«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАННЫҢ АТАКӘСІБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы көптеген жерлестеріміздің шағын кәсіпкерлікке қадам басып, өздерінің отбасылық табыс көзін табуға мүмкіндік жасауда. Тайынша қаласының тұрғыны Арман Нығметжанов та “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы 3 миллион теңге несие алып, бүгінде агросектор құрылымында жеке кәсіпкер атанып отыр.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Мен Көкшетау қаласындағы экономика және менеджмент институтын бітірдім. Соңғы жылдары Астана қаласындағы құрылыс компанияларында еңбек еттім. Әрине, үлкен қалада тұру үшін тұрғын үй мәселесін шешпейінше, тапқан табысыңда береке болмайды. Онда ауылда қалған отбасын, бала-шағасын сағынып, жүдеп-жадап жүрген жалғыз мен емес едім. Дегенмен, осындай жүрістен шаршап, ұзақ ойланып, ауылға келіп, өзімнің жеке кәсіпкерлігімді дөңгелетуді жөн көрдім. Оған қаржы керек. Бұл мәселе де мемлекеттің шағын кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламасы бойынша оңай шешілді. Қой өсіруге ден қойдым. Неге қой шаруашылығы деп сұрасаңыз, оған да жауап бар. Менің әкем көзі тірісінде 50-60 қой өсіріп, отбасының ахуалын қашанда жоғары ұстаған адам. Сондықтан ол үй шаруашылығына бізді бала кезден баулыды. Мен де бұл салаға икемді болып өстім. Бүгінде менің балаларым да ержетіп келеді. Ендеше осы қолға алып отырған ісім отбасыма берекелі табыс әкеледі деген сенімдемін. Оның үстіне балаларға бұл кәсіп ұнайды, өздері де көмектеседі, – дейді Арман Бәйкенұлы.

Ол бағдарлама бойынша мемлекеттің қаржылай қолдау қорына өтініш білдіріп, екі аптаның ішінде оның оң шешімін алып, 2 миллион 750 мың теңгеге 100 бас саулық пен 10 қошқар сатып алады да, қалған ақшаға жемазық дайындайды. Қойдың тұқымын бағалауды әкесінен үйренген жігіт қой төлінің гиссар мен Еділбай тұқымдарына көңіл аударады. Бүгінде 125 бас қойдың жартысы Тайынша қаласынан төрт шақырым жерде орналасқан жайылымда бағылып жатса, қалған буаз қойлары қора маңында ұсталады.  

– Биыл шөп шүйгін болып, қойлар қырда семірді. Жемшөп мәселесі де қиындық тудырмауда. Дәнді дақылдардың қалдығын да, шөпті де арзан бағаға сатып алып жатырмыз. Мәселен, былтыр бір орама шөпті 600 теңгеден алсақ, биыл ол 250 теңгеге түсуде, – дейді кәсіпкер жылдың берекелілігіне қуанып.

Шаруаға епті жігіт осыдан бірер жыл бұрын үй маңына үлкен қора салып алыпты. Онда 200 басқа дейін қой ұстауға болады. Үй орамына ұңғыма құдық қазып алғаннан бері су мәселесі де шешілген.

Арман Нығметжанов бір жылдары табыс табу үшін үлкен қалаларға ет апарып сату кәсібімен де айналысыпты. Нәтижесінде ол малды қалай таза союды, сатылатын етті құжаттауды және оны тиімді өткізуді жақсы біледі. “Алмақтың да салмағы бар” демекш­і, кәсіпкер несие қарызын абыроймен өтеуді парыз санайды. Сондықтан қазірдің өзінен бастап малдан жақсы өсім алып, одан түскен алғашқы табыспен банк несиесін қайтаруды ойластыра бастаған.

– Мемлекеттің қолдау қаржысы бізге үлкен көмек болды. Біржарым жыл бойына негізгі қарызды өтемейміз. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі де төмен. Несиені 4,5 жылға алдық. Бәрі ұтымды. Бізге мемлекет үлкен сенім артып отыр екен, біз де ісімізбен оны ақтауымыз керек. Биыл қойлар төлдесе, келер жылдары оларды сатып, табыс көрудің де реті келіп қалады. Сондықтан қажымай еңбек етіп, несібемізді алып, несие қаржысын 2-3 жылда өтемек ойымыз бар. Тек ісіміз сәтті болса игі, – дейді есеп-қисапқа жақсы кәсіпкер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp