«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРОКУРОРДЫҢ ПІКІРІМЕН КЕЛІСПЕДІ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

12 қыркүйекте Мұрат Қадырбектің төрағалығымен облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болып, онда алдымен Петропавл қаласы прокуратурасының ұсынымы бойынша облыс орталығы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының мүшелері болып табылатын 5 мемлекеттік қызметшінің үстерінен қозғалған тәртіптік істер қаралды.

 

Қала прокуроры Қонысбек Ыбыраевтың баяндауынша, прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде қала әкімінің орынбасары әрі қалалық тұрғын үй комиссиясы төрағасының орынбасары болып табылатын Қайырбек Ғалиев, аталмыш комиссияның мүшелері – Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мереке Мұхамедияров, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Зәуре Нұрмұқанова, коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйлерді бөлу секторының меңгерушісі Алма Құдабаева, Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гулия Салтықова мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтерлерді бөлу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын көптеген заңбұзушылықтарға жол берген көрінеді. Алайда, аты-жөндері аталған мемлекеттік қызметшілердің ешқайсысы өздеріне тағылған айыпты мойындамайтындықтарын және қалалық прокуратураның ұсынымын бекерге шығару үшін сотқа жүгінгендіктерін мәлімдеді. Бұл мәселені қызу да ұзақ талқылаған Тәртіптік кеңес мүшелерінің көпшілігі қалалық тұрғын үй комиссиясы мүшелерінің іс-әрекеттерінен сыбайлас жемқорлықтың исі шықпайды, олардың жұмыста жіберген кемшіліктері үшін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес жазаға тартылғандығын ескеріп, үстерінен қозғалған тәртіптік істерді қысқарту керек деген ұсынысты қолдады.

Отырыста Айыртау психоневрологиялық интернаты директорының орынбасары Руслан Дулеповтің үстінен Қаржы полициясының ұсынымы бойынша қозғалған тәртіптік іс те қаралып, оған мемлекеттік сатып алу барысында сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын заңбұзушылыққа жол берді деген кінә тағылды. Ол өзінің тәжірибесіздігінің салдарынан жіберген қателігін ашық мойындады. Бірақ, заңның аты заң – Тәртіптік кеңес мүшелері РусланДулеповті қызметінен босату туралы бірауызды ұйғарым жасады.

(Өз тілшімізден).

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp