«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНА – 30 ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осы мерейтойға орай ауруханада “Педиатрия және балалар хирургиясының өзекті мәселелері” тақырыбында өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Астана, Алматы, Қостанай, Омбы қалалары мен аудан орталықтарынан келген ақ халаттылар қатысты. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

– Республикадағы бала туу бойынша біздің облыстың көрсеткіші төмен болғанымен, өлім-жітім үстіміздегі жылдың 8 айдың өзінде 10,2 пайызға төмендеді, – деді конференцияда облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі орынбасары Рашида Иванова. Ауру-сырқаулық, балалар арасында мүгедектік азайған. Полиомиелит, дифтерия, қызылша сырқаттарымен ауырған балалар тіркелмеген. Бұл жұқпалы аурулардан облысымыз ада. 2002 жылдан бері облыстық Балалар ауруханасы түмендік әріптестермен келісімшартқа отырып, жүрек ақауы бар 575 сәбиге күрделі ота жасалған. Оның 231-і облыстық Балалар ауруханасында жасалды. Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығымен байланыс орнатылған. Тұңғыш рет бұл орталықтың кардиохирургия тобы өңірімізге келіп, ашық жүрекке 5 ота жасаса, қазан айында 11 сәбиге облыстық балалар ауруханасы негізінде дәл осындай ота жасау жоспарланған.

Облыстық балалар ауруханасында бүгіндері 65 дәрігер мен 207 медбике қызмет етіп келеді. 14 бағыт бойынша жұмыс істейтін аталмыш аурухананың жүрек ақауымен дүниеге келген балаларға диагностикалық әрі ем-дом шараларын жүргізетін кардиоревматология, неврология, нефрология, хирургия, травматология, анестезиология және қарқынды терапия бөлімшелерінде сан мыңдаған кішкентай солтүстікқазақстандықтар дертке дауа іздеп, емделіп жүр. Атап айтқанда, ауруханада жыл сайын 9,5 мың жас өрен стационарлық көмек алып, 2 мыңнан астам ота жасалады. Көрсеткіштері жыл санап жақсарып келе жатқан аурухана облысымыздағы балаларға сапалы медициналық көмек түрлерін көрсететін бірегей емдеу мекемесі болып табылады. Арухана негізінде бүгінгі таңда сауықтыру бөлімі жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында 2011 жылдың ақпан айында оқу орталығы ашылып, онда облыстың медициналық қызметкерлері білімдерін жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызылған. Көршілес жатқан облыстардың балалар ауруханасымен байланыс орнатқан облыстық балалар ауруханасы болашақта неонотология саласын дамытуды көздеп отыр.  

Конференцияға қатысқан Астана қаласының Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығының профессоры, Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс неонатолог хирургі Асылжан Ерекешов республика бойынша сәбилер шетінеуінің мәселелеріне тоқталып, өлім-жітіммен қандай күрес жүргізіліп жатқандығын әңгімеледі. Егерде 2011 жылы туабітті ақаулармен дүниеге келген сәбилерге арнайы көмек тек Алматы мен Астана қалаларында берілсе, қазіргі таңда облыстардың географиялық орналасуына сәйкес бұл көмек түрі 4 өңірде көрсетіледі.

Көбіне-көп сәбилер өліміне әкеп соқтыратын туа-бітті жүрек ақауының алдын алу, оны емдеудің тиімді жолдары жайында ой бөліскен омбылық ақ халаттылар мен мемлекетіміздің өзге аймақтарынан келген дәрігерлер конференция барысында түрлі тақырыптарда баяндамалар жасап, облыстық балалар ауруханасы ұжымын мерейтоймен құттықтады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp