Рысжан НҰРҒАЛИЕВА,
облыстық Білім басқармасының бас маманы.
Жаңа оқу жылынан бастап өңіріміздегі 301 мектепке “Абайтану” курсы енгізілді. Бүгінде аталмыш курс 6792 оқушыны қамтып отыр. Курсты қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері өткізуде.
“Абайтану” курсын енгізу ерекшеліктері туралы педагогтердің тамыз конференциясы қарсаңында өткізілген қазақ әдебиеті пәні мұғалімдерінің секция жұмыстарында қарастырылған болатын. Ал Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған типтік оқу бағдарламасының негізінде күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасалып, білім мекемелерінің басшылары бекітті. 2005 жылы Петропавл қалалық классикалық гимназиясының базасында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қарақат Шалабаевтың жетекшілігімен “Абайтану” орталығы жұмысын бастаған еді. Бүгінде облысымыздың қазақ әдебиеті пәні мұғалімдерінің шығармашылық зертханасы ретінде қызметін атқарып, жылдық жоспарға сәйкес оқыту семинарларын, “дөңгелек үстел” отырысын, оқуларды өткізіп отырған орталыққа жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Күлбаршын Есмұқанова жетекшілік етеді.
“Абайтану” курсының енгізілуіне байланысты “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында 1 апталық даярлық курстарын ұйымдастырды. Кестеге сәйкес қараша айына дейін 110 мұғалім даярлау курстарына қатыспақ. Осы орайда аталмыш курстардың тиімді өтуіне және құнды материалдарды жинақтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасының келісімімен облысымыздың 30 қазақ әдебиетінің шығармашыл ұстазы үстіміздегі жылғы 10-12 қазан аралығында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, “Құрмет” орденінің иегері Қанипа Бітібаеваның зертханасына және Абай ауданындағы Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне танымдық семинар-саяхатқа барды.