Жақында ЕС-164/6 мекемесінде “Күзгі бал” кеші өтті. Күз айының тамаша көріністерін арқау еткен іс-шараның мақсаты – темір тордың арғы жағында отырған қыз-келіншектерді өнерге баулып, жақсылыққа тәрбиелеу.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сайысты ұйымдастырған аталмыш мекеменің тәрбие ісі бойынша басшысының орынбасары Айқын Баженов “Күзгі бал” кешінің бірінші рет өтіп отырғанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта оның өз жалғасын табатынын айтты.
– Бұған дейін сегізінші наурыз және басқа да мерекелерге орай кештер өткіздік. Енді, міне, күз тақырыбына да мән қойып отырмыз. Бүгінгі сайысқа қатысушылар он бес күн дайындалды. Тақырып төңірегінде ойланып, сахнаға ерекше бір көрініс алып шығуға талпынды. Өнер додасында кімнің асығы алшысынан түсетінін, әрине, сайыс соңында көреміз. Қалай болғанда да, мұндай кештерді жоспарға сәйкес өткізіп тұрамыз, – деді ол.
Аталмыш мекемеде бірінші рет өтіп отырған кешке төрт үміткер қатысты. Олар үш кезең бойынша сынға түсіп, өнерден құралақан емес екендерін көрсетуге тырысып бақты. Бірінші кезекте қатысушылар өз қолдарымен жасаған киім үлгілерін көрсетті. Олар газет, кепкен жапырақ, сан түрлі гүлдер және қолда бар басқа да материалдарды қолдана отыра жаңа туынды жасап, жиналғандарды таң-тамаша етті. Екінші айналымда нәзік жандар өлеңді мәнерлеп оқудан бақ сынады. Өздері таңдап алған ақындардың өлеңдерін оқыған үміткерлердің аталмыш сайысқа ден қоя дайындалғандары көрініп тұрды. Себебі, олар өлеңді оқырманға жеткізу үшін оны тамаша көріністермен үйлестіре білген. Сайыстың үшінші кезеңінде қыз-келіншектер би билеп, бар өнерлерін ортаға салды.
Айта кету керек, қазылар алқасы әр конкурсты жеке-жеке бағалап, үш аталым бойынша жеңімпаздарын айтып отырды. Ал кеш соңында барлығына қорытынды баға қойылып, нәтижесінде жеңімпаздың есімі анықталды. Сонымен қазылар алқасының шешімі бойынша “Күз аруы” атауына Наталья Актушина лайық деп танылды. Қатысушылардың барлығы грамоталармен марапатталып, оларға сый ретінде кітаптар табыс етілді.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.