«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕГІ КӨРНЕКІ АҚПАРАТ бұдан былай дұрыс жазылатын болады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Петропавлдағы Достық үйінде облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен “дөңгелек үстел” өтті. Онда қала көшелерінде қатынайтын қоғамдық көліктердегі көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың тілдер туралы заңнамаға сәйкес ресімделуін тексерудің қорытындысы жария етілді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Іс-шараға Петропавл қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі бөлімінің мамандары, қалалық жолаушыларды тасымалдау қауымдастығының төрағасы, көлік кәсіпорындарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.  

Жиын жоспарға сәйкес өткізілген кезекті рейд қорытындысы бойынша жүргізілді. Ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтанов қоғамдық көліктердегі жазуларда кездесетін қателер туралы айтып қана қоймай, оларды слайд арқылы көрсетті.

– Қоғамдық көліктердің ішіндегі жазуларда қате аз емес, оны күнде көріп жүрміз. Бірақ мұндай олқылықтарға жол беруге болмайды. Көрнекі ақпараттың барлығы да тіл заңнамасына сай болу керек. 2009-2010 жылдары осындай тексерулер жүргізілген болатын. Өкінішке қарай, сол кездегі қателердің әлі де түзетілмегені анықталып отыр. Осындай салғырттыққа жол бермеу үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Сонда ғана мәтінде кетіп жатқан қателерді жоя аламыз. Ендігі кезекте көлік ішіне қандай да бір ақпаратты ілмес бұрын біздің бөліммен хабарласып, мәтінді көрсетіп аласыздар. Қате табылса, ол дереу дұрысталып, мәтінді содан кейін ғана қолдануға болады. Мұндай іс-әрекеттің барлығы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Келесі тексеріс барысында тағы да қате шығып жатса, бірінші ретте ескерту беріледі. Ал екінші рет қайталанса, айыппұл салынады, – деді Ернияз Ырыскелдіұлы.  

Ол қоғамдық көліктердің атын атап, түсін түстеп, көрсете отыра, олардың ішіндегі жазуларда кеткен грамматикалық, орфографиялық, стилистикалық қателердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, орысша аудармасын айтып, мағынасын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, жазуды көлік ішіне орналастыру ережесін де қадап айтты.

Кездесуге қатысқандар кезекпен сөз алып, алдағы уақытта көрнекі ақпараттың түр-түсін, әріптерінің біркелкі болуын, көлік ішінде аялдаманы айтып отыратын қызметкердің таза екі тілде сөйлеуіне дейін қадағалап, жүйелі түрде жұмыс істеуді ұсынды. Нәтижесінде орынды ұсыныстардың барлығы қабылданып, екі жақ алдағы кезде бірлесе жұмыс істеуге келісті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp