Қазақ мектеп-гимназиясында өңірдің жас ақындарымен және мәдениет қызметкерлерімен кездесу кеші өтті. Облыстық халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Таңат Бейсенбаев және жас айтыскер ақындар Аманжол Зағыпар мен Жұмабек Рахимов білім ордасына өз білгендерімен бөлісу үшін келді.
Сымбат МЫҢЖАНОВА,
“Болашақ журналист” клубының тілшісі.
Шараны ұйымдастыруға білім ордасындағы ақындар клубының жетекшісі Жарқын Жұпархан ұйытқы болды. Қонақтардың тәлімді әңгімесін тыңдауға мектептің акт залына жиналған екі жүзге тарта оқушылар мен мұғалімдер алдында алғашқы болып Таңат Ошыбайұлы сөз алды. Кездесу барысында ол жергілікті жас таланттардың қазіргі жағдайына жан-жақты тоқталды. Әсіресе, айтыс өнерінде алған асуымыз аз емес екендігін жеткізген қадірменді қонақ марқұм Ерік Асқаровтан бастап, кейінгі оның ізін жалғап жүрген Әлібек Серғалиевке дейінгі ақындар туралы әңгімеледі. Сөз соңында Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті қонақ-кәде ретінде өзі шығарған әнін домбырамен нақышына келтіре орындап берді.
Кездесу сұрақ-жауап түрінде өтті. Залдағы оқушылардың бірі жас ақын Жұмабек Қайыртайұлынан соңғы кезде неліктен айтыс сахнасынан көрінбей кеткендігі туралы сұрады. Бұл жағдайды жас ақын әскерге барып, Отан алдындағы парызын өтеп келгенімен түсіндірді. Алдағы уақытта айтысқа оралатынын, ал бүгінгі таңда дәстүрлі Желтоқсан айтысына дайындықты бастап кеткенін жеткізді.
Өз кезегінде республикалық мүшәйралардың жүлдегері, жас ақын Аманжол Зағыпар жазба ақындық жолына тоқталып, поэзияның қазіргі қоғамда алатын орны туралы баяндап берді. Кездесу барысында көрермендердің өтініші бойынша Аманжол мен Жұмабек айтыстан үзінді көрсетті.
Шара соңында мектеп директоры Гүлжан Жақанова меймандарға Алғыс хат тапсырып, әлемдік бестселлерге айналған жазушылардың кітаптарын сыйға тартты. Кездесу аяқталған соң меймандар мектеп мұражайы мен спорт кешенін аралап көрді.
Петропавл қаласы.