Бұл жалғанда ағарғанша самайым,
Маскүнемнің көріп едім талайын,
Тап мынандай азғынданып кеткендер
Толтырды ғой жұртымыздың маңайын.
“Оразасын” арақпенен ашады,
Сұмырайдың сұрқы мүлдем қашады.
Түрі адамға ұқсағанмен, қылығы
Маймылға тең, тіпті, одан да асады.
Тәлтіректеп, басы оның айналып,
Сөйлей алмай тілі қалған байланып.
Бұл сорлының салбырайған қалпынан
Жиіркенесің, қарай алмай жай налып.
Отбасының жайында жоқ жұмысы,
Ойламайды, тарылмайды тынысы.
Ұят-ардан жұрдай болған болмысы –
Елі-жұрты алдындағы қылмысы.
Санасы жоқ, малға сорлы ұқсайды,
Азғынданып кеткенін ол ұқпайды.
Жанашырдың ұрсып, ақыл айтқаны
Жалмауыздың жан-тәніне жұқпайды.
Сезінбейді-ау арақ түпке жетер деп,
Қайыршы боп, қаңғыбас боп кетем деп.
Сайтан жеңіп, адамдықтан айрылып,
Бұл дүниеге келіппін-ау бекер деп.
Ақ арақты емін-еркін “еміп” жүр,
Құмарлықтың жетегіне еріп жүр.
Адамшылық кейпін оңай жоғалтып,
Ішіндегі Ібіліске ерік беріп жүр.