«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНА АЛУ МҮМКІНДІГІ БАР Оны пайдаланғандар жаңа пәтерлерге ие болуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасында тұрғын үй құрылыс салымдары жүйесінің зор әлеуеті пайдаланылуда. Бұл – қолжетімді тұрғын үй құрылысы азаматтардың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің, мемлекет пен құрылыс компанияларының тең құқылы әріптестігімен жүргізіліп жатыр деген сөз. Оның нәтижесі осы бағдарлама бойынша облыс орталығында салынып жатқан құрылыс жұмыстарынан да аңғарылады. Толық мән-жайға қанығу үшін “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Балахмет Молдиновқа жолығып, сөзге тарттық.

– Балахмет Рахметұлы, тең құқылы әріптестікпен тұрғызылатын тұрғын үй құрылысы нені білдіреді? Оның қолжетімділігі неде? Осы бағдарлама бойынша өткен жылы неше үй берілді?

– Азаматтар тұрғын үй құнының бір бөлігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жинайды да, қымбат емес ипотекалық несие алу мүмкіндігіне ие болады. Осының өзі-ақ оның қолжетімділігін көрсетіп тұрса керек. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз тарапынан түпкі нәтижесінде тапсырыс беруші ретінде көріне отырып, азаматтардың тұрғын үй жөніндегі қалауының пулын қалыптастырады, құрылыс инвесторлары мен тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға дайын екінші деңгейлі банктерді тауып, таңдау жасайды. Сол сияқты мемлекет атынан іс-әрекет жасайтын жергілікті атқарушы органдар жер телімдерін бөлуді және инженерлік коммуникациялар тартуды қамтамасыз етеді.

Өткен жылы осы “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша 55 және 126 пәтерлік екі үй пайдалануға берілді. Оларға жалпы сомасы 659474 мың теңгенің 182 қарызы берілді, соның ішінде жалпы сомасы 160440 мың теңгенің 32 қарызы бюджеттік қаржы есебінен де, ал қалғаны – түгелдей банк қаржысы есебінен.

– Осындай нақтылы іс нәтижелері байқалып отырғандықтан, тұрғындардың оған қатысу белсенділігі де арта түскен болар?

– Сөз жоқ, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылуына байланысты тұрғындардың тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшарт жасау жөніндегі белсенділігі арта түсті. Мұны осы жылғы жаңа келісімшарттар жасау жөніндегі жоспарлы көрсеткіштердің бірқалыпты орындалуынан аңғаруға болады. Мысалы, жоспар бойынша өткен тоғыз айда 2330 жаңа келісімшарт жасау қажет болса, іс жүзінде 2494 тұрғын үй құрылыс жинағы келісімшартын жасадық. Соған байланысты мақсатты түрде қаржы жинақтау үшін және одан әрі тұрғын үй алуды кредиттеуге депозиттік шоттар ашқан азаматтар саны өсе түсуде. Қазір бізде осындай келісімшарт жасасқан салымшылар саны 11600 адамнан асады. Олардың 400-ден астамы қазірдің өзінде пәтер алуға пулға қатысуға дайын, ол үшін жеткілікті қаржы жинады.

– Банктегі жинақ иелерінің салымдарынан комиссиялық және пайыздық сыйақы алуға мүдделі болуы себепті филиалдың кірістілігі жөніндегі көрсеткіштерге де тоқтала кетсеңіз.

– Филиал өткен 9 айда комиссиялық кірістерден 15019 мың теңге, пайыздық кірістер бойынша 107097 мың теңге пайда табуды жоспарлаған болса, олар сәйкес түрде 31439 және 118751 мың теңгеге орындалды. Кірістер бойынша жоспардың орындалуын қамтамасыз ету үшін филиалда есепті кезеңде тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне клиенттер тарту жөнінде белсенді жұмыс жүргізілді. Осы мақсатта тұрғындар арасында, әсіресе, банктің жоғары кірісті өнімдері – аралық және алдын ала берілетін қарызын насихаттау кең өріс алды. Өйткені, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы қаншалықты басымдыққа ие болып отырғанымен, тұрғын үй құрылыс жинағында оған дейін де жұмыс істеп келген өтімді қарыз түрлері бар. Олар негізгі тұрғын үй, аралық тұрғын үй және алдын ала берілетін тұрғын үй қарыздары деп аталады. Атауларына сәйкес өз талаптары бар. Бұлардың ішінде көбірек сұраныс тудыратындары – негізгі және аралық тұрғын үй қарызы. Соның ішінде негізгі түрі өткен тоғыз айда жалпы сомасы 302484 мың теңгеге 128 қарыз беріп, жоспарды 197 пайызға орындаған болса, аралық қарыз түрінде 576399 мың теңгенің 102 қарызы үлестіріліп, жоспарды үш есе жапты. Бірақ оның есесіне алдын ала берілетін тұрғын үй қарызы азайып кетті. Мысалы, есепті кезеңде жалпы сомасы 183205 мың теңгенің 36 қарызы ғана берілді, бұл жоспардың 51 пайызын құрайды. Ал мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясындағы қарыз 2010 жылдан кейін тоқтатылды.

– Айтуыңызға қарағанда, мемлекеттік бағдарламадан басқа бұрынғы қарыз түрлерінің біршама белсенді жұмыс жасап жатқаны аңғарылады. Соған қоса Елбасының Жолдауында үлкен маңыз берілген “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

– Әңгіме басында сөз етілгеніндей, үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысында филиал өз салымшыларына жалпы сомасы 659474 мың теңгенің 182 қарызын берді. Петропавл қаласында 55 және 126 пәтерлі екі тұрғын үйді кредиттеу аяқталды.

Қазір барлық санаттағылар бағыты бойынша Петропавл қаласында үш құрылыс нысаны тұрғызылуда. Уәлиханов және Шухов көшелерінің қиылысындағы 90 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй құрылысы өткен жылы қыркүйек айында басталған. Қабырғалары қаланып біткен бұл үйде бүгіндері шатырын жабу, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты жүргізуші бас мердігер – “Основание” ЖШС-і барлық құрылыс жұмыстарын 20 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Осы айдың соңында іске қосылуға тиісті 55 пәтерлік тұрғын үй құрылысы Жеңіс және Набережная көшелерінің қиылысында тұрғызылуда. Қазір онда ішкі әрлеу және сыртқы көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Оның құрылысымен “Петрострой люкс” ЖШС-і айналысты. Аталмыш екі нысанда да құрылысты аяқтау мерзімі объективті себептермен аздап кейінге шегерілді. Бірақ жыл ішінде іске қосылатын нысандар қатарына жатады.

Ал “Береке” шағынауданындағы 45 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жобалау жұмысында кеткен қателікке байланысты жұмыс істеп тұрған су құбырының үстінде жоспарланғандықтан, құбырды одан бұрып салғанша тоқтап қалды. Қазір оның іргетасы қаланып жатыр.

Сонымен бірге бағдарламаның “Жас отбасы” бағыты бойынша жинақ шотын ашып, баспана алғысы келетіндер көп. Оларға арнап “Береке” шағынауданында тұрғызылған 75 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталып келеді. Оны жаңа жылдың қарсаңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ бағдарламаның осы бағыты бойынша “Береке” шағынауданында үш-үштен биік емес 15 және 27 пәтерлік тұрғын үйлер салу қолға алынды. Әзірге онда екі-ақ үйдің кірпіштері қалана бастады. Болашақта бағдарлама ауқымының одан әрі кеңи түсері сөзсіз. Сондықтан тұрғындардың барлық санаттары және жас отбасы бағыттары бойынша осы “Береке” шағынауданында тағы 93 пәтерлік екі үйдің құрылысын жобалау тапсырмасы дайындалу үстінде. Алайда, әзірге бұл нысандар бойынша ынтымақтастық келісімдері жасалған жоқ.

– Иә, тұрғын үй құрылыс жинағы бойынша қолжетімді тұрғын үйге ұмтылғандар қатары көбейе түсуде. Ол Сіздің банктің өз клиенттерімен жүргізген нәтижелі жұмыстарының жемісі деп білеміз. Бұл жайында не айтарыңыз бар?

– Жылдан-жылға клиенттеріміздің қатары өсіп жатқаны рас. Ол алдымен бағдарламаның қолжетімділігі болса керек. Соңғы кезде, әсіресе, жастардың жинақ жүйесіне ұмтылысы артып отыр. Бұл бізді қуантады.

Сондай-ақ өз тарапымыздан ақыл-кеңес беру және тұсаукесерлер өткізу жұмысын жақсарта түстік. Мысалы, жыл басынан бері қаланың және облыстың әртүрлі ұйымдарында 90 тұсаукесер шаралары өткізіліп, тұрғындарға 12 мыңнан астам ақыл-кеңес беру қызметі көрсетілді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp