«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАП ҚОРЫ ТОЛЫҚТЫРЫЛА ТҮСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Кітап фестивалі” атты көрме ұйымдастырылды. Мақсаты – оқырмандарды кітапхана қорына түскен жаңа оқулықтармен таныстыру. 

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Екі-үш ай сайын өтіп отыратын іс-шара осы жолы да жалғасын тауып, мыңнан астам жаңа кітап түрлері оқырмандар назарына ұсынылды. Көрмеден орын алған кітаптар сегіз сала бойынша бөлініп, бөлек-бөлек қойылған. Медицина, спорт, ауыл шаруашылығын дамыту, көркем әдебиет тақырыптары, психология мен педагогика саласынан да біраз пайдалы мәлімет беретін кітаптар бар. Ұстаздар мен мектеп оқушыларына арналған оқулықтар да аз емес. Шет тілдерін үйренуге ынта қойған балалар үшін де қажет дүниелерді осы жерден табуға болады. Оқумен ғана шектелмей, ойын түрінде де баланың сана-сезіміне ықпал етуге бағытталған қызықты кітаптар қойылған. Ең кішкентай оқырмандарға да базарлық бар. Олар үшін бұл көрмеге қазақ және әлем халықтары ертегілерінің жинағы қойылған.  

Бұл күні көрмеге жиналғандардың басты назарын аударған ерекше бір кітап болды. Ол – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жайында жазылған “Елбасы сыныптастары” атты естелік кітап. Тарихи құндылығы бар кітап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы аясында жүзеге асқан. “Алтын ұя” ЖШС-і басып шығарған кітап Елбасының балалық және жастық шағы туралы, сыныптас достарының естеліктері, өзі білім алған мектеп тарихы, мұражайлар қызметі туралы сыр шертеді.  

Кітапханашы, аудармашы Қайыржан Мәлікованың сөзіне сүйенер болсақ, бүгінгі таңда әдебиет қоры бір миллионға жуық. Оның ішінде жүз мыңы мемлекеттік тілде болса, жылына кітапхана он мыңдай жаңа кітаппен толығып тұрады екен.

– Бүгінгі көрмеден әр оқырман өзіне қажет дүниелерді табады деген ойдамыз. Сегіз бағытқа бөлінген кітап көрмесі үш күнге созылады. Содан кейін олар кітапхана ішіндегі бөлімдерге жіберіледі, – дейді кітапхана қызметкері.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp