Еңбек жолын 26 жыл бұрын бастаған алғашқы ұстазымыз Шолпан Шәріпова – бізге алғаш қалам ұстатып, әліппені үйреткен ұлағатты жан. Бәрімізге өнеге үйретіп, тәрбие берген адам. Сол үшін оған алғысымыз шексіз.
Шолпан Төлегенқызы – жаңашылдықпен жұмыс істеп, заманауи әдіс-тәсілдерді басшылыққа алатын білікті маман. Сол арқылы оқушылардың оқуға деген ынтасын арттырып, оларды саналылыққа жетелейді. Қазір өсіп-өніп, туған Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген Гүлжан Бекбаева, Самат Баяубаев, Махаббат Төрежанова, Асан Смағұлов, “Алтын белгі” иегерлері Нұрсұлу Оспанова, Гүлзина Еслямова, мемлекеттік оқу грантының иегерлері Нұргүл Шәріпова, Гүлден Идрисова, Тәттігүл Жұмажанова сынды көптеген шәкірттері бар.
Шолпан Шәріпова қазір де Киевский орта мектебінде еңбек етіп жүр. 2010 жылы “Жыл мұғалімі” атты аудандық байқауға қатысып, жүлделі үшінші орынға ие болған.
Мұғаліміміздің берген білімі мен тәрбиесінен жауаптылық, қажырлылық, білімділік, жүректілік, сүйіспеншілік, сабырлылық сияқты қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Қазір ол құндылықтардың біздің өмірімізде пайдасы зор. Шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстазымыз Шолпан Төлегенқызының жас ұрпақты білімді, ұшқыр ойлы, туған Отанын жан-тәнімен сүйетін азамат етіп тәрбиелеу жолында әлі де еңбек сіңіре береріне сеніміміз зор.
2010 жылғы түлектер.
Ақжар ауданы.