«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІШКІ ІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНДЕ – ЖАҢА БАСШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ҚР ІІМ-нің бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысы ІІД бастығы болып полиция полковнигі Ақан Саттыбайұлы Қажкенов тағайындалды. Осыған дейін бұл қызметте болған Мұрат Ұрымханов Алматы облысының ІІД-ін басқаратын болады.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жеке құрамға департаменттің жаңа басшысын таныстырған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал-майор Марат Демеуов Ақан Саттыбайұлының еңбек жолына тоқталып өтті. Ол 1958 жылғы 6 қаңтарда Көкшетау облысының Ленинград ауданындағы “Бостандық” кеңшарында туған КСРО ІІМ Алматы орта арнаулы милиция мектебін, Қарағанды жоғарғы мектебін “Заңгер” мамандығы бойынша тамамдаған. Еңбек жолын 1981 жылы Көкшетау облысындағы Ленинград ауданының ішкі істер бөлімінде бастап, әр жылдары осы ауданда инспектор, жедел уәкіл, бөлімше бастығы қызметтерін атқарған. 1990 жылдан бастап Көкшетау облысындағы Еңбекшілдер, Чкалов аудандарындағы, кейін Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданындағы ішкі істер бөлімдерінде басшылық қызметте еңбек еткен. 2000 жылы – Көкшетау қаласы ІІБ бастығы, 2001 жылы – Ақмола облысы ІІББ бастығының орынбасары, 2003 жылы Ақмола облысының ІІД бастығының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған. 2008-2012 жылдары ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Осыған дейін Ақмола облысы ІІД бастығы қызметінде болды.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Самат Ескендіров жеке құрамды жаңа басшыларымен құттықтай келе:

– Ақан Саттыбайұлымен өз еңбек жолын бұрынғы Көкшетау облысының қарамағында болған, бүгінде біздің өңірге қарасты аудандарда бастады. Білікті басшы өзіне артылған міндетті абыройлы атқаратынына сенімдімін. Ал Мұрат Ұрымхановтың басшылығымен жұмыс атқарған жеке құрамның өңір тұрғындарының қауіпсіздігін сақтаудағы еңбегі өлшеусіз. Мұрат Жәлелұлына – Алматы облысында, ал Ақан Саттыбайұлына біздің өңірдегі жұмысына сәттілік тілеймін! – деді.

ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев бұрынғы басшыға қарияларға жасаған қамқорлығы үшін алғыс айтып, екі азаматқа да жаңа қызметтерінде еңбектері жемісті болсын деген тілегін жеткізді.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp