«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗ АСТАНАДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕГЕ 1100 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін апарды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанада күзгі орақ науқаны аяқталғаннан кейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізіп, жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағамен экологиялық таза тауарлар ұсыну соңғы жылдары дәстүрге айналып келеді. Бұл шара қол жеткізілген нәтижелерді паш етуді, облыстардың оң инвестициялық бет-бейнесін қалыптастыруды, жергілікті тауарларды насихаттау мен өңіраралық қарым-қатынасты нығайтуды мақсат етеді. Осындай игілікті істі өткен сенбі, жексенбі күндері елордада Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ұйымдастырды. Оған өңірдің барлық аудандары мен Петропавл қаласының 100-ден астам таңдаулы кәсіпорындары қатысты. Қызылжар өңірінде өндірілген өнімдерді өткізу үшін бас қаланың Орталық алаңында 86 сауда шатыры орнатылды.

Жергілікті билік өкілдері мен ҚР Парламенті, Астана қалалық мәслихатының депутаттарын жәрмеңкемен таныстырған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров:

– Биыл Қызылжар өңірі диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізіп, 5 млн. тоннадан астам ырыс дәнін жинап отыр. Картоп пен көкөніс өнімі де айтарлықтай. Өңірімізде Елбасы тапсырмасына орай мал шаруашылығын дамыту, мал өнімдерін ұқсату да басым бағыт болып табылады. Бүгін біз Астана жұртшылығына Қызылжар өңірінде өндірілген 1100 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкелдік, оның ішінде 92 тонна ет және ет өнімдері, 480 тонна картоп, 295 тонна көкөніс, 218 тонна азық-түлік тауарлары, 16 тонна бал және омарташылық өнімдері, 72 мың дана жұмыртқа бар. Олардың бағасы базар нарқынан 15-20 пайызға төмен. Экологиялық таза өнім астаналықтардың көңілінен шығады деген сенімдеміз, – деді

Екі күн бойы саудада толас болған жоқ. Ет-сүт, картоп сияқты күнбе-күн пайдаланылатын азық-түліктер пышақ үстінен тарады десе де болады. Өйткені, еттің бір килограмы – 900-1000 теңгеден, жоғары сұрыпты ұн – 45 теңгеден, картоп – 40 теңгеден, 10 дана жұмыртқа 150 теңгеден сатылды. Ұзын-сонар кезекке тұрып, көңілдері қалаған өнімдерге қол жеткізген астаналықтар Қызылжар өңірінің ауыл шаруашылығы тауарларының қолжетімділігі мен сапасына жоғары баға берді. Осы күндері қызылжарлық өнерпаздар ашық аспан астындағы сахнада астаналықтарға асқақ әнмен, мың бұралған бимен, әуелеген күймен рухани азық та тарту етті.

(Өз тілшімізден).

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp