Қайролла МҰҚАНОВ,
өлкетанушы.
Сейіткерей Мағазов туралы біз алғаш рет жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” романының бірінші кітабынан оқып білгенбіз.
Бір әңгімелескенде Сәбеңе досы Баймағамбет Ізтөлин Сейіткерей Мағазов туралы былай депті: “Біздің үйге бір күні қонақ келді: қалаша киінген, қырбық қара мұрты бар, дембелше, орта бойлы, қалың қабақты, қара бұжыр кескінді, таңқылау мұрынды біреу, түрі қазаққа келіңкіремейді. Оның жайын жайласа келе білдім, зады башқұрт екен. Сейіткерей Алдай руындағы Құрымсы ауылында мұғалім екен.
Сейіткерей Мағазов Уфадағы “Ғалия” медресесінде оқыпты. Зады башқұрт болғанмен, тілінде қазақшадан айырма жоқ. Қулықшыл, өлеңші жігіт екен. Қазақша және башқұртша өлең де шығарады екен… Сейіткерей түнде маған да өлең айтқызып, “Талабың бар бала екенсің” деп отырды да, таңертең “Бұл баланы маған оқуға бер!” – деп жабысты…
– Сонымен, – деді одан әрі Баймағамбет, – Құрымсы ауылына барып, Сейіткерейден оқи бастадым. Өзіңе белгілі “Жәдит” оқуы – түсінікті оқу. Миың болса, қонатын оқу. Оқу қона кетті. Аз күнде жазуға да үйрендім. Есеп, жағрафия, тарих, физика, табиғат сияқты ғылымдармен де таныса бастадым. Бұрын қараңғы дүние көрінетін “оқу” енді жұлдыздай жарқырай бастады. Бірақ осы оқуымның өмірі ұзақ болмады.
– Неге?
– Бір жыл оқығаннан кейін келер жылы мұғалімімізді урядник кеп ұстап әкетті.
– Неге?
– Бір ойында жігіттер Сейіткерейді Жанкүміс деген қыздың қасына отырғызайын десе, қыз: “Орыс па, қазақ па, кім бұл өзі?” деп отырғызбайды. Жәбірленген Сейіткерей ойыннан кейін қызға мынадай өлең жазып жіберіпті (бұл ұзақ өлеңнің бастапқы 3 шумағын ғана келтірейін – Қ.М.):
Жанкүміс бір қыз екен білетұғын,
Сын тағып, көрінгенге күлетұғын.
Соқтығып көрінгенге, шешенсініп,
Білем деп жаман қыздар жүретұғын.
Біреуден сыбағасын алса мықтап,
Кеудеден тәкаппарлық сөнетұғын.
Мыңқылдап маған қарап, мазақ қылып
Тауыпсың бір мылқауды көнетұғын.
Сен өзің қандай сұлу жұрттан асқан,
Қан мен сүт ақ жүзіңе араласқан.
Адамнан туған пері сен емес пе,
Тәрбие көрмей өскен бала жастан?
Кісіге сын таққандай не түрің бар,
Айнаға әбден байқап қарамастан?!.
– Жақсы екен. Қыз не жауап қайтарыпты бұған?
– Не жауап беруші еді, балдыр-батпақ бірдемелерді жаздырып жіберіпті.
– Содан?
– Сейіткерейдің қайтарған жауабы одан да өткірірек болған соң, Жанкүміске болысқысы келгендер өлең шығарып беретін кісі іздейді. Олардың тапқаны ар жағында көрші отырған “Тоқты, Сары” дейтін ауылдардағы Мектепбай болады. Соған өлең шығартып, Сейіткерейге жібереді. Бірақ ол да қойыртпақ. Одан да Сейіткерейдің жауабын оқиық (Бұл өлеңнің бастапқы екі шумағы мынадай – Қ.М):
Мектепбай, сенің ағаң Әлімбайым,
Сөйлесең ағызасың тілдің майын.
Сөзіңе жауап жазып қайтаруға
Келіп-ақ қалды, міне, бір ыңғайым.
Ағаңыз Құлқай батыр уафат болып,
Иманын нәсіп етсін бір Құдайым.
Жоқ жерден ажалына себеп бопсың,
Білмей-ақ дәрігерлік қып емдеу жайын!
– Содан кейін?
– Надан ел емес пе қазақ?! Біреуге өшіксе, көзін жұмып жібермей ме? Қастық іздемей ме оған?
– Не қастық қыпты?
– Соғыс басталып жатқан кезде өшіккендер “солдаттан қашқан” деп арыз беріп, урядник кеп ұстап әкетті. Кейін естідік, соғысқа жіберіпті. Маған да, ауылдағы өзге достарына да хат жазып тұрады. Кейде өлеңмен де жазады. Біреуі мынау:
Жат жерден қайғыланып жаздым назым,
Білмеймін өмірімнің көбін, азын.
Үстіне шинель, мундир киіп алып,
Бұл хатты жазып отыр өнерпазың.
Сүйеулі қасымда тұр қылыш, мылтық,
Аяқтан жүдеп жүрмін ақсап, сылтып.
Үстімде киім бүтін, тамағым тоқ,
Көңіл аш, сөйтседағы, жүрек жыртық.
Сағындым қазақтың кең сахарасын,
Өртеніп, шіркін, жүрек, аh ұрасың.
Жарасын жанның жазар сары қымыз,
Дәміңді қашан маған татырасың?!
Сейіткерейдің тағы бірнеше өлеңдерін оқыдық. Оларда соғыстың біраз ауыр бейнелері сипатталған екен. (Сәбит Мұқанов. “Өмір мектебі”. Бірінші кітап. Алматы, 1955, 375-379 б.б.)
Сейіткерей Мағазовтың бұдан кейінгі өмірі бізге беймәлім еді. Ол туралы деректі 2008 жылы Астананың “Фолиант” баспасынан шыққан “Тарих адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10 томдық. Түркі халықтарының тарихи ойы. 10-шы том” атты кітаптан кездестірдім. Осы кітапта көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал тарихшы-ғалым, 1917 жылғы төңкерістен кейін Башқұртстан автономиясының қорғаныс министрі, кейін мемлекет басшысы болған, Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқан, қазақтың “Алашорда” үкіметінің басшыларымен және бірнеше мүшелерімен тығыз байланыста болған Ахмет Зәки Уәлиди Тоғанның (1890-1970) естеліктері берілген екен.
Естеліктердің “Батыс Сібір және Алашорда үкіметтерімен байланысымыз” деген бөлімінде ол былай дейді: “2 шілде (1918 ж.) күні үкіметіміздің мүшесі әрі әскер басшыларының бірі Абдулхақ Абидовты сол кездері Омбы қаласында құрылған “Батыс Сібір демократиялық үкіметінің” басшысы, полковник Гришин Алмазовқа аттандырдық. Біз одан құрып жатқан әскери жасақтарымыз үшін қару-жарақ, қаражат, басқа да көмек сұраған едік… Бірнеше күннен кейін мен жаныма үкімет мүшелерінен Сейіткерей Мағазовты алып, Омбы қаласына келдім. Гришин Алмазовпен сол күні жолықтық. Ол біздің барлық талаптарымызды қабылдай отырып, бір ғана шарт қойды. Ол шарты башқұрт жасақтарының стратегиялық маңыздылығына орай Сібір үкіметінің бас қолбасшылығына бағынышты болуы еді.
Сейіткерей Мағазов Омбы қаласынан Семейдегі қазақ ұлттық үкіметі – Алашордаға барып, біздің ұсынысымыз бойынша 18-21 шілде күндері арасында жиналатын мәжіліске қатынасатын еді.
Алашорда көсемдерімен болатын келіссөздер мен қол қойылатын құжаттардың жобасын Омбыда дайындағанбыз. Алаш қаласына келгенде Әлихан Бөкейхан мен Қоқандағы Түркістан автономиясының бұрынғы басшысы Мұхаметжан Тынышбаев бастаған топ жиналып қалған екен. Осы мәжіліс Алашорда, Қоқан автономиясы және Башқұртстан арасындағы алғашқы құрылтай болды. Құрылтайда 12 баптан тұратын шешім қабылданды.
Қазақ тілінде жақсы өлең жазатын Сейіткерей Мағазов қазақтардың астанасында үлкен ілтипатқа ие болды. Ол “Алашорда” деген басылымға мен туралы және башқұрт қозғалысы жайында мақалалар мен бір өлең жариялады. Түрікше жазылып қол қойылған құжатты ол Челябі қаласына алып келді”.
“Естеліктердің” “Бұхарада құрылған ұйым” атты бөлімінде Ахмет Зәки Уәлиди Тоған былай деп жазады: “Негізгі жұмысымыз Бұхара ұлттық армиясын жасақтау және Хиуа, Түркменстан мен Қазақстаннан өкілдер жинап, “Түркістан ұлттық бірлігі” ұйымын құру болатын. Бұл іске дайындық ретінде маусым айында Башқұртстаннан Қазақстанның барлық аймағына, сол жерден Құлжадағы жапондарға, Ферғанадағы басшылардың қолбасшыларына жіберілген кісі мен қазақ зиялылары жиналды. Қазақстаннан келген башқұрт зиялылары арасында Сейіткерей Мағазов та болды. Бұлар бүкіл Орталық Қазақстанды аралап, достарымызбен байланыс орнатқан еді…
Келіссөздер нәтижесінде Өзбекстанда социалист емес, діни бағыттағы “Жәдитшілер” партиясы мен социалистік “Ерік” партиясы құрылып, бұл екеуі қазақтардың “Алашорда” партиясымен бірігіп, біздің тарабымыздан ұсынылған 7 баптан тұратын “ортақ платформаны” қабылдады…
Кейін “Жәдит” және “Ерік” партияларының жеке-жеке бағдарламалары анықталды. Осы үш әрекет біздің Бұхарадағы жиналуымыздың үлкен нәтижесі болатын. Жалпы алғанда мемлекетті бірі либерал, екіншісі социалист бағыттағы екі партиялық жүйемен және осы екі партияның ортақ бағдарламасы арқылы басқару туралы шешім қабылданды. Бұған бәрі де қуанып, келісім берді. Сейіткерей Мағазов жеті баптан тұратын ортақ бағдарламаны өлеңге қосып, жырлады. Бұл – классикалық туынды болатын”.
Иә, Сейіткерей Мағазов білікті, жаңашыл мұғалім ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткері, Башқұртстан автономиялы үкіметінің мүшесі, бүкіл түркі халықтарының азаттық жолындағы күресіне белсене атсалысқан адам болған екен. Ол қазақтың Алашорда үкіметімен де тығыз байланыс жасаған. Осындай саяси қызмет атқара жүріп, ол өлең шығаруын да жалғастырыпты. Қазақ халқын, оның кең-байтақ даласы мен тіл үйіретін сары қымызын өмір бойы ұмытпапты. Әттең, біз асыл азаматтың өмірінің соңғы кезеңін әзірше білмейміз. Мүмкін, тағы бір басылымдардан немесе мұрағаттардан табылып қалар, мұны кейінгі жастар іздестіріп табар деген үміттемін. Өйткені, мұндай тұлғалардың өмірі мен қызметін, шығармашылығын білу – баршамызға ортақ парыз.