«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРСЕРІКТІҢ “ДОСТЫҒЫ” Зеңгібаба мен Шопаната тұқымын асылдандыру үстінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданының Покровка ауылында мемлекеттің жан-жақты қолдауы арқасында машина-трактор паркін жаңартып, қотанын малға толтыра бастаған екі агроқұрылым бар. Олар “Қозыбаев және К” ЖШС және “Достық” ШҚ аталады. Аталмыш серіктестік пен шаруа қожалығына Өмірсерік Қозыбаев жетекшілік етеді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

ЖШС таза егіншілікпен айналысады. Егін алқабы 1184 гектарды құрайды, соның 580 гектарына бидай, 300 гектарына арпа мен сұлы дақылдарын егіпті. Арпа – 13, сұлы – 11,2 центнерден айналыпты. Бидай да сол деңгейде өнім берген.

– Бүгінгі күні Елбасы тапсырмасына орай егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдарға Үкімет барынша қолдау көрсетіп отыр. Соның шапағаты бізге де тиюде. “ҚазАгро” лизингіне “Вектор” мен “Нива” комбайнын және кеңалымды тіркемелі “Дон” жаткасын алдық. Орамашөп тайлағышымыз да бар. Қолдағы техниканың иеліктегі егінді жинап алуға қауқары толығымен жетеді, – дейді Өмірсерік Қозыбайұлы.

Серіктестіктің астық тазалайтын “ЗАВ-20” шағын механикалық қырманы және астық сақтайтын 3 қоймасы бар. Шаруашылықтың жемшөп базасы мен ағаш тілетін қондырғы орнатылған шеберханасы да сол жерде. Кең аумақтың негізгі бөлігін санитарлық өткізу қосыны бар мал фермасы алып жатыр.  

– Ата-баба дәстүрімен серіктестікте азын-аулақ жылқы, қой және ірі қара ұстайтынбыз. Олар жергілікті тұқымдардан құралған болатын және оларды шаруашылықтың мұқтажына жұмсайтынбыз. Мал басын асылдандыруға мүмкіншілігіміз болмады. Елбасының мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде етті малдың экспорттық әлеуетін арттыру жайындағы тапсырмасына орай мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бастағалы біздің де осы салаға бет-бұрыс жасауымызға тура келді. Соған байланысты өткен жылы тек мал өсірумен айналысатын жеке “Достық” шаруа қожалығын құрдық, – дейді агроқұрылым басшысы. Өмірсерік Қозыбайұлының айтуына қарағанда, өткен жылы қараша айының басында “Солтүстік” ӘКК қолдауымен берілген 20 млн. теңге қаражатқа Батыс Қазақстан облысынан Еділбай қойының 500 тоқтысын әкеліпті. Соған орай дайындық жұмыстарын жүргізіп, доға тәрізді жабыны бар қора, санитарлық өткізу және қолдан ұрықтандыру қосындарын іске қосқан болатын. Сол жылы қараша айында ҚР-ның сол кездегі вице премьер-министрі Қырымбек Көшербаев Қызылжар өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келгенде асылтұқымды қой шаруашылығын жаңада ғана қолға алып жатқан қожалықтың жұмысы назарға ұсынылғанын тілшілер қауымы да өз көздерімен көрген. Сонда көздің жауын алатындай қазақы құйрықты қойлар салмағына қарай бөлек күтіліп жатқаны, қолдан ұрықтандыру қосынының жұмысы арнайы көрсетілген. Содан бері қотанға жүз шақты қозы қосылыпты. Қой фермасының репродуктор шаруашылық деген мәртебесі бар.

– Биыл қойларға арнайы қора жабдықтап отырмыз. Ол 1000 басқа шақталған. Біздің алғашқы межеміз де – осы. Өткен жылы салған қораны басқа мақсатқа пайдаланамыз. Ол Шопаната тұқымына қолайлы болмай шықты. Ішкі қабырғалары үнемі суланып тұратындықтан, қой жүніне зиянды. Алдағы жазда қой қырқуға алғаш рет кірісетін боламыз. Облысымызда жүн, тері жинаумен айналысатын дайындау мекемесі немесе осы жұмыспен арнайы айналысатын кәсіпкерлер болса деп тілейміз. Қойдың осындай қажетті өнімдері қазіргідей құнсыз болмаса, пайдаға асса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді білікті маман.

Шаруа қожалығы ірі қара өсіруге де басымдық беріп отыр. Бүгінгі күні онда 400 бас ірі қара күтіп-бағылуда, оның 50 пайызы – етті бағыттағы ақбас мұқыл сиырлар.

– “ҚазАгро” қолдауымен берілген 50 млн. теңгеге 250 бас асылтұқымды тайынша сатып алдық. Тайыншалар өзіміздің аудандағы “Шегелев” ШҚ-дан, асылтұқымды бұқалар “Заградовское” ЖШС-дан әкелінді. Күні бүгінге дейін 100 сиырдан 85 бұзау алынды. Шарт бойынша өзіміздің қотанда дүниеге келген 350-360 килограмдық төрт бұқаны 350 мың теңгеден саттық. Жүз шақты сауын сиырымыз бар. Бізге бүгін күн сайын ақша түсіріп отырған – осы сауын сиыр фермасы, – дейді шаруашылық басшысы. Қожалық сүт өткізу үшін Сергеевка май зауытымен шартқа отырыпты. Зауыт мал фермасына сүт салқындататын қондырғы орнатып, сауылған сүтті алып кетуді өз мойындарына алған көрінеді. Бір литр сүт 50 теңгеге бағаланатын көрінеді. Мал фермасында еңбек ететін 6 адам осы өнген өнімге қарай жалақы алады.

Шаруашылықтың 600 гектар жайылымдық, 500 гектар шабындық жері бар. Мал саны көбейе түскен сайын жайылымдық жердің аздық ете бастағанын баса айтады агроқұрылым басшысы.

– 400 тоннадай орамашөп әзірлеп, үйіп алдық. Серіктестікте тұрақты жұмыс істейтін 7 механизаторымыз бар. Маусымдық науқандарға қосымша жұмыс күшін тартамыз. Қой және етті ірі қара өсіретін реппродуктор шаруашылық болған соң әлі шешімін күткен мәселелер жетерлік. Жем-шөп қорын түрлендіру де қажет. Алдағы уақытта осы жағына баса назар аударғымыз келеді. Өйткені заман талабы солай, – деді бізбен қоштасып жатып агроқұрылым басшысы Өмірсерік Қозыбаев.

СУРЕТТЕ: (сол жақтан екінші) шаруашылық басшысы Өмірсерік Қозыбаев қарамағындағыларға міндеттер жүктеуде.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp