«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САТЫП АЛУДАҒЫ СОРАҚЫЛЫҚТАР ТЫЙЫЛМАҚШЫ Осы жөніндегі шаралар жайлы Қаржы министрі мәлім етті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үкіметтің 11 қазанда өткен кеңейтілген отырысы кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бюджет қаражатын толық және сапалы игеруге қатысты бірқатар сын айтқан болатын. “Бюджеттің сапасыз орындалуы көбінесе рұқсат беру және келісу процедураларының көптігіне байланысты, бұл да экономиканың дамуын тежейді”, – дегенді Елбасы. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірі бойынша, “Бюджеттік бағдарламалардың орындалмауының және олардың тиімсіздігінің негізгі себебі мемлекеттік сатып алу жүйесі болып саналады. Көбінесе мемлекеттік органдар тендерлерде “бөгде” жеткізушілердің қатысуына мүмкіндік бермейтін шарттар белгілейді. Бұған қоса мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздерін өздері жауапкершіліктен босатып, сатып алуға қатысты шешім қабылдаудан сырт қалады”.

Осыған орай Қаржы министрі Болат Жәмішев “Конкурстық комиссияларды министрлер мен әкімдер басқаруы тиіс”, – деген пікірді Орталық коммуникациялар қызметінде (ОКҚ) болған баспасөз мәжілісінде жеткізді. “Біз заң жобасына енгізілуі тиіс ұсыныстарымызды дайындап та қойдық. Конкурстарды бірыңғай ұйымдастырушы бюджеттік, инвестициялық бағдарламалар бойынша барлық конкурстар мен аукциондарды өткізетін болады, яғни бұл – дамыту бюджетінің негізгі сомалары. Заң бойынша, барлық жағдайда комиссия төрағалары – министрлер, ал жергілікті атқару органдарында әкімдер болады. Егер мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің ағымдағы шығындарына келетін болсақ, онда сол аумақтық бөлімшелердің басшылары төрағалық етеді. Орталық мемлекеттік органдардың жұмысына келетін болсақ, онда Елбасының Жарлығына сай бұл өкілеттіліктер жауапты хатшыларға жүктеледі. Бұл сатып алу бұрынғыдай режімде іске асырылады, тек дамыту бюджетіне қатысты негізгі сатып алу бірыңғай ұйымдастырушы арқылы іске асырылып, оған министрлер мен жергілікті бюджет бойынша – әкімдер төрағалық етеді”, – деді министр.

Мемлекет басшысының пікірінше, жобалықсметалық құжаттаманы әзірлеу мен қарау төңірегінде күмәнді бизнес қалыптастырылған. Президент: “Тендерде мердігерді таңдау кезеңінде төрешілдік пен ысырапшылдық басталады. Міне, құрылыс бағасы өсуінің, инфляцияның шарықтап кетуінің себебі осында”, – деген еді. “Көбінесе біркелкі нысандар әртүрлі баға бойынша салынуда. Ақмола облысында 1200 орындық мектептің құны 900 орындық мектепке қарағанда 219 млн. теңгеге арзан бағаға салынған. Ақтөбе қаласында бір жылда бірдей мектептер құрылысы құнының айырмашылығы 130 млн. теңге болған, ал Атырау облысындағы бірдей емханалар құрылысына жұмсалған шығын құнының айырмашылығы 400 миллион теңгеден асқан. Бақылаушы органдар мұндайға қалай жол береді?” – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Президенттің осы сынына қатысты Қаржы министрі Болат Жәмішев ОКҚ баспасөз мәжілісі кезінде егжей-тегжейлі түсініктеме берді. “Атырау облысындағы осы емханаларға келетін болсақ – олардың біреуі жер қойнауын пайдаланушы шарт бойынша өңірді әлеуметтік дамытуға бөлуге тиісті қаржыға салынды”, – деді Болат Жәмішев. “Бұл мәселе осы міндеттердің ақшалай эквивалентте орындалып, жергілікті бюджетке аударылуы туралы көтеріліп отыр. Себебі, мұнымен жер қойнауын пайдаланушының өзі айналысқан кезде оған 2 емхана немесе 2 балабақша емес, жақсы біреуін салып, сонымен өз міндетінен құтылу жеңілірек болады”, – деп толықтырды министр. “Нысандардың қымбатшылығы мәселесі – осындай әлеуметтік нысандардың оңтайлы параметрлеріне бейімделу – тұрақты типтік үлгідегі жобаларға қарай отырып шешілуі тисі. Бұл осының негізінде басқа да нысандардың салынуына себеп болады. Мемлекет басшысы өте дұрыс айтып өтті, өйткені типтік жобалар да үнемі қайта қаралып отыруы керек, өйтпесе құрылыс саласына алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мүмкін болмай қалады. Бірдей көлемдегі екі нысанның бағасында қандай технологияларды қолданғандығына қарай елеулі айырмашылық болуы мүмкін, сондықтан да жобалар арзандай түсуі үшін заманауи технологияларды ескеріп отыру қажет”, – деді сала басшысы.

Болат Жәмішев электрондық мемлекеттік сатып алу туралы соңғы жаңалықтармен бөлісті. “Әзірленіп жатқан заң жобасында келісімшарттардың электрондық форматта берілу мәселесі қарастырылуда, яғни тауарларды жеткізушілер мен қызмет көрсетушілердің және тапсырыс беруші тараптың араларында ешқандай тікелей байланыс болмауы, процедуралар ашық жүргізілуі керек. Біз енгізіп отырған заң жобасында қарастырылғандай, 2014 жылғы 1 қаңтарынан бастап біздің заңнамаларға сәйкес және ол Бірыңғай экономикалық келісімнің шарттарына да сәйкес болады, еліміздегі сатып алуға ресейлік және беларусь кәсіпорындары да қатыса алатын болады”, – деді сала басшысы.

“Қаржы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18,5 мың мемлекеттік мекеме мен кәсіпорындарға тиесілі алаңға тексеру жүргізді. Мен жетекшілік еткен комиссия 567 мың шаршы метр аумаққа қатысты шешім шығарды. Оның 47 мың шаршы метрі бойынша ешқандай ұсыныс бермеуді ұйғардық. Бұл – асханалар, ТЖМ-нің қоймалары, ол алаңдарды іске жаратудың қажеті шамалы”, – деді Болат Жәмішев. Министр хабарлағандай, 113 шаршы метр мемлекеттік мекеме ғимараттары әлеуметтік нысандарға беріледі. Бұл ғимараттарда балабақшалар, шағын орталықтар, Мәдениет үйлері, мектептер, медициналық мекемелер, спорттық ұйымдар, кітапханалар орналастырылмақ.

“305 мың шаршы метр аумақты жекешелендіруге беру туралы шешім шығарылды. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 250 мың шаршы метр жөнінде айтқан болатын, комиссия 418 мың шаршы метр аумақ бойынша шешім шығарды”, – деп толықтырды Болат Жәмішев. 102 мың шаршы метрді мемлекеттік мекемелер арасында бөлу ұйғарылған. “Бүгінде бірқатар мемлекеттік ұйымдардың артық алаңдары бар. Ал кейбір мемлекеттік мекемелер оны жеке сектордан жалға алады. Сондықтан қалған аумақты осы мекемелерге бөліп беру шешімі шығарылды”, – деп атап өтті Қаржы министрі.

(Ресми ақпарат).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp