«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПТЕН КҮТКЕН ҚОНЫСТОЙ Облыс орталығының “Береке” шағынауданында 175 отбасы жаңа пәтерге ие болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл қаласының “Береке” шағынауданында кешегі, сәрсенбінің сәтті күнінде 80 және 95 пәтерлік жалгерлік-коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, көп жылдар бойы баспана алушылар тізімінде тұрған қалалықтар қоныстой иелері атанды. Жалпы аумағы 9,4 мың шаршы метр бұл көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын “Основание” және “Альфа-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері былтыр бастаған екен.

Қоныстой иелерінің қуанышын облыс әкімі Самат Ескендіров бөлісті.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының нәтижесінде елімізде бірқатар мемлекеттік бағдарламалар табысты түрде жүзеге асырылуда. Қызылжар өңірінде де тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту бағытында көптеген игілікті істер атқарылуда. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аясында Петропавл қаласында былтыр 28 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 34 мың шаршы метрге жетпек. Келесі жылы “Береке” шағынауданында Назарбаев Зияткерлік мектебі, әлеуметтік нысандар, бірнеше жалгерлік-коммуналдық көпқабатты тұрғын үйлер іске қосылады. Қаланың бас жоспарына сәйкес мұнда инфрақұрылымды жақсарту, көркейту жұмыстары атқарылмақ. “Береке” облыс орталығының көрікті шағынаудандарының біріне айналады, – деген Самат Сапарбекұлы бірнеше қоныстой иелеріне пәтер кілттерін салтанатты түрде тапсырды.

Бұл күні қоныстой иелері арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қажытай Некібаев, Василий Синник, он бір жетім бала, он алты мүгедек, сондай-ақ пәтер алу кезегіндегі тұрғындардың әлеуметтік аз қорғалған санатының, бюджет саласының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер болды.

– Мен пәтер алу кезегінде тоғыз жылдай тұрдым. Бүгін сол бақытқа қол жеткізіп, қуанышымда шек жоқ, – дейді Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі Теңдік Құлмағамбетова.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp