«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІЗГЕ КІМ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?” Саңырау балалардың бұл сұрағы жауапсыз қалды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “дөңгелек үстел” өтті. “Біздің саңыраулар әлеміне оралуымызға жол бермеңдер!” атты тақырып төңірегінде өрбіген жиында екі мәселе қаралды. 

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Атап айтар болсақ, 2007 жылдан бастап құлағының кемістігі бар балаларға кохлеарлы имплантация операциясы жасала бастаған. Бүгінде облыс бойынша ондай балалардың саны – 22. Бәрі де 1-16 жас аралығындағылар. Олардың құлағына тағатын құрылғыны әрбір 4-5 жыл сайын ауыстырып тұру керек. Бірақ арада алты жыл өтсе де, оны ауыстыруға жағдай болмай тұр. Сондай-ақ сынып қалған жағдайда да ата-ана аталмыш құрылғыны Ресейге апарып, өз қаржысына жөндетеді екен. Оның әрбір титтей бөлшегін жөндеу 25-35 мың теңгені қажет етеді. Ал жаңасын сатып алу, тіпті, қымбат. Егер жақын арада аппарат ауыстырылмаса, баланың қайтадан естімей қалу қаупі туындап отыр.

Жиынды ұйымдастырған “Улыбка” балалар қайырымдылық қорының президенті Галина Бондаренко осы проблеманы жан-жақты айтып, бір шешім қабылдау жолдарын іздестірді.  

Өкінішке қарай, отырысқа келген Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бұл мәселе олардың саласына қарасты емес екендігін айтты. Ал қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс жөніндегі секторының меңгерушісі Асхат Бакеев:

– Бәрі де заң аясында болуы керек. Дәл қазір мен көмектесеміз дегендей жауап бере алмаймын. Бұл мәселені ретімен қарастыру керек. Алдымен мекемеге келіп, өтініш жазыңыздар, кейін барлық мүмкіндікті қарап көреміз, – деді ол.

Бұған дейін де талай табалдырықты тоздырып, көңілдері қалған ата-аналар енді мүгедек балаларға кім көмектесе алатынын білмей дал.

Екі сағатқа созылған жиында мәселе шешімін тапқан жоқ. Ақыры жиналғандар бұл мәселені қалалық мәслихат сессиясында көтеру керек деген шешімге келді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp