«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІТІМГЕРШІЛІК — БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ДӘСТҮРІ немесе медиацияның маңызын түсіне алдық па?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кез келген заң, ең алдымен, азаматтардың мүддесін қорғап, құқығын сақтау үшін шығарылады. Осыдан екі жыл бұрын енгізілген Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңы да халыққа қызмет етіп, дауды сотқа жеткізбей шешуді мақсат еткен еді. Алайда, біздің өңірде заңды жүзеге асыру мәселесі кемшін қалып тұр. Аталған бағытта жұмыс істеуге кіріскен екі ұйым болса, оның біреуі жақында жабылып, екіншісі мемлекеттік органдардың қолдауына зәру болып отыр.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Заң қабылданған жылы құрылған “Солтүстік Қазақстан облысының медиаторлар қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Александр Шпигоцкий медиаторларды даярлау, оқушылар арасындағы дауларды бітімгершілік жолмен шешу бағытында бірқатар істерді қолға алған болатын. Атқарылған істерінің нәтижесін білу мақсатында Александр Шпигоцкийге хабарласқанымызда, ол қоғамдық бірлестіктің енді жұмыс істемейтінін айтып, себебін түсіндіруден бас тартты. Бүгінде бұл бағытта еңбек етіп жатқан жалғыз орталық – “Содружество” Солтүстік Қазақстан Медиация және құқық орталығы” қоғамдық бірлестігіне барып, өңірдегі медиация үдерісінің мән-жайына қанық болдық. Орталық төрайымы, жаттықтырушы медиатор Галина Пехотина медиация заңы азаматтық қоғамның, демократияның және өркениеттіліктің негізі болуы керек деген пікірін айтып, әңгіме басын дау-дамайды бітімгершілікпен шешудің артықшылықтарынан бастады.

ДАУ МҰРАТЫ – БІТІМГЕРШІЛІК

– Дау туындаған кезде екі тарап көп жағдайда жаға жыртысып, бірін-бірі естімей жатады. Сондай уақытта бірден сотқа жүгінбей, үшінші тараптың көмегімен істің тігісін жатқызуда бітімгерлердің көмегі аса қажет. Алайда, медиацияның сотқа қарағанда бірқатар артықшылықтары бар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Ең бастысы, адамдардың уақыты, қаржысы үнемделеді және жүйкесі тозбайды. Сотқа жүгінген адамның жүйкесі жұқаратыны ешкімге де жасырын емес. Әрі медиация үдерісі сот сияқты ашық емес, құпия түрде жүргізіледі. Сот отырысы тараптардың бірінің еркінен тыс өткізілуі мүмкін, ал бітімгершілік тек ерікті түрде басталады. Сотта судья тағайындалса, бітімгер тараптың қалауымен таңдалады. Сот шешімді заңға сәйкес қабылдаса, бітімгершілік барысында шешім тараптардың мүддесін ескере отырып, бірақ заң аясында қабылданады. Сот барысы тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін, ал медиация жедел және бейресми түрде өтеді. Ең маңыздысы, сотта екі жақ сайысса, бұл жерде тараптар ынтымақтаса әрекет етеді де, көп жағдайда ортақ шешімге келіп жатады. Бітімгер шешім қабылдамайды. Ол тараптардың көңілінен шығатын шешімге әкелетін мақсаттар мен мүмкіндіктерді айқындайды. Егер бітімгер тараптардың бірін қолдайтыны анықталса, іс тоқтатылады. Кей жағдайда тараптар дауды шешкісі келеді, алайда қарсыласын көргісі келмейді. Сол кезде бітімгер екі арада жүріп, бірінің пікірін бұлтартпастан екіншісіне жеткізіп отыратын кездер де болады. Осындай келіссөздердің нәтижесінде тараптар кездесуге келісімдерін береді. Тағы да ескеретін жайт, медиацияда тараптар қорғаушыларымен бірге келуге құқылы. Алайда, қорғаушыға келіссөз барысына килігуге рұқсат берілмейді. Құқықтық кеңес қажет болғанда ғана үзіліс жарияланып, қорғаушымен сөйлесуге болады. Өйткені, медиатор заң бойынша құқықтық кеңес бере алмайды.

Бітімгершіліктің артықшылықтарына жан-жақты тоқталып өткен Галина Пехотина медиация тәсілі велосипедтің үшінші доңғалағы іспеттес екенін айтты. Мәселен, екі доңғалақты велосипедті теуіп үйренген кезде қос доңғалақ ирелеңдеп, ырқымызға көнбесе, үш доңғалақтысын бүлдіршін де тебе алатынын білеміз. Бітімгерлер де екі жаққа тартатын даугерлерді татуластырып, істің тиімді шешілуіне дәнекер болмақ. Үстіміздегі жылдың 11 наурызында құрылған орталықта еңбек етіп жатқан 11 кәсіби медиатор жеті айдың ішінде 37 медиативтік келісім жасаған. Оның 5-еуі қылмыстық істер болса, 4-еуі – азаматтық даулар. Ал 3 іс дайындалу үстінде.

БЕДЕЛДІ АЗАМАТ БІТІМГЕР БОЛА АЛАДЫ

Ағайын арасындағы дауды сыртқа шығармай, би-шешендерге жүгінуді жөн көрген бабалар дәстүрі енді жаңаша сипатта ортамызға оралуда. Десек те, тиісті құжаттың қабылданғанына екі жылдан астам уақыт өтсе де, медиация ісі өрге баспай тұр. Оның бір себебі – мамандар тапшылығы. Елімізде медиаторлардың ең көбі – Астана және Алматы қалаларында. Бас қалалардың әрқайсысында жүзден артық бітімгер болса, Солтүстік Қазақстан облысындағы медиаторлар саны 20-дай ғана.

Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында жақында “Халықаралық құқық қорғау орталығы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ақтау, Семей, Қызылорда және Петропавл қалаларында кәсіби медиаторларды даярлауға арналған тегін оқыту курстары өтіп, біздің өңірдегі кәсіби медиаторлар саны 16 маманмен толықты. Заң бойынша бітімгерлер бұл шаруамен кәсіби және кәсіби емес негізде шұғылдана алады. Жасы 40-қа толған беделді азаматтар бұл кәсіппен кәсіби емес негізде айналысуына болса, медиатордың жұмысын кәсіби негізде жүзеге асыру үшін адамның жоғары білімі, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу оқығанын растайтын сертификаты, кәсіби медиаторлар тізіліміне енгізілген және кем дегенде 25 жасқа толған болуы керек. Ал адамгершілік қасиеттеріне тоқталар болсақ, бітімгер парасатты, мәдениетті, білімді, ұшқыр ойлы, адал, байсалды азамат болғаны абзал.

ҚЫРЫН ҚАРАҒАНДАР ДА БАР

Қабылданған заңның арқасында дау-дамайды сотқа жетпей шешу арқылы сот жүктемесі де азаюы тиіс болатын. Алайда, өз ісін бітімгершілікпен шешкісі келетіндер қатары тым сирек. Медиацияның насихатталмауынан халық одан бейхабар. Осыған орай барлық құзыретті органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары заңды кеңінен насихаттауы керек еді. Алайда, насихаттамақ түгілі, медиация орталығын “дайын асқа тік қасық” көретіндер де бар болып шықты.

Орталық төрайымының айтуынша, адвокатура медиаторларды “тауып отырған нанымызға ортақтасты” деп айыптаса, жұмыстары ашылған істердің санымен бағаланатындықтан, полиция қызметкерлері тараптардың татуласып, істің қысқартылуына құлық таныта қоймайтын көрінеді.

– Бүгінде бізге сот және прокуратура жақсы қолдау көрсетіп отыр. Ал банктермен жұмыс істеуге деген талпынысымыздан түк шықпады. Бізге берген жауаптарында олар медиация заңы әлі жетілмеген деген пікірді алға тартуда. Қызметімізге жүгінушілердің аздығынан біз заңды жүзеге асыруда риясыз еңбек етіп келеміз. Сайтты жасауға ғана 100 мың теңгеден астам қаражат жұмсадық. Отырған кеңсе де өзіміздікі. Медиативтік келісімнен түсетін қаржының республика бойынша ең жоғары төлемі – 30 мың теңге. Медиаторлар еңбекақысыз күн көріп отыр деп айтсам да артық болмас. Сондықтан медиацияны жарнамалау мемлекеттің қолдауымен жүзеге асса, игі болар еді, – дейді жаттықтырушы медиатор.

37 жыл өмірін заң саласына арнаған Галина Пехотина келешекте медиация мемлекет тарапынан қолдау тауып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен үзеңгілесе, қарқынды дамып, ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғау мен дауларды шешудің сапасы жақсарып, мерзімі де қысқара беретін болады деген сенімін жеткізді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp