«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ХАЛЫҚ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН БІРДЕ-БІР НҰРОТАНДЫҚ ШЕТ ҚАЛМАУЫ ТИІС”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” партиясының кезектен тыс ХV съезі жұмысына Қызылжар өңірінен қатысқан делегаттар жаңа Саяси доктринаны түсіндіру шараларына кірісіп кетті. Біз солардың бірі – белгілі кәсіпкер, Петропавл қалалық мәслихаттың депутаты Сайран Хамзинге жолығып, форумнан алған әсері мен онда қабылданған тарихи құжат төңірегінде пікір алысқан едік.

– Сайран Шайсұлтанұлы, Сіз “Нұр Отан” партиясының ХIII, ХIV съездеріне де делегат болып қатысқан едіңіз. Осы жолғы алқалы жиын несімен ерекшеленді?

– Партияның қай съезін алсақ та, саяси тұғырнамалардың орындалуымен, тарихи маңызды шешімдердің қабылдануымен, алдағы стратегиялық бағыттардың анықталуымен дараланса, бұл жолғы басқосу да өзіндік өзгешеліктер мен ерекшеліктерге толы болғанын баса айтқым келеді. “Дөңгелек үстел” сипатында өтуінің өзінен-ақ еркін ойлар тоғысы мен пікірлер әр алуандығына кең мүмкіндік тудырылғанын аңғаруға болады. Алғашқы күні өңірлердегі сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес, партиялық бақылау, “Жас Отан” жастар қанаты мүшелерінің қатысуымен “Партиялық жұмыстың жаңаша форматы” атты секциялық мәжіліс өтіп, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, партиялық жауапкершілікті арттыру мәселелері қозғалды. Күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің қай-қайсысы болсын өзекті. Халықаралық практикалық талаптарға сай партияның атрибуттарын өзгерту, партия Жарғысына толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар бірауыздан қолдау тапты. Жұмыссыздар мен бала күтімімен отырған аналардың мүшелік жарнадан босатылуын, партияның Саяси кеңесінің жаңартылып, әйелдер санының көбеюін, керісінше, мемлекеттік қызметкерлер санының азаюын өз басым құптаймын.

Десек те, талқыланған мәселелердің ішінде партия Көшбасшысының тапсырмасына сәйкес екі ай бойы бүкілхалықтық талқылауға ұласып, делегаттардың қолдауымен әбден сараланған жаңа Саяси доктринаның пайда болуы басты жаңалық десек, еш талас тудыра қоймас. Елбасы сөйлеген сөзінде съездің түйінді міндеті ретінде ХХI ғасырдың орта шеніндегі біздің барша ұлы мақсаттарымызға қол жеткізудегі “Нұр Отан” партиясының алар орны мен саяси маңызын айқындап, іргелі міндеттер қойды. Доктрина партияның болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болу тиістілігін қадап айтты. Өйткені, бәріміздің алдымызда елімізді әлемнің ең қуатты 30 мемлекеті сапына қосу секілді асқаралы асу тұр. Бұл орайда, Қазақстанның жаңа тарихи бетбұрыс белесін нақтылап берген “Қазақстан – 2050” Стратегиясы партиялық бағдарламамыздың негізі десек, менің ойымша, бір-бірін толықтыратын бұл екі тарихи құжатсыз еліміздің одан әрі дамуын, жарқын болашағын көзге елестетудің өзі қиын.

– “Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында” атты жаңа Саяси доктрина жөніндегі пайымдарыңызбен бөліссеңіз?

– Жаңа Саяси доктринаның тарихи мән-маңызына Президент съезде сөйлеген сөзінде нақты сипаттама берді. Партия Доктринасы “Нұр Отанның” ХХI ғасырдағы миссиясын және “Қазақстан – 2050” Стратегиясын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етудегі біздің алар орнымызды нақты айқындады. Ол демократиялық, өркендеген, бәсекеге қабілетті және әлеуметтік бағдарлы мемлекет құру болып табылады. Доктринада атап көрсетілгендей, басты жетістігіміз де, бар бақытымыздың бастауы да – Тәуелсіздік десек, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың күш-жігерін елдігімізді, мемлекеттілігімізді нығайтуға бағыттаудан асқан мәртебе жоқ екенін түсінетін мезгіл жетті. Жалпыға ортақ табыстың факторлары әлдеқашан айқындалған: олар – бірлік пен келісім, төл мәдениет пен руханилық, қуатты экономика мен әділетті әлеуметтік саясат, зияткерлік ұлт пен тиімді мемлекеттік басқару. Міне, осы басым қағидаттарға айрықша мән бере отырып, партияның барлық шешімдері мен іс-қимылдарын Қазақстанды өркендету идеясымен орайластырудың маңызы зор.

– Жыл өткен сайын “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы ұйымдық-құрылымдық жағынан нығайып, бүгінде 45 мыңға жуық адамды біріктіріп отыр. Араларында түрлі мамандық иелері көп. Олардың бір парасы – кәсіпкерлер. Сіз қоғамдық жұмыстармен айналысуға да уақыт тауып жүрсіз. Алдымен, партияның облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің жетекшісі ретінде не тындырдыңыз?

– Съезде Елбасы қоғамды жегі құрттай жеген қауіпті кесел – сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізіп келе жатқан қоғамдық құрылымдардың қызметін айрықша бағалап, саяси көшбасшылықтың қағидатты мәселесі – жемқорлыққа қарсы бітіспес стратегияны нақтылап берді. Біз де жұмысымызды осы тұрғыдан ұйымдастырып, азаматтық арожданның принципті сақшысы қызметін жалғастырып келеміз. “Өзіңнен баста!”, “Таза сессия”, “Жемқорлыққа жол жоқ!” акцияларына жастар, студенттер, үкіметтік емес ұйымдар көптеп тартылды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп рейдтер жүргізілді. Қоғамдық кеңес отырыстарында жемқорлықтың алдын алу жайлары жүйелі қозғалып отырады. Мен арнайы сайт арқылы осы тақырыпқа қатысты жұртшылықпен сауалнама жүргіздім. Оған қатысушылардың 29 пайызы жемқорлықпен күрес еш нәтиже бермейді деген пікірде. Оның себебі, біріншіден, құқықтық сауаттығымыздың төмендігінде болса, екіншіден, заң нормаларын жетілдіруге келіп тіреледі. Елбасы бұл ретте нұротандықтардың бірінші болып дабыл қағып, жемқорларды әшкерелеуі қажеттігі жөнінде талап қойды.

Мен Петропавл қалалық партиялық тексеру комиссиясына да жетекшілік етемін. Сөз арасында “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту”, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламаларының орындалу барысында орын алған олқылықтарға орай нақты шаралар қолданылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, “Береке” шағынауданында салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасыздығы, мердігер ұйымдардың өз істеріне салғырттығы атап көрсетілді. Кемшіліктер дереу жойылды. Депутаттар басқаруындағы 7 бақылау қосындары да кемшіліктерді қалт жібермейді.

Мен депутаттыққа 2012 жылы сайландым. Содан бері қарауыма қала тұрғындарынан 300-ден астам арыз-шағым түскен екен. Көпшілігі әлеуметтік салаларға қатысты. Қолдан келгенінше шешуге тырысамын. 19-шы шағынаудандағы қазақ мектеп-гимназиясына жасанды шөп төселген футбол алаңын жасауды қарастырудамын. Жуырда Татьяна Евсеенко деген азаматша телефон арқылы хабарласып, әлі күнге дейін жылудың берілмегенін жеткізді. Жағдайды тексере келгенде, мердігерлер жөндеу жұмыстарын кешіктірген болып шықты. Кемшілік түзетілді.

– Біз Сізді танымал кәсіпкер, тұрмысы төмен отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға жүйелі қайырымдылық жасайтын жомарт азамат ретінде де білеміз. Ендігі әңгімені осы бағытта өрбітсек.

– Елбасы партиялық көшбасшылықтың басты мәселелерінің бірі ретінде экономикалық және әлеуметтік инновациялардың жалпыұлттық эпицентрі болу жайына баса назар аударып, қоғам мен мемлекетті дамудың батыл, инновациялық идеялармен әрлендіру тиістілігін алға тартты. Бүгінде әлем экономикалық, инновациялық кәсіпорындарға қоса, озық ой мен ғылыми жаңалықтар негізінде де жұмыс істейді. Олай болса, біз секілді бизнес саласының өкілдері де уақыт көшіне ілесіп, Қазақстанды өркендетуге өз үлесімізді қосуымыз керек. Менің кәсіпкерлік талабым осындай ізгі ниеттен туған болатын. Бүгінде Петропавл қаласында 150-ге жуық пәтерді қонақүй қызметіне тартып, мұндай жүйені Қарағанды қаласында да қолдануды көздеп отырмыз. Бастапқыда Еуропалық қайта құру және даму банкінен 3 миллион қаржы алып, қалғанын өзіміз салып, бизнестің алғашқы әліппесін бастағанбыз. Кейін қонақүй қызметі жүйесі кеңейгеннен кейін нарыққа “Park haus” деген атпен шықтық. Ондағы мақсатымыз тұтынушыларға сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету болып табылады. Одан соң германиялық әріптестердің көмегімен франчайзинг жүйесін енгізуді қолға алдық. Бизнеспен айналысуға тілек білдірушілерге озық технологиямыз бен жобамызды ұсынып, қыр-сырын үйретуге әзірміз.

Енді облыс орталығынан 3 қабатты мейрамхана ашу мақсатымен ғимарат сатып алдық. Ол француздық үлгіде құрылады. Оның бір қабаты 30 бен 50 жас аралығындағы адамдарға арналып, би клубы ретінде жасақталады. “Dostavka.kz” атты Интернет жобасын жасап, тамақ мәзірлерін үйге жеткізіп беру жағын ойластырудамыз. Оның қаншалықты табыс әкелетінін уақыт көрсетеді. Қазір 80 адам жұмысқа тартылса, аталмыш жобалар жүзеге асқан жағдайда қызметкерлер саны 150-ге дейін жететін болады.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алып, қонақүй жүйесін одан әрі кеңейттік. “Облыстық мейрамханалар мен қонақүйлер” қауымдастығының төрағасы ретінде тамақтандыру саласының кәсіби шеберлерін дайындау, шеберлік-сыныптар ашу, түрлі байқауларға қатысу дәстүрінен сырт қалған емеспіз. Осы орайда норвегтіктердің тәжірибесінің негізінде студенттердің теориялық білім алуына қоса, оларды екі жыл өндірісте шыңдау сияқты озық тәсілді қолдануға ниеттеніп отырмыз.

Қайырымдылық шараларға келетін болсақ, арнайы ашқан есепшот арқылы қаржылық демеу жасаймыз. Балалар үйі ерекше қамқорлығымызда. Көмек сұрай келген адамдарды құр қол қайтармауға тырысамыз.

– Съезден нендей ой түйіп қайттыңыз?

– Елбасы сөзі бойымыздағы құлшынымызды арттырып, жаңаша жұмыс істеуге жігерлендіргенін, тың жобаларға қозғау салғанын айтқым келеді. Ортақ жетістікке қол жеткізу жауапкершілігі, ең алдымен, “Нұр Отан” партиясына сеніп тапсырылды. Олай болса, халық мүддесіне қызмет етуден бірде-бір нұротандық шет қалмауы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp