«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАР ЖҮГІН КӨТЕРГЕН НӘЗІК ЖАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күлбаян ВАЛЕЕВА,
Уәлиханов аудандық
мәслихаттың бас маманы.

Күләш Егімбаева – кітапхана ісінің білгір маманы, белсенді ұстанымдағы азамат, асыл ана.

Күні кеше құлын-тайдай тебісіп ойнаған құрбыларымен бірге асқақ арман арқалап, Күләш Нағымжанқызы да білім жолын қуып, қалаға аттанды. 1982 жылы Көкшетау мәдени-ағарту училищесін “Кітапхана ісі” мамандығы бойынша тамамдаған ол өзі таңдаған мамандығы бойынша жоғары білім алу үшін түскен Алтай мемлекеттік мәдениет институтын 1994 жылы аяқтап шығады.

Еңбек жолын оқуға түспес бұрын 1978 жылы қалалық кітапханадан бастаған Күләш Нағымжанқызы кітапхананың барлық бөлімдерінде абыройлы еңбек етіп, 2002 жылы аудандық Мәдениет және спорт бөлімінің бастығы, одан соң аудандық Мәдениет үйінің директоры қызметтерін атқарды. Ал 2010 жылы кітапханаға директор ретінде қайта оралды.

Қай жерде істесе де, өзінің сыпайылығымен, адамдармен тіл табыса білуі және жоғары кәсіби біліктілігімен, ең бастысы – жан мен ар тазалығының арқасында ол ұжымдағы қызметкерлерінің құрметіне бөленуде.

Өзі мәдениет саласының қызметкері болған соң үнемі мәдени-қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылады. Жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, бүгінгі күн талабына сай жаңа технологияларды пайдалана отырып, іс-шаралардың мазмұнды өткізілуіне жіті назар аударады. К. Егімбаеваның шебер басқаруының арқасында бүгінде аудандық кітапхана үздіктер қатарынан орын алған. Облыс бойынша аудандық кітапханалар арасында жыл сайын өтетін байқауда 2010 жылы 3-орын иеленсе, 2012 жылы 2-орынды, ал Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізілген “Ең үздік ауылдық мекеме” байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Соған сәйкес облыс әкімінің дипломымен марапатталып, сыйлыққа толық жабдықталған компьютер табыс етілді.

Күләш Нағымжанқызы бүгінде белсенді қоғамдық ұстанымының арқасында ел қамын ойлайтын халық қалаулыларының қатарынан көрініп жүр. Жергілікті өнім өндірушілерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, қоғамға жат құбылыстар – маскүнемдікке, нашақорлыққа, бұзақылыққа қарсы мақсатты түрде күрес жүргізу, ауыл клубтары мен кітапханаларының материалдық-техникалық базасын жақсартуға жәрдемдесу – оның депутаттық міндеттері.

Халық қалаулылары қызметінің негізгі бағыты сайлаушылардың талап-тілектерін назарда ұстап, орындалуына жәрдемдесу болса, Ақбұлақ сайлау округінен сайланған К.Егімбаева бұл бағытта да аянбай жұмыс атқаруда. Тоқсан сайын кестеге сәйкес өткізіліп отыратын сайлаушылармен кездесулер нәтижесінде қозғалған мәселелер бойынша, мәселен, Кішкенекөл ауылының Амангелді көшесіне су колонкаларын орнату, Чехов орта мектебінің жылыту қазандығын ауыстыру, шатырына түбегейлі жөндеу жүргізу, терезелерін ауыстыру, мектепке таза ауызсу тарту, Молодая гвардия, Қарашілік, Ақбұлақ ауылдарын жарықтандыру мәселелері көтерілген депутаттық сауалдарын тиісті органдарға жолдады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp