«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘТТІДЕН ТАРТУ ЖАСАП, таңғалдыру да өнер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмірді өнерімен өрнектеп, өзінше жол салып жүрген еңбекқор адамдардың бірі – Светлана Марченко. Қолөнер иесінің өзгелерден ерекшелігі – ол кішкентайлардан бастап, үлкендерге дейін жақсы көретін тәтті шоколадтарды іске ұқсатып, түрлі-түрлі сыйлықтар жасайды. Сәті түскен сұхбат барысында біз де тәтті тартулар жайында сұрастырып білдік. 

– Cветлана Васильевна, қолөнер иелері көбіне қағазбен, шынымен, шүберекпен жұмыс істегенді жөн көреді. Тіпті, темірге тіл бітіретін шеберлер бүгінде аз емес. Ал Сіздің тәтті шоколадтарға ден қойғаныңыздың сырын білуге бола ма?

– Иә, қазір әркім қолынан келгенін жасап, нәпақасын табуда. Бұл өмірдің заңы деуге де болады. Мен де өз білгенімді шамам келгенше істеп, қолөнершілер қатарынан өз орнымды ойып алуға тырысып бағудамын. Әрине, өнер әлемінде әркімнің ұстаған өз бағыт-бағдары бар. Менің мақсатым – барша адамдарға сыйлық сыйлау, олардың көңілін таба білу. Оның ішінде кәдімгі, үйреншікті емес, тәтті тарту жасау. Мұндай тарту алған адам ерекше бір шаттыққа бөленеді деп ойлаймын.

– Тапсырыс арқылы жұмыс істейсіз бе?  

– Бастапқы кезде тәттілерден жасалған бұйымдарды дос-жарандарға, ағайын-туыстарға сыйлаумен ғана шектелдім. Сөйтіп, қолымды біраз шынықтырып алған соң өнердің осы түрімен біржола айналыса бастадым. Ойым жүзеге асып, ісім оңға басты деп айта аламын, себебі, қазір тек тапсырыс арқылы ғана жұмыс істеймін. Тапсырыс үлкен болса, үш күн ішінде жасаймын. Ал кішкентайы бір тәулік уақытымды алады.

– Шоколадтарды өз таңдауыңыз бойынша сатып аласыз ба, әлде тапсырыс берушінің ойы да ескеріле ме?

– Тапсырыс әртүрлі болады ғой. Біреулер ойын айтып, суреттеп жеткізеді. Енді біреулері балалары жақсы көретін тәттілерді алып келеді. Соған қарап, қолдан келгеннің барлығын жасап беруден аянбаймын. Бірде кешке қарай танысым телефон шалып, ертесіне баласының туған күні екенін айтып, оған ерекше сыйлық жасап беруімді сұрады. Көп ойланбадым. Себебі, ер балалардың барлығы “темір тұлпармен” ойнағанды жақсы көреді ғой. Сондықтан да әдемі шоколадтардан сәнді етіп, машина жасап бердім. Кешкі сағат онда отырдым, таңғы сегізде дайын болды.

– Cыйлықтарды қалай жасайсыз?

– Әрбір туынды менің жүрегімнің бір бөлігі сияқты. Себебі, мен оны алдымен ойша көз алдыма елестетемін. Содан кейін қағазда нобайын жасаймын, соңында шоколадтарды іске ұқсатып, жаңа туындыға өмір сыйлаймын. Істеп отырғанда көңіл күйіме қарай сыйлықтың түр-түсін ескере келе оның өзіне сәйкес ат қоямын. Айта кету керек, мен шоколадтарды қағазынан ашпаймын, сондықтан ойыншықты бұзып, тәттісін жеуге де болады. Ол, әрине, әркімнің қалауына қарай.

– Балаларға ғана сыйлықтар істейсіз бе?

– Жоқ, кішкентайлармен қатар, үлкендерді де қамтуға мүмкіндігім келеді. Әйел адамдарға, ерлерге, тіпті, түрлі мерекелерге арнайы етіп бұйымдар жасаймын. Жалпы мен ерінбейтін адаммын, қажет болса, тоқумен де айналысамын. Бұл да менің бір өнерім.

– Cонда бір тапсырыс қанша тұрады?

– Өнерді бағалау қиын. Бірақ қолжетімді болу үшін аса қымбатқа сатпаймын. Бағасы сыйлықтардың көлеміне қарай. Ең арзаны төрт жүз теңге болса, қымбаты төрт мыңнан аспайды. Меніңше, бұл бүгінгі таңда әркімнің қалтасы көтеретін қаражат сияқты.

– Көмекшілеріңіз, оқушыларыңыз бар ма?

– Әзірге менің ойымды бөлісіп, оның жүзеге асуына қол ұшын беретін екі адам бар. Олар – Полина, Арина есімді қыздарым. Бәріміз бірге еңбек етеміз, кішкентай болса да, бойларында өнерге деген бір ұшқын барын байқаймын. Мен үшін мұның өзі бір қуаныш. Ортақ ойдан өмірге келген тәтті бұйымдарды “Гармония” интерьер студиясынан көруге болады. Айта кету керек, бұл жерде басқа да өнер иелерінің туындыларын көріп, тамашалауға мүмкіндік бар.  

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp