Петропавлдағы Достық үйінде өзге ұлт өкілдері арасында дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын облыстық байқау бұл жолы осылай аталды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының, облыстық Білім басқармасы және Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқаудың мақсаты мемлекеттік тілді дамыту арқылы қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетін де насихаттау болып табылады.
Облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Әсел Сүлейменова мұндай байқау өзге ұлт жастарының қазақ тіліне қызығушылығын арттырып, мемлекеттік тілді меңгеруге түрткі болмақ деген пікірін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауда облысымыздың әр ауданынан келген барлығы 15 оқушы бақ сынады. Үш кезеңнен тұратын байқауда балалар мемлекеттік тілде таза сөйлеп қана қоймай, қазақша ойлау қабілеттерін де көрсетуге тырысты. Бірінші кезеңде әрбір қатысушы өздерін өлеңмен таныстырып, өнерлерін көрсету арқылы қазылар алқасын таңғалдыруға тырысып бақты. Екінші сын “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” деп аталды. Онда қатысушылар ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқуда сынға түсті. Ал мақал-мәтел сайысында балаларға бірі бастаған мақалды екіншісі жалғастырып, оның мән-мағынасын түсіндіру міндеті қойылды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды және фотоаппарат сыйлығын Жамбыл ауданынан келген Екатерина Гедзур иеленді. Екі екінші орын Фарида Надирова және Марина Шваюкке бұйырып, жеңімпаздарға телефон тарту етілді. Ал үшінші орынға Жанна Таран, Наргиз Абдрахманова, Светлана Журина ие болып, оларға кітаптар және флешкарта табысталды. Сондай-ақ “Көрермендер көзайымы” аталымына Карина Минакова, мәнерлеп оқу бойынша Галина Калашникова, ал “Актерлік шеберлік” аталымына Виктория Новикова ие болды.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.