Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Күзгі орақ науқанындағы жауын-шашынға қарамастан, қазір солтүстік өңірлерде егін жинау жұмыстары қыза түскен. Жиын-терімге жұмылған ірілі-ұсақты шаруашылықтардың мақсаты ортақ, ол алқаптағы бидайды ысырапсыз жинап алу. Осындай тынымсыз тірлікте жүргендердің бірі – “Башлам – терек” ЖШС-і. 2005 жылы облыстағы Аққайың ауданында құрылған “Аққайың” несие серіктестігіне алғашқылардың бірі болып, мүшелікке өткен шағын шаруашылық қазірде несие беруші ұйым арқылы өз ісін ұтымды ұйымдастырып отыр. Серіктестік басшысы Ахмет Цоевтың айтуынша, шаруашылық биыл бір мың гектарға жуық егін алқабына элиталық сұрыптағы (“Астана” және “Омская-35”) бидайын еккен. Қыркүйектің алғашқы күндері басталған егін орағынан бері астықтың 50 пайызға жуығы бастырылған екен. Жалпы бидай шығымы жаман емес, әр гектарынан 12 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз, дейді Ахмет Заядинұлы. Оның сөзіне сүйенсек, егін егу мен оны жинау жұмыстарын дер кезінде жүргізуге өзі мүше болып отырған “Аққайың” несие серіктестігі көп қол ұшын берген. Өзі ұдайы алып отыратын несиенің де жылдам қайтарылымы болғандықтан, биыл ол несие серіктестігі арқылы көктемгі дала жұмыстарына 16 миллион теңге қаржы алған. “Төмен пайызбен берілетін несиеге 3 трактор, тыңайтқыштар мен комбайндарға қажетті құрал-саймандар алдым. Сонымен қоса, бұл қаржының ішінде жұмысшылардың жалақысы, техникаға қажетті жанар-жағармай да қоса есептелген.
– Шаруашылықта 13 еңбеккер бар. Олардың 7-еуі – алыс ауданнан келіп, еңбек ететіндер. Үш мезгіл тамақтары мен жататын орындары тегін. Бұлар – тұрақты жұмысшылар. Олар былтыр бір айға ғана созылған егін орағында 350 мың теңгеден кем емес табыс тапты. Орақ немесе егіс науқандары біткен соң, үш күннің ішінде жұмысшылардың еңбекақыларын қолдарына ұстатамыз. Яғни, бізде ақшаның ретін күтіп қалу деген жоқ. Өйткені, “Аққайың” несие серіктестігі арқылы кез келген сомада, кез келген уақытта несие ала аламыз. Қысқа мерзімдік несиемен қажеттілігімізді өтеп алып, көп кешіктірмей, аз сыйақы мөлшерлемесімен қайтарып бере қоямыз. Егер банктер арқылы несие алсақ, ондағы қағаздар әлегімен және кепілдікке қояр мүлік жетпей, жүйкеміз тозар еді. Ал мен кредиттік серіктесіктің мүшесі ретінде, өзімнің жауапкершілікпен жұмыс істейтінімді танытқандықтан, қарызға ақша сұрай барсам, бір аптаның ішінде оған қол жеткіземін. Тіпті, артығымен. Ал оның төлемінен әзірге қиналған емеспін, сондай-ақ серіктестіктегі басқа әріптестер бір-бірімізге көмектесуге қашанда дайынбыз. Бұл бағыт – мемлекетіміздің агроқұрылымдарға жасап отырған үлкен көмегі. Ал “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ серіктестігі болып табылатын аудандардағы несие серіктестіктерімен жұмыс істеу өте тиімді”, – дейді ұжым басшысы.
Қазір де корпорацияның негізгі қызметінің түрлері – несие серіктестіктері жүйесін ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және өткізу бойынша инфрақұрылымды жетілдіру, мал басын асылдандыруға бағытталған “Сыбаға” бағдарламасы және ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіп түрлерін несиелеу болып табылады. Биылғы жылы корпорацияның Солтүстік Қазақстан облысындағы филалы 319 шаруашылықты қаржыландырып, оған 3 миллиард 343 миллион теңгенің несиесін берді.
– Бұл қаржы шаруашылықтардың жаңа техникаларға қол жеткізуіне, негізгі қорларын толықтыруға, тұқым мен тыңайтқышсатып алуына, еңбекақы төлеуіне және тағы басқа қажеттері үшін берілді. Бізден несие алудың 25 түрлі бағыты бар. Бұл мемлекеттік қаржы институты жеті бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан агрқұрылымдарға жасалып жатқан осындай қолдаудың арқасында шаруашылықтар көкейтесті мәселелерін шешіп, кәсіпкерліктерін дамытуға серпін алып отыр, – дейді “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның СҚО бойынша директоры Серік Ахметбеков.