«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАРАКӨЗДІ” НЕСИЕ ҚИНАП ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданында орналасқан “Қаракөз” ШҚ 16 жылдан бері мал өсіріп, сүтті қайта өңдеумен айналысады. Сүттен жасалған түрлі өнімдерді еліміздің бірқатар қаласына жөнелтетін ШҚ-ның жұмысы жайлы сөйлеспек болып, оның басшысы Ариш Каракозидимен кездескен едік.

– Ариш Георгиевич, осы жылдар аралығында кәсібіңізді дамытуда қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?  

– 1997 жылы жер алып, өз малымызбен “Қаракөз” ШҚ құрдық. Мал өсірген соң оған арнайы орын керек. Сол себепті бұрынғы Арықбалық кең-шарының қорасын алдық. Осыдан кейін мал өсіріп, сиыр сауып, сүт өнімдерін ұқсата бастадық. 1500 гектар алқап, 1600 гектардай жайылым бар. Жалпы мал басы – 400. Ірі қараны сүт өндіру үшін өсіреміз. Сол себепті бізде сүтті қайта өңдейтін цех жұмыс істеп тұр. Осы цехтан шыққан айран, қатық, қаймақ пен ірімшіктің 6 түрін еліміздің бірқатар қалаларына жөнелтеміз. Бүгінде ШҚ-да 20 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы көлемі 40 мың теңге мөлшерінде.

– Болашақта құрған жоспарларыңыз бар шығар?

– Біз сияқты шаруа қожалықтары өмір сүріп емес, өмір сүруге тырысып жатыр. Қазіргі таңда банктен алынған несие шаруа қожалықтарының алқымынан алып отыр.

– Жеңілдікпен берілетін несие бар емес пе?

– Ол несиені алу үшін құжат жинаумен 1 жылдай жүгіруіміз керек. Ал несие берілген кезде ойыңдағы жоспарыңды жүзеге асыру уақыты өтіп кетеді де, алынған қаржының түк пайдасы болмай қалады. “Қасық түскі аста қажет” демеуші ме еді?

– Сіздің ойыңызша, несие пайызсыз болуы қажет пе?

– Иә. Егер мемлекет мал шаруашылығын дамытқысы келсе, бұл бағытта еңбек етіп жүргендерге несие пайызсыз берілуі қажет. Себебі, мал өзіне кеткен шығынды бір-екі жылда өтей алмайды. Бұған 5 жылдай уақыт қажет. Осы уақыт аралығында бұзаудан сиыр өсіре аламыз. Мемлекет пайызсыз несие беріп, біздің сол қаржыны қалай жұмсап отырғанымызды жарты жыл сайын тексеріп отырса, жұмысымыз өнер еді.

– Мойныңызда неше несие бар?

– Екеу. Ай сайын 10 мың доллар несие төлеймін.

– Сіздің ойыңызша, сүтті қайта өңдеу тиімді ме, әлде малды етке өсірген ыңғайлы ма?

– Қазір жемшөп сатқан пайдалы. Себебі, еттің құны жоқ, ал жемшөптің бағасы жыл сайын қымбаттауда. Әрі біздің өніміміздің аргентиналықтардың, поляктардың, қытайлықтардың етіне бәсекелес болуы оңай емес .

– Ал сүтті іске жаратуда қандай қиыншылық бар?

– Бізде сүт тапшы. Ал мал басын көбейту қосымша қаржыны қажет етеді. Бүгінде ШҚ-да елу шақты бие бар. Оларды сауып, қымыз өндіргім келеді. Бірақ тағы да қаржы тапшы.

– Сүттің мол болуына не әсер етеді деп ойлайсыз?

– Сиыр, кадр, жағдай жасау, жемшөп. Сиырды көбейтуге кадр тапшы, жемшөп қымбат, оны күтіп-баптауға жағдай жасау да айтарлықтай қаржыны қажет етеді. Біз биыл украиналық “Агро-союз” холдингінен мал тұратын екі ангар сатып алдық. Олардың әрқайсысы 6 миллион теңге тұрады.

– Бұл ангарлар малға суық емес пе?

– Қара малға жылысының қажеті жоқ. Егер далада ауа температурасы -300 С болса, ангар ішінде -250 С. Мал жақсы өсуі үшін ангар құрғақ, аммиак жоқ және жемшөп мол болуы қажет.

– Кадр тапшылығын қалай шешудесіз?

– Өзіміз оқытуды қолға алдық. Үстіміздегі жылы бір кісіні мал шаруашылығы бойынша маман қылу үшін оқуға жібердік. Мен жастарға үнемі ауыл шаруашылығына қатысты мамандықты игеріңдер деп айтамын. Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отырғандықтан, олар жұмыссыз қалмасы анық. Кең сұранысқа ие.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp