«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮРЕ ЖОЛДАР БОЙЫНДА медициналық-құтқару пункттері құрылып, іске кірісуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ержан ЫСҚАҚОВ,

“Апаттар медицинасы орталығы” мемлекеттік мекемесінің директоры.

Елімізде өткен жылдан бастап республикамыздың күре жолдарының айтарлықтай қауіпті учаскелерінде күре жолдық медициналық-құтқару пункттері жұмыс істей бастады. Күре жолдық пункттер зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған.

Бұл жобаны ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі “Апаттар медицинасы орталығы” мемлекеттік мекемесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 28 қаңтардағы “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” Жолдауында айтылған тапсырмасына және Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау саласын дамытудың “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, сондай-ақ жолдардағы жарақаттар мен өлім-жітімді азайту, жол- көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында қолға алды. Бұл – адам өмірін ажал аузынан алып қалуға бағытталған әлеуметтік маңызды жоба. Медициналық пункттердің мақсаты – медициналық көмекті алғашқы сағатта көрсету, “алтын уақыт” үрдісін сақтай отырып, зардап шеккенді құтқара алатын жақсы мүмкіндікке қол жеткізу.

Төтенше жағдайлар жөніндегі, Денсаулық сақтау, Көлік және коммуникация, Ішкі істер министрліктерімен “Күре жолдық медициналық-құтқару пунктінің жауапты аймағында жол-көлік оқиғалары кезінде өзара іс-қимыл тәртібі туралы” төртжақты бұйрығы әзірленіп бекітілді, онда күре жолдық пункттердің жол-көлік оқиғалары кезінде жол полициясы бөлімшелері, жол-пайдалану пункттерінің кезекші қызметтері мен медициналық ұйымдармен өзара іс-қимылы және хабарласу кестесі белгіленді.  

Мүдделі министрліктермен күре жолдық медициналық-құтқару пункттерін құруға лайық республикалық маңызы бар жолдардың айтарлықтай қауіпті учаскелері белгіленді.

Бүгінгі күні елімізде он екі күре жолдық медициналық- құтқару пункті толыққанды іске кірісті. Олар: Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Ақмола облыстарында орналасқан.

Алматы облысында “Жаңа Арна”, “Тарғап”, “Үшарал”, “Күрті”, Қарағанды облысында “Ақшатау”, “Балқаш”, “Сарышаған”, “Ақсу-Аюлы”, Оңтүстік Қазақстан облысында “Төрткөл”, Жамбыл облысында “Шығанақ” және Ақмола облысында “Макинск”, “Анар” күре жолдық медициналық- құтқару пункттері жұмыс істеуде.

Пункттің жалпы ауданы – жүз қырық төрт шаршы метр. Әр күре жолдық медициналық-құтқару пункті қажетті медициналық жабдық, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар амбулаториялық медициналық модульден, реанимобильдерді орналастыруға және байланыс торабы, диспетчерлік бекет пен тұрмыстық аймақ кіретін медициналық-құтқару қызметтік модулін жайғастыруға арналған гараждан тұрады. Сонымен қатар, тікұшаққа арналған алаң қарастырылуда. Әр күре жолдық пункттің тікелей телефоны жұмыс істейді.

Пункттерде 5 адам: дәрігер, фельдшер, диспетчер және екі құтқарушы қызмет етеді. Реанимобильдер де сатып алынды. Олар құтқару құралдары мен медициналық жабдықтардан тұрады. Көлік 5-6 зардап шегушіні эвакуациялауға мүмкіндік береді.

Күре жолдық медициналық-құтқару пунктінің шұғыл әрекет ету бригадасына қызмет ету аясынан 50 шақырым радиустағы учаске бекітілгеніне қарамастан, кей кездері ол ұзақ қашықтықтарға да шұғыл көмек көрсетулерге шығады. Бригада мүшелері тек жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге ғана емес, сондай-ақ шұғыл көмекті қажет еткен адамдарға да көмек көрсетеді.

Мысалы, биыл Қарағанды облысында Алматы-Екатеринбург күре жолында орналасқан “Ақшатау” күре жолдық медициналық-құтқару пунктінің шұғыл әрекет ету бригадасы Ресейден Қырғызстанға бағыт алған, толғағы жеткен жүкті әйелді босандырып алса, Алматы облысындағы “Тарғап” күре жолдық медициналық-құтқару пунктінің шұғыл әрекет ету бригадасы Алматы облысы Горный кентінде цемент бункеріне түсіп кеткен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуге атсалысқан.

Статистикаға жүгінетін болсақ, күре жолдық медициналық-құтқару пункттері бүгінгі күнге дейін орын алған 806 төтенше жағдайға, оның ішінде 697 жол-көлік оқиғасына шығып, 2037 зардап шеккенге, оның ішінде 98 балаға медициналық көмек көрсеткен. 755 адамды, оның ішінде 57 баланы ауруханаға жеткізген.

Республикалық маңызы бар күре жолдарда бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметінің “112” және күре жолдық медициналық-құтқару пункттерінің телефон нөмірлері көрсетілген жол бойындағы ақпараттық қалқандар орнатылды.

Сондай-ақ жол қозғалысы қатысушыларын ақпараттандыру мақсатында күре жолдық пункттердің орналасу орындары мен байланыс телефондары жазылған ақпараттық парақшалар әзірленіп таратылды. Олар жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге алғашқы көмектің дер кезінде көрсетілуіне үлкен септігін тигізбек.

Құрылысы жоспарланып жатқан кезекті 14 күре жолдық медициналық-құтқару пунктінің орналасу орындары: Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда және Павлодар облыстарында белгіленді. Ал болашақта, дәлірек айтқанда, 2015 жылға дейін барлығы 40 пункт құрылатын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp