Елбасы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетін белгіледі. Діттеген межеге жету үшін съезде қабылданған Саяси доктринаға сүйене отырып, бағытымызды айқындап, бағдарламаларды пысықтап, оларды жүзеге асыруымыз қажет. Сонымен қатар, қазына қаржысының мақсатты жұмсалып, толыққанды игерілуіне баса назар аударып, индустриялық саясатты одан әрі дамыту – маңызды міндет.
Ескен ӘКІМЖАНОВ,
облыстық Қаржы басқармасының басшысы.
Қаржы басқармасы бюджеттің толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу үрдісін оңтайландыру және тиімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік бюджет қаражатын пайдалану кезіндегі қаржылық заң бұзушылықты болдырмау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік мекемелерге қашықтықтан қызмет көрсету және жүргізілген шығыстарға ақшалай қаражатты аудару үдерісін жылдамдату үшін былтырғы жылдан бастап “Қазынашылық-клиент” ақпараттық жүйесі енгізілген болатын. Бұл жүйе жергілікті бюджет түсімдерінің атқарылуына және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына күнделікті мониторинг жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінгі таңда білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениетті және спорты дамыту сияқты әлеуметтік салаларға бөлінетін қаражат жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2013 жылғы облыстық бюджеттің көлемі 116 миллиард теңгені құраса, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған шығыстар үлесі 69 миллиард теңгені құрап отыр. Облыс шығыстарын жүзеге асыруға 2013 жылдың 9 айында – 83,8 миллиард теңге, соның ішінде әлеуметтік сала нысандарын ұстауға 49,8 миллиард теңге жұмсалды.
Ал игерілмеген қаржыға келер болсақ, шығыстардың жалпы сомасына шаққандағы игерілмеген қаражаттың үлесі 3,8 пайыз, яғни 3,184 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл қаржыны жыл соңына дейін тиімді игеруге тырысамыз. Бюджеттің толық игерілмеуінің себептері де жоқ емес. Өндіріс кестесінен артта қалғандықтан, мердігерлердің орындалған жұмыс актілерін көрсетпеуі, жоспарланған іс-шаралардың уақтылы өткізілмеуі, жабдықтаушылармен өзара қарым-қатынастың болмауы, келісімішарттарды жасау және тіркеу рәсімдерінің ұзақ өткізілуі, мелекеттік сатып алу бойынша конкурстардың өткізілмеуі, я болмаса ұзақ өткізілуі жұмыстың тиімділігін төмендетуде. Бұл олқылықтарды жоюда әрі қарай мақсатты жұмыс жүргізілетін болады.
Соңғы бес жылда облыс бюджетінің көлемі 72,3 миллиард теңге болса, 2013 жылы бөлінген қаражат 43,7 миллиард теңгеге артып, 116,0 миллиард теңгені құрады. Оның тиімді игерілуі тікелей жергілікті органдардың жұмысына байланысты. Сондықтан мемлекеттік мекемелер басшылары жұмыс бағытын айқындап, тиісті бағдарламаларды қайта қарап, облыс тұрғындарының игілігі үшін барын салып, еңбек етулері қажет. Елбасының съезде: “Халық билікке емес, билік халыққа қызмет етуі – бүгінгі заман талабы” деген сөздері әр басшының өмірлік ұстанымына айналуы керек.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.