«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРАЗДА ТӨЛЕ БИДІҢ ТОЙЫ ӨТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тараз қаласында қазақ халқының кемеңгер перзенті – Төле бидің туғанына 350 жыл толуына арналған дүбірлі той өтті. Ұлы жүздің бас биін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шараға біздің облысымыздан да делегация қатысып қайтты. Көрнекті қоғам қайраткері, атағы жер жарған шешен, “Жеті жарғыны” жазушылардың бірі – Төле бидің торқалы тойында облыс әкімі Самат Ескендіровтің құттықтау лебізі жеткізіліп, сыйлығы табыс етілді. 

Кемел ОСПАНОВ,

облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі

басқарманың басшысы.

Екі күнге созылған дүбірлі той облыстық драма театрында белгілі жазушы, драматург Елен Әлімжановтің “Төле би” қойылымымен ашылды. Тойға қатысушылар Тараз қаласында бой көтерген ұлы тұлға ескерткішінің ашылу салтанатының куәгері болды. Биіктігі 11 метр болатын зәулім ескерткіш барша жұрттың таңдайын қақтырмай қоймады. Сол күні “Баласағұн” орталық концерт залында “Төле би және оның ұлағатты мұралары” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Конференцияны ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалин ашты. Қонақтар мен жиналғандарды облыс әкімі Қ.Бозымбаев құттықтады. Конференцияда Х. Әбжанов, У. Қалижанұлы, С. Сартаев, М. Қойгелдиев, Ж. Дәдебаев, К. Хафизова және тағы да басқа ғалымдар баяндамалар жасады.  

Әділдігі мен шешендік өнерінің арқасында танылған, ел ішінде Қарлығаш әулие атанған бидің өмірі мен өнері, дипломатиялық және қоғамдық қызметі туралы тың деректерге қанық болдық.  

Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясат жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің сіңірген еңбегі орасан. Абылайды жоңғарлардың тұтқынынан босатуда да Төле бидің еңбегі ерекше. Мысалы, тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Әбілқайыр хан мен Төле бидің Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатуға өтініш жасап, шығарып алғандығы туралы айтылады.

Осынау тойда қазақтың ұлттық ат спорты ойындары өткізіліп, танымал өнер адамдары ән шашуларын арнады.

Қазақ елінің игі жақсылары жиналған дүбірлі жиын лайықты деңгейде өтіп, көңілімізге үлкен қуаныш әрі мақтаныш сезімін сыйлады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp