«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАНЫ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аслан САТИН,

“Қызылжар су” ЖШС-нің бас директоры.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту осызаманғы ел экономикасын дамытудың стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. 1996 жылы басталған тұрғын үй-коммуналдық саладағы жүйелі жаңғыртулар ондағы бәсекелестік ортаны құруды, кезең-кезеңімен шығындарын жабатын деңгейге дейін коммуналдық кәсіпорын қызметтерінің тарифтеріне көшуді қамтамасыз етті. Сонымен бірге табиғи монополист кәсіпорындардың қызметтеріне мемлекеттік реттеу және жергілікті бюджет қаржылары есебінен аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету түріндегі әлеуметтік қорғау шаралары енгізілді.

Осының бәрі коммуналдық қызмет көрсету саласында сапалы жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік берді. Өткен жылдардың қорытындысы бойынша жалпы алғанда ТКШ-ны жаңғырту сәтті өтуде деуге болады, алға қойылған міндеттер орындалды.

Ал, бүгінде коммуналдық қызметтер нарығын дамыту үшін жағдайлар жасау, ресурс үнемдеуші технологияларды пайдаланудың тиімді жүйесін құру, тариф құрудың шығынды түрінен ынталандыру жүйесіне көшу мәселелері бой көтеруде.

Егер қаладағы сумен жабдықтау және су тарату жүйелерінің жағдайы туралы айтар болсақ, онда аталмыш коммуналдық саланың қызмет көрсетуші үшін де, тұтынушылар үшін де инфрақұрылымдардың ескіруі салдарынан қызмет сапасының төмен деңгейде екендігін сөз етуге тура келеді. Қалалық су құбырын пайдалану сонау 1903 жылдан басталған, 1915-1923 жылдары ол күрделі қайта құрудан өтті, 50-ші жылдары қалалық су құбырының бірінші кезегі іске қосылды. Содан бергі жылдарда қаланың сумен жабдықтау жүйесінде үнемі кеңейту жүргізіліп, желілер ұзындығы мен тазарту имараттарының қуаты ұлғайтылып отырды.

Петропавлдағы имараттар мен желілер негізінен 1960-1990 жылдардың аралығында салынған, пайдалану мерзімдері 50-20 жылдан асады, ол амортизациялық, табиғи және моральдық тозулардың нормативтік мерзімдері үшін шегі болып табылады. Су жеткізгіштер, тарату желілері, қысымды кәріздік коллекторлар болат және шойын құбырлардан салынған, олардың қызмет мерзімінің шегі – 20-25 жыл.

Қаланың су құбырлары желілерінің ұзындығы 300 шақырымнан асады, ал диаметрі 50-ден 1000 миллиметрге дейін. Бүгінде құбыр жолдарының 80 пайыздан астамы нормативті белгіленген қызмет мерзімін тауысты.

Су шаруашылығы жүйесін жаңғыртудың мақсаты тұрмыспен қамту жүйелерінің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыру, азаматтардың тұруына өте қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасау үшін нысандар мен елді мекендердің аумақтарын дұрыс ұстау болып табылады.

Қала желілерін жаңғырту тек қана жаңа технологиялар мен материалдарды, бірінші кезекте полиэтилен құбырларын қолдану, құбырларды жаңарту және жөндеуді орлап қазбай атқару түрінде жүргізілуде. Соңғы жылдары бюджеттік қаржыландырудың арқасында желілерді қайта құру және жаңарту бойынша айтарлықтай ауқымды жұмыстар тындырылды. Үлкен диаметрлі су жеткізуші құбырлардың 15 шақырымнан астамы, қысымды және өздігінен ағатын кәріздік коллекторлардың 10 шақырымы ауыстырылды. “Қызылжар су” ЖШС-і жыл сайын өз күшімен диаметрі 50-ден 300 мм.-ге дейін ұзындығы 10-12 шақырым тарату желілерін ауыстырады. Атқарылған жұмыстар апаттық жерасты ақауларын жылына 500-600-ден 250-300-ге дейін кемітуге мүмкіндік берді.

2012-2013 жылдары қаланың су құбырлары және кәріздік желілерінің графикалық электрондық сызбасы жасалды. Қағаздық сызбаларды кәсіпорынның компьютерлік базасына енгізе отырып, электрондық форматқа көшіру жөніндегі жұмыстар атқарылды. Қалалық желілердің электрондық түрдегі сызбаларының пайдаланылуы жұмыста көптеген артықшылықтар берді және барлық жедел қызметтер жұмысын түбегейлі түрде өзгертті. Қазіргі уақытта барлық параметрлер бойынша көзбе-көз деректер жинау мен жинақтау мүмкіндігі бар.

Кәсіпорында ұзақ уақыттан бері қаржылық мүмкіндіктердің болмауы су тазарту кешенінде сорғы және су алу имараттары құрал-жабдықтарының табиғи және моральдық тозу шегіне жеткізді. 2010 жылы қалалық әкімдіктің қолдауымен кешенде 6 сорғы агрегатына жиілік басқару станциясы қойылған барлық сорғылар ауыстырылды, жаңа 10 кВт кешенді трансформаторлық қосымша станция қойылды. Бұл ретте қуат үнеміне басымдық берілді, өйткені кәсіпорын шығынының негізгі бабы – электр қуаты. Қазіргі уақытта аталмыш шараларды енгізудің экономикалық тиімділігі айдан айқын.

Қуатпен жабдықтау және күш құралдары жүйесін ішінара жаңарту мен күшейту электр қозғалтқыштары жүрісін және қалаға су беруді біркелкі реттеуге мүмкіндік берді. Яғни, жүйеде гидросоққылар қаупін тудырмайды, нәтижесінде құбыр жолдарының апаттылығы азайды.

Алайда, су құбырлары тазарту ғимараттарын толық қайта құру және жаңғырту бойынша проблемалар шешілмеген күйінде қалып отыр. Осыған байланысты нақтылы жобалар жасау жүзеге асырылуда. Жоспарымызда АСКУЭ және АСКУВ жүйелерін енгізу, автоматика және телемеханика жүйелерін қолдану бар.

Соңғы жылдары сорғылық және күштік қондырғыларды жаңарту үрдісі жүріп жатыр. “Қызылжар су” ЖШС-нің балансында 54 су көтеру сорғы станциясы және 19 кәріздік сорғы станциясы бар. Су көтеру сорғы станцияларында электр қуатының үнемі жылына 300 мың кВт-ға дейін құрайды. Бұл жұмыстар жалғасын табуда және болашақта барлық күш агрегаттарын ауыстыру, электр қозғалтқыштарын жиілік реттеуді енгізуді қолға алу ойластырылуда.

“Қызылжар су” ЖШС өзі жүзеге асырудан экономикалық тиімділік алуға бағытталған инвестициялық бағдарлама әзірледі. Шара, бәрінен бұрын, энергия сыйымдылығын, пайдалану шығынын азайтуға, ең бастысы, су құбыры – кәріз шаруашылығының тоқтаусыз жұмыс істеуіне кепілдік беруге бағытталған.

Облыс орталығы трансшекаралық өзен бойында орналасқан, сондықтан өзенге суды ағызу кәсіпорынның басым міндеті саналады. Бөлінген қаражат қаланың ағынды суын толық биологиялық тазалаудан өткізуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорынды жаңғырту дегеніміз – автокөлік паркін техникалық жағынан жаңарту, ол, тұтастай алғанда, өндіріс орнының тұрақты және кепілді жұмыс істеуіне жағдай жасайды. 2012 жылдың басынан бері облыстық және қалалық бюджеттен бөлінген қаражатқа 3 дана апаттық машина, 2 дана залалсыздандыру машинасы, суару-жуу машинасы, жоғары қысыммен коллекторларды шаюға арналған КО қондырғысы, 2 дәнекерлеу агрегаты, сорғы, дизель электрстанциясы сатып алынды.

Өз қаражатымызға барынша терең қазу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін “Komatsu PS-300” экскаваторына, аумақты абаттандыру, арту және түсіру, жер қазу жұмыстарын жүргізгеннен кейін тегістеу сияқты әртүрлі бағытта жұмыс істейтін екі “Komatsu WB-97” экскаватор-артқышқа, “Урал” автомобилі базасында жасалған бу агрегатына қол жеткіздік.

Кәсіпорын барынша ескі әрі тозған су құбыры мен желілерді ауыстыруды, сорғы станциясы мен тазарту құрылғыларын әрі қарай қайта жаңартуды және жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Қаланың су құбыры – кәріз шаруашылығын жаңғырту маңызды және қажетті міндет болып тұр, өйткені берілетін судың сапасы мен ағынды суды қабылдау соған байланысты, бірақ бұл проблеманы тек кәсіпорынның қаражаты есебінен шешу мүмкін емес. Қажетті қаражат 5 млрд. теңгеден асады. Негізгі құралдарды орнатудан, заманауи байланыс жүйесі мен өндірістік үдерістерге мониторинг жүргізуден айтарлықтай нәтиже алу үшін жыл сайын кемінде 1 млрд. теңге қаражат салу керек.

Қолданылып жатқан шаралардың барлығы кәсіпорынның басты міндеті – тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге, шығынды азайтуға, бұзылғанды жедел жөндеуге, тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсету деңгейін көтеруге бағытталған.

Аталмыш міндеттерді тиімді шешу үшін тариф құру жүйесін жетілдіру қажет. 2011 жылдан бері кәсіпорын қымбат ресурсқа тарифті өсіру қажеттігін түсіндіру және су шаруашылығы өндірісінің маңызды проблемаларын көрсету мақсатында тұтынушыларға, жергілікті атқарушы органдарға, жұртшылық өкілдеріне есігін айқара ашып, тариф саясатын белсенді түрде жүргізе бастады. Бұл, бәрінен бұрын, реттелетін қызметке тарифтерді қарау және бекіту бойынша жұртшылық тыңдауларына белсене қатысу арқылы тұтынушылар тарапынан түсініктік табуға жағдай жасады.

2012 жылғы 1 мамырдан бастап су пайдаланудың нормативтік мөлшері белгіленген жағдайда тұтыну көлеміне байланысты тұтынушыларға топ бойынша сумен жабдықтау қызметіне тарифтерді жіктеу енгізілді.

Кәсіпорында, бәрінен бұрын, білікті кадрлардың тұрақтамауын болдырмауға бағытталған жаңа кадр саясатын жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдануда. Жұмыс істеу үшін қажетті жағдайлар жасалуда. 2013 жылғы 1 мамырдан бастап жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында Ұжымдық келісімшарт қолданылады, ол жұмыскерлер үшін әлеуметтік кепілдікті, жұмыс берушінің жауапкершілігі мен міндетін біршама күшейтті.

Кәсіби мамандар даярлау жүйесін күшейту қажеттігі туындап отыр. Осы мақсатта кәсіпорын үшін кадрлар даярлау және қайта даялауға арналған жұмыс қайта жанданды. 2011-2013 жылдары жоғары және орта басқару буынындағы 10 қызметкер Тараз мемлекеттік университетінде оқудан өтіп, су шаруашылығы кәсіпорнының дипломды маманы болып шықты. “Сумен жабдықтау және канализация” мамандығы бойынша Петропавл құрылыс және экономика колледжін бітірген түлектер қалалық суарнасына көптеп орналаса бастады. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі үшін бізде барлық жағдай жасалған.

Тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсету мәдениетінің деңгейін көтеру мақсатында кәсіпорында қызметкерлердің бірлескен этикасы әзірленген. Кадр қызметі тұтынушылармен жұмыс істеуде этикалық нормаларды сақтау бойынша тексерушілермен және операторлармен жүйелі түрде тренингтер өткізіп тұрады. Жұмыс сапасын бағалауда рейтингтік жүйені енгізу бойынша жұмыс басталды, ол қызметкерлердің кәсіпорынның жетілдірілуі мен көркеюіне тиімді үлес қосуын және қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Кәсіпорын басшылығының “Қызылжар су” ЖШС-ін барынша жоғары өндірістік деңгейге шығару бойынша қолданып жатқан шараларына қарамастан, бәрінен бұрын ағынды судың берілуін және апарылуын қамтамасыз ететін өзекті өндірістік нысандарды қайта жабдықтау бойынша кәсіпорын қолда бар қаражатымен атқара алмайтын, әлі шешілмеген көп мәселелері бар. Облыс орталығының су шаруашылығы жүйесінің тұрақты дамуына, осызаманғы экологиялық нормативтер талабына жауап беретін жоғары сапалы ауыз-сумен қамтамасыз ету, қажетті деңгейде коммуналдық қызмет көрсету үшін айтарлықтай қаржы құю түрінде қомақты мемлекеттік қолдау қажет етіледі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp