Бүгінгі таңда өз ісін дөңгелетіп, нәпақасын тауып, отбасысын асырап отырғандар саны күн санап көбейіп келеді. Өз жұмысының жемісін көріп отырған абзал азаматтардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Ержан Мұхамбетов.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ержан Нұржанұлы қолөнермен айналысуды жақында бастаған екен.
– Менің туып-өскен жерім – Аққайың ауданындағы Амангелді ауылы. Кішкентай кезімде отбасылық себептерге байланысты Қостанай облысына көшіп барғанымыз есімде. Бірақ ол жерде көп тұрған жоқпыз. Сөйтіп, араға бірер жыл салып, туған ауылға қайта оралудың сәті түсті. Жалпы мен облыс орталығында 2002 жылдан бері тұрып келемін. Бастапқы кезде түрлі жұмыс орындарында еңбек еттім. Дегенмен де, қолөнерге деген қызығушылығым бәрінен де басым түсіп, еңбектің осы жолына ден қойып отырған жайым бар. Ауыл баласына ағашпен жұмыс істеу таңсық емес қой. Сондықтан да бастаған ісімді бірден игеріп әкеттім. Қазір үйге қажетті үлкенді-кішілі заттарды жасаумен айналысамын. Негізгі бағытым – дөңгелек үстелдер істеу. Екі күн ішінде біреуін жасап шығуға мүмкіндігім бар. Үстелдің үлкендігіне қарай бағасын шамамен алғанда 10-12 мың теңгеден сатамын. Тапсырыс берушінің сұранысына қарай шағын орындықтар да жасаймын. Дөңгелек үстел – әр қазақтың отбасысына қажет зат қой. Сондықтан да сатып алушылардың саны күн санап артып келеді.
Әрине, өзіңе емес, өзгелерге дүние жасау – екі есе жауапты жұмыс. Сондықтан да ағаш өнерімен айналысатын адамдармен ақылдасып тұрамын. Және ғаламтор арқылы да көптеген мәліметтерге қол жеткізіп, өзімді толғандырған сұрақтарға жауап аламын. Үстелдерді әртүрлі етіп әдемілеп, бетіне қазақтың ою-өрнегін саламын. Кез келген нәрсе сияқты, бұл да шығармашылықты талап ететін жұмыс қой. Сондықтан да үстелдерді түрлендіріп, қолданыста қолайлы болуын қарастырамын. Мен үшін ең бастысы – сатып алушының көңілінен шыға білу. Бүгінде ерінбеген адам үшін еңбек етіп, күнделікті қаражатты табуға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалып отыр ғой. Осы орайда мен де келешекте жұмыс ауқымын кеңейту үшін жоспар жасап, ізденіс үстіндемін, – дейді ол.
“Ағасы бардың жағасы бар” дегендей, Ержанның інісі Темірлан да мектеп оқушысы болғанымен, керек кезінде ағасының қасынан табылып, өнердің қыр-сырын меңгеруден жалыққан емес. Арман-мақсаты бір бауырлардың ертеңгі күнге деген сенімі мол. Себебі, олардың басын біріктіріп отырған – татулық пен бірлік.
Отағасының өз ісімен айналысып жүргеніне зайыбы Нұржамалдың да көңілі толады.
– Қазір екі қолға бір жұмыс таба алмай отырған жастар аз емес. Осы ретте жұбайымның талаптанып, өз ісімен айналысып, отбасымызға кіріс келтіріп отырғаны мені, әрине, қуантады. Баласының еңбекпен айналысқанына анасы да риза. Еңбектене білсең, үйде береке орнайды екен. Бүгінде барлығымыз бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз. Әрқайсысымыз шамамыз келгенше жұмыс істеп, заман ағымынан қалмауға тырысып бағудамыз. Біздің осындай бірлігіміз күні ертең ортамызда өсіп келе жатқан қызымыз Зере үшін де үлгі болары анық, – дейді ол.
Иә, ер адамның жұмыс істегені ғанибет ғой. Сөздің шыны керек, бүгінде жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүрген “батырлар” да жоқ емес. Сынықты сылтау етіп, бар мәселені әйелінің мойнына арта салып, үйде жұмыссыз отырғандар қаншама?! Ондай масыл еркектерді көргенде көңіліңді мұң шалады. Себебі, қазір жұмыс жоқ емес, бар. Тек іздеу керек, үйрену керек. Сонда ғана бақ құсы басыңа қонады. Қиындыққа мойымай, еңбектену ер адамның мәртебесін көтереді. Сондықтан да сергелдеңге салынып, салы суға кетіп жүрген кейбір жандар біздің кейіпкерімізден үлгі алып, қолдан келген жұмысымен айналысса, құба-құп.
…Біз Ержанмен сөйлесіп отырғанда оның ұялы телефоны шыр етті. “Ренжімесеңіздер, жауап берейін” деген ол телефонын көтеріп, сөйлесе кетті. Әңгімелері аяқталған соң үстел үстіндегі қағаз бетіне керек нәрселерді жаза бастады. “Міне, сәті түсіп, жаңа ғана үстел жасауға тағы екі тапсырыс алдым. Енді тездету керек” , – деген ол асыға түсті.
СУРЕТТЕ: Ержан Мұхамбетов.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.