«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ ТҰҚЫМЫН АСЫЛДАНДЫРУ – ет молшылығын жасау жолы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат МЫҢЖАСОВ,

СҚМӨШҒЗИ директоры, профессор,

Бәкімбай ҚАСЕЙІНОВ, доцент,

Ақан ЖҮНІСОВ, доцент,

Жоламан ТӘЖІБАЕВ,

кіші ғылыми қызметкер.

2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан “Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасы мал шаруашылығы мен азық-түлік өндірісін және табынды шаруашылық малдарын көбейтуге үлкен септігін тигізіп отыр. Жобаның артықшылығы, оның негізгі құрылымы – етті мал шаруашылығы саласын мемлекеттің қолдауымен тауарлы табынды өз төлінен өсіру үшін жағдай жасалуында болып табылады. Асылтұқымды мал басын көбейту үшін шетелдік селекциядағы ірі қара сатып алу бойынша шаралар іске асырылуда. Соңғы жылдары Қазақстандағы ауыл шаруашылық құрылымдары шетелден асылтұқымды, өнімділігі өте жоғары ірі қара әкелуде. Бүгінгі күнге дейінгі дерек бойынша, Солтүстік Қазақстан облысына шетелден 60 мыңнан астам асылтұқымды қара мал жеткізілді.

Бүкіл әлемде халық санының көбеюіне байланысты, жылдан-жылға ет және сүт өнімдеріне деген сұраныс арта түсуде. Осы жағдай мал шаруашылығының дамуына және оны асылдандыруға көп әсер етуде. Соған орай етті және сүтті-етті тұқымға жататын малдардың еттілік қасиеті жақсартылуда. Оған сүтті-етті симменталь және етті ангусс тұқымдарын жатқызуға болады. Сиырдың симменталь тұқымының шығу тарихын зерделеп қарасақ, бұл жаңа тұқым ең алғаш Швейцарияда ХІХ ғасырдың ортасында пайда болған. Кейін Еуропаның 13 еліне тарап, бұл елдерде симменталь тұқымын етті және сүтті бағытта жетілдіру жұмыстары жүргізілген.

Етті ірі қараның әлемде 26 тұқымы бар болса, соның төртеуі: шортторн, герефорд, абердин-ангусс және шароле көптеген мемлекеттерде жиі тараған.

Ет өнімін көбейтудің бір жолы – сүтті тұқымға жататын сиырлардың көпшілігін етті тұқымға жататын бұқалармен будандастыру немесе қолдан ұрықтандыру болып табылады.

Осы орайда Қазақстанға шетелден әкелініп жатқан малдарды солтүстік өңірінің табиғатына бейімдеу және оны көбейту, олардың өнімділігін зерттеу және ұлғайту бойынша Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (СҚМӨШҒЗИ) ғалымдары жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы “НұрСенАгро” ЖШС-іне 400 бас симменталь тұқымының сиырлары әкелініп, Қызылжар өңірінің табиғатына бейімделіп, көбейтілуде. СҚМӨШҒЗИ ғалымдарымен бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шетелден әкелінген малдардан жергілікті малдарға қарағанда әлдеқайда жоғары өнім алынып, шаруашылыққа айтарлықтай табыс кіргізуде.

Біздің ғылыми-іздену жұмыстарымыздың негізгі мақсаты мыналар болып табылады:

– бұқалар мен селекциялық топтағы сиырларды будандастыру;

– малдардың денсаулығын бақылау және оларда пайда болған аурулардың алдын алу үшін емдік шаралар жүргізу;

– малдарды толыққұнды азықтандырудың рационын жасау;

– малдарды өз төлінен өсіру және қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізу;

– малдардың еттілік және етті-сүттілік қасиеттерін және олардың экономикалық тиімділігін зерттеу.

2012 жылы күзде аталмыш шаруашылықтағы 83 сиыр сүттілігі жоғары бұқамен қолдан ұрықтандырылып, нәтижесінде 62 бұзау алынды, яғни сиырлардың 75 пайызы бұзаулады. Ал биылғы наурыз айында – 103, маусым айында – 100, тамыз айында 100 бас сиыр қолдан ұрықтандырылды. Сонымен бірге осындағы бұқалардың өнімділігі бағаланып, сатуға шығарылып отыр.

Сондай-ақ үстіміздегі жылдың көктемінде “Мәмбетов және К”коммандиттік серіктестігінде Америкадан әкелінген бұқалардың ұрықтарымен 245 бас етті кабердино-ангусс тұқымды сиырлар ұрықтандырылды. Бұл шаруашылықта да біздің ғалымдарымыздың қатысуымен селекциялық жұмыстар жүргізілуде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp