«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕНДІ СУДЫ ҮНЕМДЕП ҮЙРЕНЕТІН БОЛАМЫЗ “Қызылжар судың” жаңа тарифі желтоқсан айынан бастап енгізіледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің магистральдық құбырлар мен тарату желілері арқылы су беру және ағын суды бұру мен тазарту қызметтеріне тарифті көтеру жөніндегі өтініші көптеген тыңдау мен талқылаудан өтіп, сараптамалық қолдау тапқаннан кейін облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бұйрығымен аталмыш қызметтерге осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап жаңа тариф бекітілді. Осы мәселеге қатысты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихаты өткізіліп, онда облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Марат Мұстафин түсініктеме берді.

Онда айтылғанындай, магистральдық құбырлар мен тарату желілері арқылы су беру және ағын суды бұру мен тазарту қызметтеріне орташа мерзімді кезеңге 2013 жылғы 1 желтоқсаннан 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін (үш жылға) тарифтердің және тарифтік сметалардың шекті деңгейлері қолданысқа енгізілетін болды. Ол бойынша магистральдық құбырлар мен тарату желілері арқылы су беру қызметінің құны тұрғындар тобына жататын жеке тұлғалар үшін әрбір текше метріне қосымша құн салығынсыз (ҚҚС) 67,876 теңге тұрады (ҚҚС-ымен) 76,02 теңге, яғни тұрғындар үшін бірыңғай тарифтің орташа өсімі 40 пайызды құрап отыр. Ал бюджет есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғалар, ұйымдар және басқа тұтынушылар үшін ол ҚҚС-сыз 190 теңге (ҚҚС-ымен) 212,80 теңге болады, мұндағы тарифтің орташа өсімі – 50 пайыз.

Ағын суды бұру мен тазарту қызметінің тарифтік өсімі бұдан да жоғары. Мысалы, тұрғындар тобына жататын жеке тұлғалар оның әр текше метріне ҚҚС-сыз 59,011 теңге (ҚҚС-ымен бірге 66,09 теңге) төлейді, тарифтің орташа өсімі 58 пайызды құрайды. Келесі топтағы бюджет есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғалар, ұйымдар және басқа тұтынушылар үшін ол ҚҚС-сыз 166,284 теңге (ҚҚС-ымен) 186,24 теңге тұрады. Мұндағы тариф өсімі – 60 пайыз. Осы ретте мұның өзімізбен іргелес қалаларда біршама қымбаттырақ тұратынын да айта кеткен жөн.

Енгізіліп отырған тариф құрудың жаңа тетігі кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасына баса назар аударуға қатысты. Инвестициялық жөндеу жұмыстарының шығындары түзілген тарифтің 32 пайызын алады. Сондай-ақ кәсіпорын қызметшілеріне еңбекақы белгілеуде оның өңірдегі инженер-техник қызметкерлердің орташа еңбекақы көлемінен кем болмауы қағидаты мен тұтыну бағалары индексі ескерілген. Сол өлшеммен келгенде инженер-техник қызметкерлерінің орташа айлық еңбекақысы 71 мың теңге көлемінде белгіленген. Одан басқа тарифтік түзілімде 16 пайыз электр қуатының, 6 пайыз химиялық реагенттер, 3 пайыз салық және 4 пайыз өнім өткізу қызметі үлестері бар.

Департамент басшысы қадап айтқандай, тариф құрудың жаңа тетігін енгізудің басты мақсаты – тұрғындарды су үнеміне үйрету. Оны үнемдеп жұмсау арқылы да тарифтің отбасы бюджетіне салмағын азайтуға болады. Бүгінде қаладағы көппәтерлі үйлердің 87 пайызында есептегіш құралдары бар. Олар толық есептегіш құралдарын орнатқан жағдайда жан басына 7,6 текше метр тұтыныс нормасымен емес, орта есеппен 4,0 текше метр су үшін ғана ақы төлейді. Тарифтің 48 пайыз өскенінен гөрі, анағұрлым артық ақы төлемі осында жатыр. Суды үнемдеп пайдалана білсек, жаңа тарифті де еңсеріп кете аламыз. Ал ол “Қызылжар су” ЖШС-ін қайта құрып, жаңғыртуға септігін тигізеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp