«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҒЫЗ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БОКСШЫ ширек финалға жолдама алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бокстан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалына тоғыз қазақ боксшысы шықты. Ал Антон Пинчук ұтылып қалды.

49 килограмдық салмақ дәрежесінде Біржан Жақып өзбек боксшысы Хасонбай Дусматовты 3:0 есебімен жеңді. Енді оның ширек финалдағы қарсыласы пуэрторикалық Антони Чакон болмақ. 56 килода Қайрат Ералиев қырғыз Өмірбек Малабековтен басым түсті. Есеп – 2:1. Ол ширек финалда Лондон Олимпиадасының чемпионы, кубалық Робеиси Ромиреспен жұдырықтасады. 75 килода Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Хуан Меркадоға қарсы кездесуге шығып, үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Боксшымыздың ширек финалдағы қарсыласы – румыниялық Богдан Джуротани. 64 килода Мерей Ақшалов Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамспен кездесіп, қарсыласынан басым түсті. Ол да ширек финалда. 91 килода Антон Пинчук универсиаданың күміс жүлдегері Рустам Тулягановтан (Өзбекстан) ұтылып қалды.

Ал қазанның 22-сі күні шаршы рингке шыққан бес бірдей қазақстандық боксшы қарсыластарынан басым түсіп, ширек финалға жолдама алды. Атап айтқанда, Берік Әбдірахманов (60 кило) неміс Роберт Харутюнянмен кездескен болатын. Бұл кездесу белсенділік танытқан қазақстандық спортшының жеңісімен аяқталды. Әділбек Ниязымбетов 81 килоға дейінгі салмақта әлем чемпионатында ширек финалға шығу үшін Косово спортшысы Арменд Хохаймен кездесті. Әділбек төрешілердің шешімімен жеңімпаз атанды. Ал “Астана Арланстың” бұрынғы боксшысы венгр Иштван Бернадтпен қолғап түйістірген Иван Дычко (+91 кило) әлем чемпионатының ширек финалдық жолдамасын қанжығасына байлады. 52 килограмм салмақ дәрежеінде Ілияс Сүлейменов қырғыз елінің боксшысы Азат Үсеналиевпен бокстасып, ширек финалға шыққан сегізінші қазақстандық боксшы атанды. Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусінов 69 килограмм салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының ширек финалдық жолдамасын Франция өкілі Сулеймани Сиссохомен сарапқа салды. Кездесу қорытындысы бойынша жеңісті қанжығасына басқан Данияр ширек финалға шыққан тоғызыншы қазақстандық боксшы атанды.  

(Өз тілшімізден). 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp