Өңіріміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің туберкулезге қарсы мекемелерінде бұл дертке шалдыққан жазасын өтеушілер саны азайып келе жатса да, олардың түрмеден шыққан соң, емдеуден бас тартуы әлі де өзекті мәселеге айналып отыр. Қазіргі таңда сотталғандардың ішінде 117 адам Саумалкөлдегі туберкулезге қарсы емдеу мекемесінде емделіп жүрсе, бостандыққа шыққан 13 науқастың ішінде 6-уы қауіпті дерттен құлан-таза жазылып, өзгелері емін жалғастыру үстінде. Ал 1-уі ем алып жатқан ауруханадан қашып шыққан. Қазіргі таңда іздеу шаралары жүргізіліп жатқанмен, нәтиже жоқ.“Жаңа ақпараттық технологиялар өңірлік орталығы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен “дөңгелек үстелде” сотталғандар ішінде өкпе дертін емдеу мәселесі мен түрмеден босап шыққандарды әлеуметтендіру мәселелері қозғалды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жазасын өтеушілер арасында бұл жұқпалы дерттен дауа тапқысы келмейтіндер де бар көрінеді. Мәселен, Саумалкөлдегі туберкулезге қарсы емдеу мекемесінің өзінде емнен бас тартып отырған екі сотталған бар екен. Осы мәселелердің басы-қасында жүрген аталмыш қоғамдық бірлестіктің өкілі Евгений Голендухин: “Бұл дерттен ем қабылдағысы келмейтіндер қоғамға үлкен қауіп төндіретіндіктерін жете түсінулері қажет”, – деді. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші бұл мәселе мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар бірлесе әрекет етсе ғана өз жемісін бермек. Бұл пікірге бір ауыздан қосылған медициналық қызметкерлер, мемлекеттік органдар және қоғамдық бірлестік өкілдері сотталғандарды бұл жұқпалы аурудан емдеу жолдарын ұсынды.
Темір тордың арғы жағында өкпе сырқатынан ем қабылдап шыққандарды туберкулезге қарсы диспансерге есепке қойып, бірден емін жалғастыру шараларын оңтайландыру қажет деген облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бөлім меңгерушісі Кенжегүл Әріпова кейбір сотталғандардың қамаудан шыққан соң, емдеу орнына келмейтіндіктерін де айтты. Ал бұл өңірімізде туберкулез дертін жұқтырған науқас санының көбеюіне әкеліп соқтырады. Себебі, бұл дертпен ауыратын адам күніне бір емес, бірнеше адамның дертке шалдығуына себепкер бола алады екен. Қазіргі таңда республика бойынша өкпе сырқатынан емделмей туберкулезге қарсы диспансерлерден қашып жүрген 8 жазасын өтеп шыққан науқас бар. Оларды іздеу шаралары жылдар бойына жалғасатын көрінеді. Себебі, сотталғандар көрсетілген тұрғылықты мекенжай бойынша мүлдем тұрмайтын болып шығады, деді жиын барысында Қарағанды қаласынан келген “Кредо” қоғамдық бірлестігінің өкілі Любовь Карташова. Осындай өзекті мәселенің шешу жолдарын қарастыру, туберкулезге қарсы диспансерлердегі емнен бас тартып отырған науқастарды емдеу жолдарын заңнамалық тұрғыда шешу қажет деп бір тоқтамға келді “дөңгелек үстелге” қатысушылар. Сонда ғана бұл мәселенің шешімі табылатындығына сенімді олар.