Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында жаңа мешіт салынды. Мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев арнайы келді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі, Уәлиханов ауданының “Қожахмет Хазірет” аудандық мешітінің бас имамы Өсербай Шәкеновтің ұйымдастыруымен Жолдасбаевтар отбасы, Сүйіндік Жантілеуов сынды азаматтардың, ауыл тұрғындарының демеушілігімен жергілікті мұсылман бауырларымыздың көптен күткен мешіті салынды.
Рухани шараға облыстық “Қызылжар” орталық мешіті бас имамының уақытша міндетін атқарушы Аян Алыпқашев, аудан әкімі Аман Төрегелдин, алыс-жақыннан ат терлетіп келген бірқатар аудан имамдары, құрметті азаматтар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мешіттің ашылу салтанаты қасиетті Құран оқумен басталды. Камалжан Тұрдыбаев жиналған қауымды Қызылжар өңірінде бой көтерген жаңа мешітке келген барша жамағатты айтулы қуанышпен құттықтады. “Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: “Кімде-кім Алланың разылығын үміт етіп, мешіт тұрғызса, Жаратушы Ие ол адамға жұмақтан сарай салдырып дайындайды” деген болатын. Қамқор азаматтарымызға Алла тағала мол нығмет нәсіп еткей!” – деген игі тілегін жеткізіп, мешіттің имамына ана тілімізге аударылған қасиетті “Құран Кәрімді” тарту етті.
Рухани шара соңынан барша жиналған қауым мешітке кіріп, имамның салиқалы уағызын тыңдап, бесін намазын өтеді.
Жаңа мешітке бір мезетте бес жүз намазхан сыяды. Дәретханасы, асханасы бар, әйелдерге арнайы бөлме жасақталған. Ауласы да кең, таза. Келуші жамағатқа барлық жағдай жасалған.
“Қызылжар” орталық мешітінің баспасөз қызметі.