Гитлерліктердің КСРО-ның батыс аудандарын басып алуы ел экономикасында Қазақстан мен Сібірдің маңыздылығын күрт арттырды. Өндірістік кәсіпорындар жұмысшыларымен бірге елдің батыс аудандарынан Қазақстанның облыс орталықтарына көшірілді.
1941 жылдың IV тоқсанында және тамыз-қыркүйек айларында соғыстың басында құрылған мемлекеттің жоғары органы – КСРО-ның Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қаулысымен және оның қарамағындағы Көшіру Комиссиясының қаулысымен СҚО-ға 9 әскери зауыт көшіріліп, оның 8-і Петропавл қаласына орналастырылды. Олардың ішінде атауы №641 зауыты болып өзгертілген №3 Александров радиозауыты да бар. Нәтижесінде ол Киров атындағы зауытқа айналды. Бүгінде ол “Киров атындағы зауыт” АҚ болып табылады.
Лешек Карвовскийдің мұрағатын ақтара отыра, оның зауытпен бірге Красноярск қаласына көшкені туралы анықтаманы таптым. Анықтамаға №3 радиозауытының директоры А.Никифоровтың қолы қойылып, үш бұрышты және дөңгелек мөрмен куәландырылған. Бұл шешім Карвовскийлердің отбасын Қазақстанмен таңғаларлық жағдайда байланыстырды. Лешек Яновичтің әкесі – Ян Карвовский Варшаваның түбіндегі Карвовта дүниеге келген. Ян Отто жоғары білімді инженер-химик, өнертапқыш, көп тіл білген адам болыпты. 1930 жылдың соңында білікті маман, сүйікті жар және әке тұтқындалады. Ал 1930 жылдың 5 желтоқсанында Ян Михайловичке 10 жылға бас бостандығынан айыру, ал мерзімін “Соловки” лагерінде өтеу жазасы кесіледі. Сол жерде 10 жыл жазасын өтеген Ян Карвовскийдің өмірін лагерьде химия өндірісін ұйымдастыру қабілеті құтқарған болатын.
Қиындыққа қарамастан, Ян Михайлович 10 жыл бойы хат арқылы баласының тәрбиесімен айналысады. Ол ұлына қандай әдебиетті оқу, қандай пәндерге ерекше назар аудару қажеттігін жазып, математика, физика, химия пәндерінен сабақ беріп, өзінің техникалық идеяларымен бөлісіп отырған.
Мұның барлығы Лешекке сағының сынбай, алдына мақсат қойып, оларды орындауына қол жеткізуіне ықпалын тигізді. Лешек Янович курстар мен семинарларға қатысу арқылы білімінің деңгейін жоғарылатудың барлық мүмкіндіктерін пайдаланған. Петропавлда 10-шы сыныптың емтихандарын жедел түрде тапсырып, жоғары оқу орнына түспек болғанда, оған орта білімің жоқ дегенді алға тартып, рұқсат берілмейді. Осылайша “халық жауының ұлы” ресми түрде 7-сыныптық біліммен одақтық мәні бар №641 қорғаныс зауытында (Киров атындағы) бақылау-өлшеу зертханасының ТББ-да басшылық қызметте көп жыл еңбек етеді. Сондай-ақ 1945-1946 жылдары ол Петропавлға көшірілген Бердск электромеханикалық техникумында қосымша “Радиоқабылдағыш аппаратурасын өндіру технологиясы және жабдығы” пәнінен сабақ береді.
Сонымен қатар, зауыт басшылығы оған сапасы жақсы, саны көп материалдар мен жартылай фабрикаттарды қабылдауға, әрі Петропавл қаласында шағын литражды двигательдер зауытында өнімдер бойынша тәуелсіз сарапшы болып жұмыс істеуіне рұқсат береді.
Кәсіби жетістіктері үшін әкесіне қарыздар екенін түсінген Лешек Янович әкесіне қатысты кітаптарды, ісқағаздарды, суреттерді, хаттарды, сотталғанның карточкасын және тағы да басқа заттарды мұқият сақтайды.
Мені бір хат таңғалдырды. Бұл пошталық карточка ұсақ жазумен жазылған. Мәселе 79 жыл бұрын қарындашпен жазылған хаттың қалай жақсы сақталғанында емес, оның бүгінгі күні де өзекті болуында. Хат мәтіні төмендегідей:
“ – Менің қымбатты ұлым! Бұл хатты 20 мамырға дейін, яғни 15 жасқа толатын шақта қолыңа тиеді деп ойлаймын. Осы жасқа келуіңмен саған бірқатар міндеттер жүктеледі әрі мен және барлығы саған жеке тұлға ретінде қарайтын болады. Енді өз тағдырыңа өзің жауаптысың. Менің басымдағы бақытсыздық сенің дамуыңа кері әсерін тигізбеуінің қамын ойларсың. Егер сен өздігіңнен білім алумен айналысатын болсаң, еңбегіңнің жемісін көресің. Анаңның да қамын ойлау керек болғандықтан, саған да оңай тимей жүргенін білемін. Алайда, анаңның әлсіз тұстарын ескере отырып, оның өмірлік тәжірибесімен санасуыңды өтінемін, бұл сенің өміріңе көп көмегін тигізеді. Тағдырдың тұрақсыздығы мен қиындығын жеңіл еңсересің деп ойлаймын. Саған бақытты болашақ тілеймін. Сүйдім сені. Сенің әкең”.
10х15 форматтағы қатырма қағаздың кішкентай бөлігі, 28 жол және әкелі-балалы екі адамның көлеңкесі…
Олар бостандығы мен мүмкіндіктері ұшан-теңіз біздерге нені айтып, неге үйретпек болды? Осы хат жолдарын оқыған әркім өз жауабын табары анық…
Мен үшін бұл жазба аумақтар мен елдер тағдырларының қосылуын айғақтайтын тарихи құжат қана емес, кез келген жағдайда білікті азаматты тәрбиелеп шығаратын білім күшінің құдіретін паш ететін маңызды әрі құнды дереккөз болып саналады.
Материалдарды дайындаған
Валентина КОРНЕВА,
“Коперник” облыстық поляк
орталығы төрағасының
орынбасары.