«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРІКТЕСТІКТІҢ СЕНГЕНІ – КІЛЕҢ “АНГУС”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен аптада Мамлют ауданының Щучье елді мекенінде орналасқан “Белое Агро” серіктестігі 200 бас “Ангус” тұқымды мал сатып алды. Жоғары өнімді ірі қара бұл жолы Америка құрлығынан жеткізілді. Ел экономикасындағы ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыруға өзіндік үлес қосуды көздеген репродуктор шаруашылықтың қорасында бүгінде 350 басқа жуық мал бағылуда.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

– Былтыр біз 112 бас ірі қараны Дания елінен әкелген болатынбыз. Ал биыл осы тұқым АҚШ-тан әкелінді. Бұл жоспарлы әрекетіміз бұдан ертерек ұйымдастырылуы керек еді, дегенмен Данияда біз сұратқан мал басы болмағандықтан, қалғанын басқа құрлықтан тасуға тура келді. Жолдың алыстығы мал үшін өте ауыр болды. Мұхиттар арқылы Санкт-Петербургке жеткізілген торпақтар арнайы “КамАЗ” көліктерімен бір айға жуық мерзімде әкелінді. Әлбетте күйлері кетіп қалыпты. Ал бұрынғы малды тас жолмен 6 күнде алып келген едік. Бүгінде оларды жылы қораға енгізіп, жем-шөбін алдына қойып, карантинге жаптық. 25 күннен кейін тиісті екпелерін саламыз, – дейді “Белое Агро” шаруашылығының бас директоры Талғат Әлжанов.

Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін былтыр “Белое Агро” ЖШС-і “ҚазАгроҚаржы” және “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржылай қолдауымен 210 миллион теңге несие алған болатын. Былтырдан бастап малға орын дайындауға қарқынды кіріскен шаруашылық 5 қораның құрылысын толығымен аяқтады. Малдың жемазығынан қиындық көрмеу үшін серіктестікке тиесілі 6 мың гектар алқаптың біраз бөлігіне малға азық болатын дәнді дақылдар мен шөп екті. Бұған дейін шаруашылық үшін де, ауыл тұрғындары үшін де ауызсу мәселесі өзекті болып келсе, биыл жаз мұның да оң шешімі табылды. Мемлекет бюджетінен бөлінген 57 миллион теңгеге су мұнарасы орнатылып, құбырлар тартылды. Малға жайылымдық жер мәселесі де шама-шарқынша реттелу үстінде.  

Бұл серіктестіктің ірі қара өсіруге ден қоюдағы басты мақсаты – өңірімізде асылтұқымды мал басын дамытатын репродуктор шаруашылық болу. Жалпы “Белое Агро” – Мамлют ауданында жергілікті малды асылдандыруды қолға алған екінші серіктестік. Алғаш бұл істі “Мәмбетов және К” КС бастаған болатын. Осы бағытты таңдаған шаруашылық болашақта бұл салада іргелі шаруашылық болатынына сенімді.

– Егер де мемлекеттің бүгінгі асылтұқымды мал басын көбейту ұстанымы мен оны қолдау бағдарламалары әрі қарай жалғасса, біздің де бұл бастамадан оң нәтиже шығарарымыз айқын. Репродуктор шаруашылық ретінде құрылған серіктестіктен мал сатып алғандарға демеуқаржы беріледі. Бұл да біздің жұмысымызды алға жылжытудың бір жолы. Ал біз өнімімізді еттей сататын болсақ, бүгінгі етке деген бағаның арзандығы шаруашылықтың еңсесін түсіріп жіберері анық. Алдағы жылы биыл туған 32 бас бұзау сатылуға жарап қалады, – дейді басшы.

Сондай-ақ ол өз сөзінде үлкен несиелік қарызға батып, бұл тығырықтан шығудың әр қадамын аңдап басып жүрген кезде шаруашылықтарда тексеріс азайса, салық мөлшері көтерілмесе, жанар-жағармай бағасы тұрақтанса, онда олардың алаңдамай жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік боларын да айтты.

Былтырғы әкелінген 112 бас ірі қараның 35-і – тайынша, 10-ы – бұқа, қалғаны торпақ болатын. Бүгінде олар солтүстіктің ауа райына бейімделіп, өсім бере бастады. Олардан 32 бұзау алыныпты. Төлдердің салмақ қосуы тәулігіне 1 килограмға жақын. Бұқалардың салмағы 1,5 тоннаға дейін жетсе, сиырлары 800 килоға дейін тартады екен. Осындай көрсеткіштермен ісінің сәтті басталғанына шаруашылық басшысы разы.

Осыған дейін егіншілікпен оңтайлы айналысып келген шаруашылық мал өсіруді қолға алғаннан бері өзінде тұрақты жұмыс істейтін 40 адамға тағы 10 адамды қосқан. Ондағы еңбеккерлердің барлығы ауыл тұрғындары, яғни 40 үйлі ауылдағы әр отбасының мүшесі осы серіктестікте еңбек етеді.

– Әрине, бұл асылтұқымды мал қымбатқа түсті. Оны несиеге алып отырғандықтан, өтемі де жоғарылайды. Дегенмен, егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүруге ыңғай танытуымыздың басты себебі – мемлекеттің саясатын қолдап, ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосу, яғни азаматтық міндетімізді орындау. Елбасының саясатын бәрімізге ортақ міндет санаймыз. Егіншіліктің де тәуекел тұстары баршылық. Ол көп жағдайда ауа райының қолайлы болуына байланысты, ал мал шаруашылығы – үлкен жауапкершілікті күнде талап ететін сала. Оған менің де, қол астымдағылардың да үлкен маңдай тері төгілері анық. Біз ұжым болып барлық ауыртпалықты еңсеруге дағдыланғанбыз және бұл іс қолымыздан келеді, – дейді шаруашылық басшысы Талғат Әлжанов.

СУРЕТТЕ: “Белое Агро” ЖШС-нің директоры Т.Әлжанов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp