«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжар КІРПІШІ өңір басшысының қолдауымен қайтадан өндірілмекші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Алаугаз СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін кәсіпорынның атауына қарап кімнің болса да оны бірден газ тасымалымен және өткізумен байланыстырары анық, ал шындығында ол газбен жабдықтау желісінің құрылысымен айналысатын таза құрылыс компаниясы болып табылады. 2002 жылы құрылған бұл кәсіпорын Солтүстік Қазақстан және көршілес Ақмола облыстарында газбен жабдықтау желілерінің техникалық металл құрылымдық құрылыс жұмыстарын жүргізеді.

Аталмыш кәсіпорынға көңіл аударуымыздың себебі, жуырда облыстық әкімдікте өткен құрылыс мәселесіне арналған бір жиында компания басшысының өздерінде салынып жатқан кірпіш зауыты үшін алған кредитінің пайыздық ставкасын демеуқаржыландыруды өтінгені болды. Өйткені, сырт көзге өндірісі газға байланысты кәсіпорынның кірпіш зауыты құрылысымен айналысуы таңданарлықтай жай екені сөзсіз. Сондықтан істің мән-жайына кәсіпорында болып, серіктестік директоры Александр Фильдманмен жолығып, сөйлескеннен кейін қанықтық.

– Негізінен техникалық металл құрылымдық құрылыс жұмыстарымен айналыссақ та, кірпіш материалы бізге ауадай қажет. Облысымызда құрылыс кірпішін шығаратын бірде-бір зауыт жоқ, сондықтан оны сырттан тасымалдауға тура келеді. “Жұмыспен қамту – 2020″ бағдарламасы бойынша биыл Вагулино ауылында бірпәтерлік үш тұрғын үй және 320 басқа арналған мал шаруашылығы кешенін салып жатырмыз. Мал шаруашылығы кешенінде негізгі қора құрылысы аяқталды, қазір сауын бөлімшесінің құрылысын жүргізудеміз, оны қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, қосалқы мердігерлікпен қаладағы бірнеше тұрғын үй құрылысына қатысудамыз. Мысалы, “Береке” шағынауданындағы 80,95 және 75 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысында “Основание” ЖШС-іне қосалқы мердігер болсақ, Мир көшесіндегі бір үйде “Альфа-Север” және 20-шы шағынауданда 85 пәтерлік үйде “Петростройлюкс” ЖШС-лерімен бірлесе жұмыс атқарамыз. Осы тұрғын үйлер түгелдей дерлік кірпіштен қаланады. Оның мұқтаждығын қатты сезініп, өңірде кірпіш шығару ісін жаңғыртуды қолға алып отырғанымыз сондықтан, – деді Александр Юрьевич.

Осындай ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқан серіктестікте 47 адам еңбек етеді. 16 адамнан құралған бір бригада Вагулино ауылындағы құрылыс жұмыстарымен айналысуда. Оған учаске басшысы, прораб Қанат Хамитов жетекшілік етеді. Алексей Щербаков басқаратын құрылысшылар бригадасында Сергей Зейгольд, Самат Әубәкіров және Руслан Мамашәріпов сияқты өз ісіне шебер балташылар бар. Олардың атқарған жұмысына ауылдықтар ризашылығын білдіруде.

Жұдырықтай жұмылып жұмыс істейтін ұжым өткен 2012 жылды тәуір өндірістік көрсеткіштермен аяқтады. Шағын ұйым болғанымен, жалпы көлемі 247 миллион теңгенің жұмысын атқарып, жоспарлы межесін асыра орындады. Атқарылған жалпы жұмыс көлемінің 184 миллион теңгесі газбен жабдықтау желілері құрылысында жүргізілген болса, одан басқа 63 миллион теңгенің жалпы маңыздағы құрылыс жұмыстары игерілді. Соған сәйкес ұжымдағы орташа айлық еңбекақы мөлшері де біршама тәуір, қазір ол 70 мың теңгенің үстінде. Ал, жекелеген санаттар бойынша, атап айтқанда білікті токарь, дәнекерлеуші және слесарьлардың айлық табысы 120-130 мың теңгені құрайды.

– Керамикалық кірпіш зауытын өз күшімізбен тұрғызудамыз. Ол үшін кәсіпорынның іргесінен 1,5 гектар жер алып, зауыт құрылысына осы жылғы сәуір айында кірістік. Оның басты кірпіш формалаушы нығарлағыш қондырғысын 120 мың долларға Қытайдан сатып әкелдік. Соған “ВТБ” банкінен 25 миллион теңге кредит алдық. Банкінің пайыздық ставкасы 14 пайызды құрайды. Облыстық әкімдікте мен сөз еткен мәселе – осы пайыздық ставкаға мемлекеттік демеуқаржы алу жайы. Бұл мәселемен айналысатын арнайы комиссия бірден қолдау таныта қоймағандықтан, оған үлкен жиында назар аударуыма тура келді. Нәтижесінде өңір басшысы Самат Ескендіровтің тікелей ықпал етуімен демеу-қаржыға қолым жетті. Сөйтіп, банктің пайыздық ставкасын жартылай өзіміз, жартылай мемлекет көтеретін болды. Инвестициялық бағдарлама бойынша көрсетілетін бұл да бір мемлекеттік қолдау түрі. Одан басқа бірінші жылдың кредитпен есеп айырысуын келесі жылға қалдыру жеңілдігі тағы бар. Облыс әкімінің іске көмегі тиді, оған өте ризамыз, – деді серіктестік басшысы.

Кәсіпорын директоры “арық айтып, семіз шыққанды” қалайтын сияқты. Әйтпесе, серіктестіктің бұл жобасы өте ауқымды, ол, әрине, 25 миллион теңге кредитпен біте қоятын шаруа емес. Бұл басты станокқа бірден қолма-қол қажет болған қаражат қана, ал жобаның толық құны 800 мың АҚШ долларын құрайды. Яғни, басқа негізгі жұмсалымдарды кәсіпорын өзінің өндірістік айналымдары мен қаржылық қорлары есебінен көтеруді ұйғарып отыр. Қалай дегенде де, кірпіш зауытын

Жедел іске қосу қажет болып тұр. Ана бір жылдардағы дабырасы күшті болған “Жансая” кірпіш зауыты құрдымға кетті, сол сияқты Затондағы кәсіпорын да жабылып, қирап қалды. Сырттан тасымалданатын кірпіш өте қымбат, ең жақын жердегі Рудныйда шығарылатын кірпіштің бір данасы 60 теңге тұрады. Ал, оның жоспарлы бағасы 45-ақ теңге, сонда әр кірпіштен ғана 15 теңгеден артық ақша жұмсалады. Егер салынып жатқан зауыттың жылдық қуаты 4 миллион дана кірпішке есептелінген болса, жылына ол баға айырмашылығынан ғана 60 миллион теңгедей тиімділік берер еді. Яғни, зауыт өзін-өзі 2-3 жылдан қалдырмай толық ақтап шығары сөзсіз.

Қазір зауыттың іргетасы қаланып, тірек темір конструкциялары қойылып, енді қабырға жақтаулары толтырылып, алдағы қыркүйек айында шатыры жабылады және едені бетондалады. Сосын қондырғылары мен құрал-жабдықтары орнатыла бастайды. Содан кейін оларды біртіндеп іске қосу, реттеу жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп, жыл соңына дейін зауыттың негізгі корпусы пайдаланылуға берілуге тиісті. Зауыт құрылысында 12 адамнан тұратын жеке бригада жұмыс істейді, оған прораб Сергей Каус басшылық етеді. Ондағы металл құрылымдарын құрастыруда монтажшы Андрей Лисимов тындырымды еңбегімен көзге түсуде.

Басында төрт жыл бойы “ПАМЖ” зауытына жақын маңда қонысжай жалдап келген кәсіпорын 2006 жылы қазіргі тұрған жерінде өздеріне компанияның жеке ғимаратын салып алған болатын, енді оған іргелес кірпіш зауыты тұрғызылып жатыр. Басты ғимаратты үлкен бір өндіріс ошағы деуге болады. Кәсіпорынның өндірістік басшысы Анатолий Слепцов жетекшілік ететін осы басты буында негізгі металл өңдеу цехы жұмыс істейді. Онда 4 токарьлық, 2 фрезерлік және бір бұрғылау станоктары бар. Дәнекерлеушілер звеносы мен слесарьлық бөлім де осы цехтың құрамында. Онда барлығы 17 адам еңбек етеді, олардың тең жартысы – жастар. Сондағы жас механик Александр Боцвин екі жылдың ішінде кірпіш зауытына қойылатын ленталы транспортерді жалғыз өзі құрастырып шыққан.

Негізгі металл құрылымдық жұмыстар осы цехта атқарылады. Кәсіпорын биыл өзінің оттегі цехын жасап алды. Яғни, енді құрылыс жұмыстарын оттегімен жабдықтауда ешқандай қиындық болмайды. Негізгі жұмыс түрі газ желілерімен жабдықтау болғандықтан, оның басымды бағытқа саналатыны сөзсіз. Бүгіндері серіктестіктің мамандары Ақмола облысының Степняк қаласында газбен жылыту желілерін жүргізуді аяқтап қалды. Кәсіпорын жұмысшыларының тағы бір тобы Петропавлдағы Әуезов көшесінің аяқталар тұсындағы элеваторда 120 тонна астыққа арналған газ-кептіргіш орнатуда. Сондай-ақ, жекелеген тұрғындардың тапсырмасы бойынша газбен жылыту қондырғыларын орнату қызметтерін көрсетуде.

Дегенмен, серіктестіктің механикалық цехындағы басты жұмыстардың бәрі бүгінде кірпіш зауытына қажетті құрал-жабдықтарды жасауға бағытталған. Қазір онда кірпіш тасымалына керек шағын вагонеткалар мен транспортерлер бөлшектері, зауыттың темір қақпақтары дайындалу үстінде.

Кәсіпорын басшысы Александр Фильдман кірпіш өндірісіне қажетті құм тасымалдау техникаларын Қытайдан алмақшы.

– Аспанасты еліндегілермен хабарласып, өзіме қажетті техникаларға алдын-ала таңдау жасадым. Бір балшықтиегіш кран – манипулятор және өзі қотаратын екі автомашина алмақшы ойым бар. Олардың шағын 8 тонналық жүк көліктері біздегі қойылатын жол талаптарына сәйкес келеді. Балшық карьерінен кірпіш зауытына дейінгі жолдың дені қала арқылы өтеді, сондықтан ауыр техниканы қолдануға рұқсат етілмейді. Кірпіш соғатын балшық жөнінде қам жемейміз, ескі әуежай жақтағы құмы мен балшығы жоғары техникалық сараптамадан өткен “Южный” карьерінің қоры 30 миллион тоннадан асады. Ол кемінде 40-50 жылға жетеді деген сөз. Оған қосатын таза көмір күлін №2 ЖЭО-нан алатын боламыз. Бір сөзбен айтқанда, жаңа жылдан бастап жаңа керамикалық кірпіш шығаруды көздеп отырмыз. Әзірге оған технолог іздеп те әуре болмаймын, бұрындары кірпіш өндірісінде еңбек еткен бай тәжірибемнің осы жерде кәдеге жарарына сенімдімін, – дейді директор.

Құрылысқа қат болып отырған кірпіш өндірісін жолға қойып, өңір экономикасын, соның ішінде құрылысты дамытуға құлшыныс танытып отырған кәсіпорынның игі қадамына сәттілік тіледік.

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp