Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Үй басы кемінде бір-бір көлік мінген осы заманда жүргізушілік куәлігін алғысы келетіндер еселеп өсіп отыр. Соның ішінде, әсіресе, “В” санатындағы, яғни жеңіл көліктерді басқаруға жүргізушілік куәлік алғысы келетіндер өте көп. Сондықтан осындай білім беретін кәсіптік оқу орындарына деген сұраныс артып, бұрындары мемлекеттік автомектеп пен ДОСААФ мектебі ғана болатын Петропавл қаласының өзінде ғана жекеменшік он шақты автомектеп ашылды. Сөйтіп, шынайы бәсекелестік туындап, білім беру сапасы да жақсара түсті. Сондай автомектептердің бірі – 2010 жылы қараша айында ашылған “Стриткар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі .
– Аз ғана уақыт ішінде ұжымымыз айтарлықтай жетістіктерге жетті. Барлығы 715 адам “В” санаты бойынша көлік басқару куәлігін алды. Бізден көлік жүргізу құқын алуға оқып шыққандардың 60 пайызы – әйелдер. Оқып шыққандар мен куәлік алғандардың 10 пайызын колледждер оқушылары мен университет студенттері құрайды. Мектептен білім алушылар әр жастағы, түрлі санаттағы адамдардан құралғандықтан, оқу кестесі олардың көпшілігінің сұранысына лайықталып жасалады. Оқу мерзімі 2,5 айға шақталған және оған қоса көлік жүргізуден 32 сағаттық тәжірибелік жаттығу сабағынан өтеді. Қазіргі уақытта мектебімізде 50 адам оқып жүр, – дейді автомектеп директоры Василий Лахтиков.
Мұндағы оқу сыныбының жабдықталуы кәсіби-техникалық оқу орындарынан бір де кем емес. Механизмдердің көрнекілік стенділерінде бұрынғы мемлекеттік автомектептегідей ескі көлік тетіктері емес, негізінен осызаманғы шетелдік автокөліктердің жинақталған буындары немесе жекелеген тетіктері қойылған. Көліктердің техникалық бөлігін оқытқанда олардың тигізер пайдасы зор. Сынып кабинеті Интернетке қосылған компьютерлермен жабдықталғандықтан, қосымша техникалық сипаттамалар мен нұсқамаларды олардан да табуға болады. Курсқа қатысушыларға техникалық білім берумен Николай Алютин және Евгений Жансарин сияқты тәжірибелі техник-ұстаздар айналысады.
Қызметтің осы түріндегі жанды бәсекеде өз орнын ойып алған “Стриткар” мектебі толық техникалық жарақтануының нәтижесінде тәжірибелік жаттығу сабақтарын жүргізуде алдарына жан салмай жүр. Оған алдымен, өздеріндегі автодромның арқасында қол жеткізілуде. Өйткені тұңғыш рет рульге отырған талапкерлер өздерінің алғашқы көлік жолын осында бастайды. Қаланың көлік толы көшесіне шықпас бұрын олар автодромдағы кедергілер мен бұрылыстардан мүдірмей өтуді үйренулері керек. Мектептің жүргізу жаттығуларына қажетті бір “ДЭУ-Матис”, екі “Фольксваген Гольф” және бір “Фольксваген Пассат” жеңіл автокөліктері бар. Тәжірибелік жаттығу сабақтарын 30 жылдан астам өтілі бар нұсқаушы Владимир Климошенко жүргізеді.
– Көлік басқаруға ерлерден гөрі нәзік жандарды үйрету жеңілірек сияқты. Өйткені, олар айтылған нұсқауды тез ұғып, ұқыптылықпен атқарады, – дейді ол.
Мектептің оқыту курсының төлем ақысы да қымбат емес. Қай қырынан алып қарасаң да, бәсекелестерінен олқы түспейтін оқу орны әлі де оқу сапасын жақсарта түсуді көздейді.
СУРЕТТЕ: нұсқаушы В. Климошенко шәкірті О. Негановаға дәріс беруде.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.