Арай НҰҒЫМАНОВА,
облыстық Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің әлеуметтік көмек және қолдау бөлімінің басшысы.
Қазіргі таңда Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғыртудың 1-кезеңі аяқталды. Осыған орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың 21 маусымында “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” №105-V Заңына қол қойды. Жаңа жобаны кеңінен талқылау барысында халықаралық тәжіребені, республикадағы демографиялық, экономикалық ерекшеліктерді ескере отырып, Елбасымыз Үкіметке зейнетақы жүйесінің әрі қарай дамуының әдістемесін құрастыруға тапсырма бергені мәлім. Әрине, ол жұмысқа қыруар уақыт жұмсалатыны белгілі. Болашақта жаңғыртудың келесі кезеңдері күтілуде.
Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың мақсаты мен ерекшеліктері:
1. Зейнетақы төлемдерінің алдыңғы табысқа және еліміздегі өмір сүру деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ету.
2. Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету (зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын ағымдағы табыстар мен резервтердің, сондай-ақ бюджет қаражатының және өзге түсімдердің зейнетақы төлеу бойынша шығыстарға үнемі сәйкес келуі).
Жаңғырту зейнетақымен қамсыздандырудың көпдеңгейлі жүйесін сақтай отырып жүзеге асырылады. Қажетті және өзара байланысты өзгерістер базалық деңгейде жүргізілетін болады, ал міндетті деңгейде – ынтымақты және жинақтаушы және ерікті құрамдас бөліктерде жүргізіледі.
Алдағы өзгерістер тұрғындар мен зейнеткерлердің қандай топтарына бағытталатын болады?
Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерінің ерекшелігі бүкіл және әрбір адамға қатысты болатындығында: бүгінгі зейнеткерлерді де, зейнетке шығу құқығына әлі еңбек сіңіретіндерге де, әйелдер мен ер кісілерге; жұмыс істейтіндер мен жұмыссыздарға, азаматтық тұрғындар мен әскерилер және т.б. қатысты болады.
Осыған орай, алдағы өзгерістер мемлекет, жұмыс беруші және тікелей азаматтардың арасында қарттық туындаған кезде қажетті қамтамасыз етуге жауапкершілікті бөлуді көздейтін адам мүддесінде жүзеге асырылады.
Жаңғырту бағыттары
1. Қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі институционалдық өзгерістер, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын ұйымдастырудың және оның қызметіндегі ерекшеліктер.
2. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына ауыстыру.
3. Әйелдердің зейнеткерлік жасын 2018 жылдан бастап кезең-кезеңімен ұлғайту.
Біз оқырмандарды зейнетақы жүйесін жаңғыртуды бағыттар бойынша үстіміздегі жылдың соңына дейін құлағдар ететін боламыз. Бүгін сол бағыттардың кейбіреулеріне тоқталуды жөн көрдік.
Бүгінгі таңда Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейлерден тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
Базалық деңгейде зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға (ынтымақты (01.01.1998 ж.) және жинақтаушы зейнетақы жүйесінде қатысуды ескергенде) базалық зейнетақы төлемі (БЗТ) төленеді. Бұл төлем еңбек өтіліне және алдын алған табыстарына қарамастан, барлық мөлшерде біркелкі белгіленеді.
Анықтама үшін: БЗТ алушылардың саны 2013 жылғы 1 шілдеге 1833,5 мың адамды құрайды, оның ішінде шамамен 830 мың адамы – ынтымақты жүйеге қатысушылар, ал 1 млн.-ға жуығы – зейнетақымен қамсыздандырудың аралас (ынтымақты және жинақтаушы) жүйесі. БЗТ мөлшері 2013 жылы 9 330 теңгені немесе ЕТКД-нің 50%-ын құрады.
Міндетті деңгейде зейнеткерлерге мемлекеттік бюджеттен ынтымақты (еңбек) және Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы қорларын қаржыландыру есебінен – жинақтаушы зейнетақылар төленеді.
1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өту кезінде азаматтар үшін оларда 01.01.1998 ж. кемінде 6 ай еңбек өтілі және 1995 жылдан бастап кез келген қатар 3 жыл үшін жалақысы болған жағдайда мемлекеттік бюджеттен ынтымақты зейнетақы алу құқығы сақталды. Толық зейнетақы тағайындау үшін міндетті еңбек өтілі әйелдер үшін 20 жылды және ер кісілер үшін – 25 жылды құрайды.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақылар жалақының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдарын жүзеге асырған жинақтаушы жүйе қатысушыларына төленеді.
Әйелдер өз зейнетақы жинақтарын аннуитеттік (сақтандыру) компанияға аудару арқылы зейнетақы аннуитетін сатып алу жолымен зейнетке шыққаннан кейін 18 жыл ішінде оның ең төмен мөлшерінен аз емес мөлшерде ай сайын зейнетақы төлеу үшін жеткілікті болған жағдайда әйелдерге – 50 жастан, ер кісілерге – 55 жастан бастап зейнетақы жинақтарын ертерек алуға құқық көзделген.
Жоғарыда аталған Заңның 11-бабы, 1-тармағына сай әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту кезең-кезеңімен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 6 айдан қоса отырып, 10 жыл ішінде жүзеге асырылады.
Әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтілінің азаюына байланысты. 2012 жылы зейнетақы тағайындау үшін өтініш білдірген әйелдердің 12 пайыздан астамының 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақталған толық еңбек өтілі жоқ, ал 2018 жылы зейнетке шығатын әйелдердің барлығында толық өтіл болмайды. Үстіміздегі жылдың 9 айында әйелдерге тағайындалған зейнетақы төлемдерінің 20 пайызының толық еңбек өтілі жоқ.
Бұл 2018 жылдан кейін зейнетке шығатын әйелдердің зейнетақысы:
– базалық зейнетақыны;
– 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне сәйкес бюджеттен ынтымақты зейнетақыны қамтитын болады. Бұл ретте, еңбек зейнетақысының мөлшері толық емес еңбек өтіліне байланысты жыл сайын бекітілетін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болуы мүмкін;
– зейнетақы жинақтарына сәйкес салыстырмалы түрде аздаған мөлшерде ЖЗҚ жинақтау зейнетақысын қамтитын болады.
Болжамды есептер бойынша әйелдердің алатын зейнетақысының мөлшері осы онжылдықтың өзінде бұрынғы орташа айлық жалақысының 40 пайызынан төмен болады.
Мұндай жағдайларда, зейнетақы жасын біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін емес, әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін және зейнетақы жинақтарының көлемін арттыру үшін ұсынылады, бұл тиісінше, ЖЗҚ алынатын зейнетақы мөлшерінің артуына алып келуге тиіс.
Қазіргі кезде көптеген шет елдерде (Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзірбайжан, Украина, Эстония және т.б.) зейнетақы жасын арттыру есебінен зейнетақы жүйесін халықтың жасына бейімдеу қолданылады.
Бұл ретте Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнеткерлік жасы ер адамдардың зейнеткерлік жасына 2020 жылға теңестіріледі, бесеуі оны кейін жасауды жоспарлап отыр.
Әлемдік тәжірибеге және 1996 жылдан 2001 жылға дейін іске асырылған қазақстандық тәжірибеге сәйкес зейнетақы жасын ұлғайту кезең-кезеңімен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 6 айдан қоса отырып, 10 жыл ішінде жүзеге асырылады.
Бұл:
– біріншіден, зейнетке шығар алдындағы адамдарға ауыртпалық салмай өтуге мүмкіндік береді. Мысалы, 58-ге келген әйелдер 58,5 жасында зейнетке шыға береді, яғни 6 айдан кейін, ал 57-ге толғандар бір жылдан кейін немесе 59 жасында зейнетке шығады;
– екіншіден, психологиялық тұрғыдан дайын болуға және бейімделуге (63 жаста зейнетке шығатын адамдар үшін);
– үшіншіден, әйелдердің нәтижелі жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Дейтұрғанмен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған үлгі, барлық әлеуметтік ерекшеліктерді ескеріп, ауыртпалық салмай және негізделіп 5 жылдан кейін – 2018 жылы қолданыла бастайды.
Себебі, ынтымақты жүйеден зейнетақы тағайындау 2043 жылға дейін жүзеге асырылатын болады, ал зейнетақы жасын біріздендіру ынтымақты да, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушылары болып табылатын әйелдерге қатысты болады.
Зейнеткерлік жасты ұлғайта отырып, Үкімет халықты, оның ішінде, ең алдымен, орташа жастағы әйелдерді жұмыспен қамту бойынша қосымша шараларды қолға алу қажеттігін түсінді.
Бұған мемлекет іске асырып отырған, нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек табыстарының өсіміне бағытталған “Жұмыспен қамту – 2020” Жол картасы септігін тигізеді, оның шеңберінде әйелдер халықтың жұмысқа орналасуда және өзге де әлеуметтік қолдау нысандары бойынша басымды құқыққа ие нысаналы тобына жатқызылған.
Аталған бағдарлама 2009 және 2010 жылдардағы “Жол карталарын” және “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады.
Бағдарламада әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтылуына баса назар аударылған. Әйелдердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы мақсатында “Жол картасы” шеңберінде оларға:
еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқу, оларды мемлекет субсидиялайтын әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына жіберу мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте оқу кезеңіне оларға жол жүруге және тұруға материалдық көмек беріледі, стипендия төленеді;
микрокредит алу арқылы өз ісін ашу және кеңейту және кәсіпкерлік негіздеріне оқу;
еңбек ресурстарына қажеттілік бар әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi жоғары елдi мекендерге өз еркімен көшуді жүзеге асыру мүмкіндігі беріледі. Осындай отбасыларға жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуына, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуде, көшуге субсидия беруде көмек көрсетіледі.
2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бағдарлама шараларымен 100 мыңнан астам әйел қамтылды.
Әйелдерге бала күтімі бойынша демалыстан шыққаннан кейін еңбек нарығында бейімделуіне жәрдемдесу. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында жұмыспен қамту орталықтары еңбек заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен біліктілігін арттыруды, қажетіне қарай қайта оқуын және сұранысқа ие мамандық алуын қамтамасыз етеді.
Әйелдердің еңбегін кеңінен қолдануға, қашықтықтан жұмыспен қамту түрлерін пайдалануға, үйде еңбек етуді дамытуға, сондай-ақ әйелдер үшін кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар шаралар көзделуде.
Бұдан басқа, Еңбек кодексіне жұмысқа орналастыру кезінде кемсітушілікті жоюға және 55 жастан асқан адамдардың жұмыспен қамтылуын сақтауға бағытталған кепілдіктерді күшейтуді, сондай-ақ бос жұмыс орындары туралы еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарды (жынысты және жасты көрсету) қамтитын ақпаратты орналастырғаны үшін өсімпұл енгізуді көздейтін түзетулер енгізілді.
Сонымен қатар, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі бар әйелдер үшін зейнеткерлікке ерте шығу құқығы сақталады:
– 5 және одан көп бала туған (немесе асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жаста 1998 жылдың 1 қаңтарына еңбек өтілі 6 айдан кем емес;
– “Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 10 жыл төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұрған, кемінде 20 жыл жалпы еңбек өтілі бар әйелдерге 45 жаста.
Сондай-ақ еңбек өтіліне жұмыс істемейтін ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт есептеледі.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығы 50 жаста сақталатын болады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына 2013 жылғы 7 маусымдағы үндеуінде жария еткен тапсырмаларын ескере отырып, халықты әлеуметтік қорғау деңгейіне мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ынтымақты жауапкершілігін көздейтін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғыртудың кешенді шаралары әзірленетін болады. Ол – жұмыс істейтін әйелдер үшін бала туу және бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын мемлекеттің субсидиялауы.
Әйелдердің бала күтімі бойынша демалыста болуы, біріншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің үзілуіне, екінші жағынан, зейнетақы жинақтары мөлшерінің объективті түрде артта қалуына (ерлермен салыстырғанда) әкеледі.
Есептеулер міндетті әлеуметтік сақтандыруға қатысушылар (бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша) үшін жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары ұсталған жағдайда бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңде (заң бойынша – 3 жыл) жинақ мөлшері тиісінше 2,5 есеге төмендейді.
2014 жылғы 14 қаңтардан бастап әйелдердің бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген. Бюджеттен субсидияланатын міндетті зейнетақы жарналары Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлемдерден ұсталатын зейнетақы жарналарымен қоса белгіленетін болады. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарының жиынтық мөлшері аударымдар объектісі ретінде ескерілген бұрынғы табыстан 10% құрайды.
Ел Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген “2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасында көрсетілген мақсаттарға 30,6 млрд. теңге сомада шығыстар көзделген.
Әлеуметтік төлемдерді алушылардың пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстан 10% міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдерден нақты ұсталатын міндетті зейнетақы жарналарының айырмасын құрайды.
1-мысал, баланың туған күніне дейін соңғы 2 жыл әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысы 150 мың теңгені құрайтын жұмыс істейтін әйелді алатын болсақ. Егер қазір бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі кезінде оның зейнетақы жарналары айына 6 мың теңгені құраса, ұсынылып отырған тетік бойынша 9 мың теңге мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын бюджеттен қосымша субсидиялауды ескере отырып, оның жалпы зейнетақы аударымдары айына 15 мың теңгені құрайды.
2-мысал, баланың туған күніне дейін соңғы 2 жыл әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысы 30 мың теңге құрайтын жұмыс істейтін әйелді алатын болсақ. Егер қазір бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі кезінде оның зейнетақы жарналары айына мың екі жүз теңгені құраса, ұсынылып отырған тетік бойынша мың сегіз жүз теңге мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын бюджеттен қосымша субсидиялауды ескере отырып, оның жалпы зейнетақы аударымдары айына 3 мың теңгені құрайды.
Назарға алыңыз! Әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін ескерілетін табысқа арналған қолданыстағы шектеуді ескере отырып, субсидиялау мөлшері ең төмен жалақы мөлшерінен (үстіміздегі жылы 18 660 теңге) аспайтын болады.
Зейнетақы жарналарын есептеу объектісін 10 ең төмен жалақымен шектеу бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында енгізілген жоқ. Ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін сақтандыру төлемдеріне, сол сияқты мемлекет субсидиялайтын зейнетақы жарналарын мөлшерін айқындауға зейнетақы жарналарын есептеуге бірыңғай тәсіл қолдану қажеттігімен байланысты. Осындай тәсіл/шектеу әділ болып отыр және Қазақстан Республикасының әлеуметтік заңнамасына сәйкес ол өзге де әлеуметтік қатерлерді сақтандыруда қолданылады.
3-мысал. Баланың туған күніне дейін соңғы 2 жыл әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысы 1399,5 мың теңге (75 ең төмен жалақы) құрайтын жұмыс істейтін әйелді алатын болсақ. Ұсынылып отырған тетік бойынша 11 196 теңге мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын бюджеттен қосымша субсидиялауды ескере отырып, оның жалпы зейнетақы аударымдары айына 18 660 теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алушылардың міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау жөніндегі бастамаларын сүйемелдеуді көздейтін заң жобасын әзірленді. Аталған норма әйелдердің зейнетақы жарналарының мөлшерін көбейтуге септігін тигізеді және ана мен баланы қолдауға бағытталады.