«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚТАР ОТЫРАР ҚАЗЫНАСЫН ТАМАШАЛАУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану маражайында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының “Фараб – Отырар өркениеті” атты көрмесі ашылды. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Оған Отырар қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер, соның ішінде балшықтан жасалған үй керек-жарақтары, қапталған кірпіштер, зергерлік бұйымдар, күміс, шыны және мыс ыдыстар, қару-жарақтар, алтын және күміс тиындар, ұстаның, зергердің құралдары, ежелгі кітаптар қойылған. 100-ден астам экспонаттан тұратын көрме шағын болғанымен, Отырар қаласының тіршілік-тынысы жайында молынан мағлұмат береді.  

Отырар қаласы дамыған инфрақұрылымымен танымал болғандығы белгілі. Ал ежелгі құбырлардан хабар беретін көрмеге әжетхана құбырының қойылуы ерекше таңданыс туғызды. Ұлы Әбу-Нәсір әл-Фарабидің туған жері Отырар қаласының ғылымның отаны болғандығын дәлелдейтін бірнеше жәдігерлер қойылған. Олар шыныдан құйылып жасалған зерттеуге арналған қалбырлар. Сондай-ақ шыныдан жасалған бұйымдарды отырарлықтар тұрмыста да пайдаланғаны белгілі болды. Өркениеті дамыған қалада мәдениет, соның ішінде қолөнер жақсы дамығаны белгілі. Қолдан жасалған құмыралар мен тостағандар, әртүрлі жануарлардың бейнесі суреттелген ыдыс қақпақтары көздің жауын алады. Әсіресе, күмістен құйылып, асыл тастармен әсемделіп жасалған зергерлік бұйымдар көременге мол мағлұмат берері анық. Отырарлықтардың асық пен шахмат ойынын ойнағандығын да осы көрмеден көруге болады. Отырықшы болған отырарлықтар егіннен басқа, мақта мен қауын өсірген екен. Оны көрмеге қойылған қауын мен мақта дәндерінен көрдік.

Көрме қыркүйек айының соңына дейін жұмыс істейді.

 

 Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp