Облыс орталығындағы қалалық классикалық гимназияның шаңырақ көтергеніне он жеті жыл толуына орай оның құрылысының қалай басталып, қалай тамамдалғанының біршама тарихы барын айту артық емес. Қаржы тапшылығынан құрылысы тоқырап қалған бұл білім ордасының толық бой көтере алмай тұрғаны 1993-94 жылдары тіліміздің болашағына алаңдаған ұлт жанашырларын қатты қамықтырған еді. Сол бір тығырыққа тірелген сәтте “Қазақ тілі” қоғамының облыстық және қалалық филиалдарының басшылығы, олардың ақсақалдар алқасының мүшелері Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, “Петропавлдың Құрметті азаматы” атанған Сафуан Шаймерденовтен көмек сұрап, ол мектеп құрылысы үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлгізуге көмектесіп еді.
Ұлт тілінің үлкен жанашыры, қоғам қайраткері Сафуан ағамыздың қамқорлығының арқасында қазақ балаларының игілігіне айналған осы білім ордасына қаламгердің есімін беру туралы сындарлы сөз қозғалып, бұл мәселе гимназияның шаңырақ көтергеніне он бес жыл толуына арналған салтанатты жиында 2011 жылы тілге тиек етілгенді.
Жақында облыстық ономастика комиссиясы осы оқу орнын жазушы есімімен атауды орынды деп тауып, бұл ұйғарым облыстық мәслихат депутаттарының қарауына ұсынылғанды.
Облыстық мәслихаттың 11 қазандағы жиырма бірінші сессиясының №21/2 шешімімен ономастикалық комиссияның ұйғарымы мақұлданды. Депутаттар қауымы С. Шаймерденовтің қаламгерлігімен қатар, қайраткерлігін атап көрсетті.
Осыған орай қалалық классикалық гимназияның мұғалімдер ұжымы білім ордасының шаңырақ көтергеніне он жеті жыл толатын күннің қарсаңында, 24 қазанда арнайы шара өткізіп, С.Шаймерденовтің немере інісі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің тілшісі Зейнолла Әкімжановты кездесуге шақырды.
Гимназияның ашылуы, оған жазушының жасаған жәрдемі әңгіме арқауына айнала келіп, С.Шаймерденовтің қоғам қайраткерлігі баса атап көрсетілді. Әсіресе, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Жазушылар одағының пленумында оның сол кездегі республиканың бірінші басшысы Г.Колбинге қарсы қазақ жастарын ұлтшылдық жаладан қорғап сөйлеген сөзі, одан соң қазақ тілін өркендету жолындағы күресі тілге тиек етілді.
Ұстаздар әңгімені ұйып тыңдап қана қоймай, өз ойларын ортаға салды. Білім ордасының директоры Күлтай Мұқанова өзі басқарып отырған оқу орнына көрнекті жазушының, қоғам қайраткерінің есімін беру жөніндегі шешімнің көңілден шыққанын жеткізсе, гимназия ашылған күннен бері ұстаздық етіп келе жатқан суретші әрі әнші-өнерпаз Мәдениет Шоқаев әріптестеріне алғашқы жылдардағы қиыншылық пен бүгінгі игілікті істерін сабақтастыра отырып әңгімеледі. Әнші, ұстаз Жасқайрат Жәдігерұлы ән тартуын жасаса, ақын Аманжол Зағыпар басқаратын “Жас қаламгер” клубының мүшелері және гимназия қызметкері Сәбит Мауғазин өз өлеңдерін оқыды.
(Өз тілшімізден).