«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОУ, АҒАЙЫН, ҚАЙДА КЕТІП БАРАМЫЗ?!.

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат САҒЫНДЫҚОВ,
ақын, Солтүстік Қазақстан
облысының Құрметті азаматы.

Оу, ағайын, қайда кетіп барамыз?!.
Көз жүгіртіп айналаға қараңыз.
Ұлтымыздың рухы жүдеп кетті ме,
Уланды ма салиқалы санамыз?

Өкінішті-ақ шытынауда шырқымыз,
Елегізіп, алаңдауда жұртымыз.
Кеше кеңес, бүгін батыс таратқан
Кесепаттан зиян шекті халқымыз.

 



Ата-ананы сыйлау кетіп барады,
Тастап кету деген әдет тарады.
Қартайғанда қамқорсыз
боп байғұстар
Жүдеп-жадап өз жұртында қалады.

Қарт шешесін жуырда бір жексұрын,
Үйден қуып шығарыпты кешқұрым.
Өз анасын зар жылатқан көрсоқыр,
Тас жүректер болмаған-ды еш бұрын.

Құрметтемес қасиетін ананың,
Құны бір-ақ тиын ондай баланың.
Ақтамаған ана сүтін ақымақ,
Ілігеді қаhарына Алланың.

Өз әкесін боқтаған бір жігітті,
Жігіт те емес, адам да емес мігітті,
Естіп, көріп жағамызды ұстадық,
Дәл мынандай Құдай атқан шірікті.

Біліп пе едік Қарттар үйі дегенді?
Өткізетін соған ата-енеңді.
О, масқара-ай, басы бүтін тапсырып,
Көріп жүрміз пенсиясын жегенді.
Тәрбие жоқ талбесіктен әлбетте,
Үйренбеген имандылық әдепке,
Жүкті болад отырып ап оң жақта,
Қыздар мұны айналдырған әдетке.

Кездесуде қоғамымда жат адам
Бала тауып алып жүрген шатадан.
Шаранасын лақтырып қоқысқа,
Ар-ұяттан жұрдай болған қас надан.

Тағылыққа өкініп таң қаласың, –
Жануар да өлтірмейді баласын!
Арамыздан алыстатып қуайық,
Көзімізге көрсетпесін қарасын.

Ашық-тесік киінуді салт етті,
Ұялу мен имену де қалт кетті.
Омырауды, сирақ санды жасыру,
Биязы боп қымсынуды жат етті.

Арыла алмай келеді жат қылықтан,
Үлкендерді құрметтеуді ұмытқан.
Арақ ішу, шылым тарту секілді
Қашан, шіркін, құтыламыз былықтан?!

Жеті апасы арам оймен топтасып,
Ер кіндікті жалғыз ұлмен соттасып,
Ел-жұртына болып мүлде масқара,
Жүр шіркіндер ар-намыспен қоштасып.

Жаназа асты тойға ұқсатып келеміз,
Киіт десіп киім-кешек береміз.
Ысырап қып, төгіп-шашып барыңды,
Есерлерге еліктейміз, ереміз.
Оу, ағайын, қайда кетіп барамыз?!.
Қашан ғана жарылады жарамыз,
Түзелмесе әдет-ғұрып, салт-дәстүр,
Алдыңғылар санатынан қаламыз.

Құрметтейік өркендеген елімді,
Қасиетті атамекен жерімді.
Жат сүйсінсін болмысыма гүлденген,
Жина, жұртым, енді етек-жеңіңді!

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp