – КСРО құрама командасының сапында алаңға шыққан тұңғыш та соңғы қазақ футболшылары. Қ. Ордабаев “Қайраттың” ең мақтаулы қақпашылары Лисицин мен Косенковтың лайықты ізбасары болып, түптің-түбінде олардан да асып түсті.

Мергендігі жөнінен С. Квочкиннің жоғарыда атап кеткен рекордын жаңартқан шабуылшы Евстафий Пехлеваниди, қорғаушылар Юрий Жуйков пен Юсуф Шадиев, Вайт Талғаев, қазір “Қазанның” “Рубинін” жаттықтыратын бас бапкер Құрбан Бердыев (жартылай қорғаушы), оның алаңдағы осы шептегі әріптестері Владислав Маркин, Вахид Масудов, Фарид Хисамутдинов, Олег Долматов, жас шабуылшылар Александр Хапсалис пен Сергей Стукашов өзге командалар бапкерлерінің көзіне түскен еді.

Команданы атақты футболшы-хоккейші Всеволод Бобров, “Қайраттың” өзінің құрамында шыңдалған Леонид Остроушко және өзге де шебер бапкерлер жаттықтырып еді. Оның ең мықты ойыншысының бірі – жартылай қорғаушы, 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған Евгений Яровенконы Қазақстан футболының үздігі деу әбден заңды. Ол ақтық жекпе-жекте Бразилия құрамасын ұтқан КСРО командасында “Шебер жартылай қорғаушы” (киевтік Алексей Михайличенкомен бірге) атанды.

“Қайраттың” құрамында біздің жерлесіміз, бүгінде қаладағы “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде бапкер болып еңбек ететін Қанат Мұхамеджанов ойнағанын мақтан тұтамыз.

Бұл команданың ең үздік жетістігі – 1971 жылы Алматыда Еуропа теміржолшылар клубтарының кубогы үшін финалдық ойында Румынияның “Рапидін” 1:0 есебімен жеңуі (голды “Қайраттың” капитаны Сергей Рожков соғып еді).

1992 жылы Қазақстан Республикасының дербес чемпионаты ұйымдастырылды. Он жылдан кейін, 2002 жылғы 25 сәуірде Стокгольмде өткен УЕФА Конгресінде Қазақстан футбол федерациясы Еуропа футбол одағына мүшелікке алынды. Ал сол жылғы 7 шілдеде ел футболшылары Алматыда Эстония құрамасымен 1:1 есебімен тең ойнап, УЕФА-ның сапындағы тұңғыш халықаралық кездесуін өткізді.

 

Ұлты-мыздың ұлы жазушы-сы Мұхтар Әуезов “Ярыштың” құрамында футбол ойнаған.
Қызылжарда 1968 жылы тұңғыш шеберлер командасы – “Авангард” алаңға шықты.
“Қайраттың” жартылай қорғаушысы Евгений Яровенко – футболдан 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының “алтынын” жеңіп алған алғашқы қазақстандық ойыншы.
2002 жылы Қазақстан футбол федерациясы УЕФА-ға мүшелікке алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp